Аймақтар • 04 Мамыр, 2020

Тасқын судың тақсіреті

1526 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Иә, апат айтып келмейді. Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бұзылуы Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы бірқатар елді мекен тұрғындарын үрейлендіріп, әбігерге салды. Тосын оқиғаның салдарына газетіміздің кешегі нөмірінде кеңінен тоқталғанбыз. Бұл оқиға бүгінде бүкіл ел назарында және оған қатысты айтылып жатқан әңгіме де аз емес.

Тасқын судың тақсіреті

Инфографиканы жасаған: Амангелді Қияс, «ЕQ»

Үкіметтік комиссия құрылды

Кеш хабарландырғанын айтып, жергілікті билік пен арнайы қызметтегілерді кінәлаушылар да баршылық. Алғашқы сәтте жасалған әрекетке көңілі толмай, «былай істеу керек еді» деген мағынада кеңес берушілер де табылуда. Осындай қауіпті де қорқынышты оқиғада өзін «көсем» етіп көрсеткісі, әлеуметтік желі арқылы беделі мен танымалдылығын арттырғысы келгендердің де барын айтушылар жетерлік. Қалай болғанда да осы тосын апат алдағы уақытта жан-жақты сараланып, қорытынды жасалары және одан тиісті сабақ алынары анық. Осындай қиын сәтте халық ынтымағы жарасқан, бірлігі бекем ел екенін дәлелдеді.

Көрші Өзбекстан елінің бұл оқиғаға қатысты әрекеті мен нақты ісіне баға бере алмайтынымыз анық. Бұл орайда екі мемлекет басшылары үнемі байланыста болып, жағдайды бақылауында ұстап отырғаны мәлім. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен «Қазсушар» мекемесінің жауапты мамандары Мақтаарал ауданындағы су тасқыны мәселесін реттеу бойынша Өзбекстан Республикасының Сырдария облысына аттанды. Қазақстаннан тасқын суды тоқтату бойынша барған топ тиісті министрлік өкілдерімен кездесіп, келіссөздер жүргізеді. Яғни су босату жұмыстары алдағы уақытта бір жүйеге келтіріледі. Сонымен қатар Премьер-Министр Асқар Маминнің Өкімімен Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы елді мекендерді су басу салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды. Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр төрағалық ететін комиссия алдына келтірілген залалды бағалау және су басу салдарын жою, инженерлік, көліктік, әлеуметтік инфрақұрылымды, тұрғын үйлерді қалпына келтіру, сондай-ақ зардап шеккен тұрғындарға әлеуметтік қолдау көрсету міндеттері қойылды.

1

Тұрғындар қазір жылы сөзге зәру

Жоғарыда айтып өткеніміздей, мақтааралдық кейбір тұрғындар апат жайында алдын ала ескертілмегенін айтып, әлеуметтік желілерде шағымын жария етті. «Өзбекстан су қоймасын біреулер қасақана бұзыпты. Жергілікті билік төтенше жағдайдың туындайтынын біле тұра, әрекетсіз отырды. Су тасқыны болатынын ескертпеді. Неге алдын ала айтпайды?» деген сыңайлы пікірлер әлеуметтік желілерде жазылды. Иә, көрші елдегі су қоймасының бұзылатынын жергілікті биліктің алдын ала білмеуі заңды жайт. Жергілікті әкімдік те қызыл судың көп алқапқа жайылуына Өзбекстан тарапының апат жайлы дер кезінде ескертпеуі себеп болғанын мәлімдеп отыр. «Өзбекстанның билік өкілдері ресми түрде хабарласып, қалыптасқан жағдай туралы бізге айтпады. Бөгеттің бұзылғандығы жөнінде әлеуметтік желіден білдік», деді Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов.

Жұртты сабырға, дүрлікпеуге шақырған жергілікті биліктің тұрғындарды бірден көшіруге кіріспегенін, көпшіліктің өзі ауылдан қаша бастағанын айтушылар бар. Бұл орайда жедел штаб құрылып, алғашқы сәттен-ақ тынбай жұмыс жүргізіліп жатқанын айта кетелік. Өз үйін өлең төсегін, пәлен жыл тер төгіп, тұрғызған баспанасын, табанақы, маңдай терімен жинаған мал-мүлкін далаға тастап кеткісі келмеген тұрғындарды да түсінуге болады. Түнделетіп өз күштерімен қауіпсіз жерге көшіп кеткен тұрғындардың кейбірі үй жиһаздарын шығарып үлгерген. Кейбірі құжаттарын да ала алмай қалған. Осындай жайттарды айтып эмоцияға беріле наразылығын білдірушілер жоқ емес. Оқиға орнына әкімдіктен ешкім келмегенін айтушылар да бар. «Үш күннен бері неге су тоқтамайды? Жаны ашитын бір пенде таппай тұрмыз ғой. Не жазығы бар бұл жұрттың? 80 жасқа келдім. 11 бала тудым. Өсірдім, жеткіздім. Балаларымның бала-шағасы қалай күн көреді? Қаншама үй қирап жатыр?» дейді зейнеткер Дәмеш Қалдыбаева.

Мыңдаған адамға қызмет көрсету барысында кемшіліктер кездесуі мүмкін. Дегенмен, нақты көз жеткізбей, түрлі қауесет ақпар таратып, ел ішіне негізсіз дүрбелең салу, тұрғындарды үркіте беру азаматтыққа жатпасы, кімге болсын абырой әпермесі анық. Бұл орайда апат орын алған сәттен бастап аудан тұрғындарының қасында жүрген Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев мыңдаған адамға қызмет көрсету барысында кемшіліктер кездесуі мүмкін екенін айтады. «Түрлі проблемалар да туындауда. Дегенмен мемлекет барынша елді қорғауға, қауіпсіздігін сақтауға күш салып жатқанын мойындаған жөн. Қашанда жұртты сырттай сынау, мінеу оңай. Топан су тұтас елді әбігерге салып тұрған сәтте алыстан дәлелсіз ақпарат таратудан гөрі еріктілер қатарына қосылуды ұсынамыз. Мақтааралға келіп, қызмет етіп, патриот екенімізді көрсетейік», дейді Б.Тәжібаев.

Үйлеріне тезірек оралғысы келетін тұрғындардың көкейінде «Енді не болады, біз қайтеміз?» деген қарапайым сұрақтармен қатар ағын судың тоқтамауы себебіне, бағыты мен қарқынына, оның жолын бөгеуге қатысты сұрақтар да бары анық. «Судың деңгейі сәл төмен түсіпті. Су деңгейін төмендетудің бір жолы көрші елдегі көпірді ашу. Қазіргі таңда суды қашыру қажет. Бірақ қайда? Көпір ашылса су кетеді. Халық ертеңгі күніне де алаңдаулы. Ертең үйлеріне барып, жағдайды көрген соң көп дау туындауы да мүмкін. Сондықтан облыстық, республикалық, аудандық деңгейдегі билік өкілдері түсіндірме жұмыстарын кеңірек жүргізуге тиіс. Халыққа жақын болуы қажет, қазір олар жылы сөзге зәру. Сондай-ақ көрші елден суды біздің жаққа бұрып жатқандардың әрекеті түсірілген таспа да жария етілуде. Яғни бұл мәселе нақты зерттеліп, тиісті шешімдер қабылдануы керек деп ойлаймын», дейді Мақтаарал ауданының құрметті азаматы, жергілікті мәслихат депутаты Оразкүл Шылмырзаева.

Иә, түсіндірме жұмыстарын жүргізу, оқиға бойынша нақты ақпараттарды тез берудің маңызы зор. Әйтпегенде көпшіліктің «уатсапта» тараған бейнекөріністер мен сөздерге сеніп қалуы ғажап емес. Ал суды бұру мәселесі расында да зерттеуді қажет етеді. Көршілес елдің облыс басшылары су қоймасындағы су көлемін азайту үшін су бағанын Қазақстанға бұрып жібергені де айтылуда. Бұл орайда, Telegram арнасының хабарлауынша, Өзбекстан Бас прокуратурасы, ӨР Қылмыстық кодексінің 207-бап 1-бөлігі (лауазымдық немқұрайлылық) мен 258-бап 2-бөлімі «б» тармағы (тау-кен, құрылыс немесе жарылыс қаупі бар жұмыстардың қауіпсіздік қағидаларын бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғаған. Сонымен қатар тергеу жұмыстарын жүргізу Өзбекстан Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі органдарына жүктелген.

Су деңгейі төмендеп, 5 ауылда қауіп сейілді

Қазіргі жағдайды баяндай кетсек, ресми орындар су деңгейінің біршама төмендегенін мәлімдеуде. Мақтаарал ауданының 10 елді мекені қауіпті аймақта орналасқан. Оның 5-еуі, яғни Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас, Достық ауылдары су астында қалса, қалған 5 елді мекен облыс әкімдігі, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті, «ҚазСушар» және ауыл тұрғындарынан құралған еріктілердің көмегімен су басу қаупінен шығарылды. Соның ішінде атап өтетін стратегиялық маңызы зор 14 мыңнан астам халқы бар Мырзакент елді мекені қызыл су басудан аман қалды. Сөйтіп аудан орталығы Мырзакент тұрғындарының өз үйлеріне оралуына мүмкіндік туды. Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов Нұрлы жол елді мекені аумағында арнайы бөгет соғылғанын хабарлады. Фирдоуси елді мекенінен Мырзакентке қарай 3 коллектор орналастырылған. Сондай-ақ Өргебас елді мекенінің аумағында ұзындығы – 20, биіктігі 1 метр, Ырысты елді мекенінде биіктігі – 0,5, ұзындығы 40 метр, Жантақсай ауылының маңынан ұзындығы 800 метр болатын бөгеттер тұрғызылды. Ал көрші Жетісай ауданында Қоғалы ауылының автомобиль жолының бойында ұзындығы 500 метрден асатын бөгет салу арқылы нығайту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмысқа 649 адам, 15 дана техника жұмылдырылған.

Жалпы Мақтаарал ауданының су басқан елді мекендерінен 2 мамырдан бастап 31 606 адам көшірілген, соның 17 мыңнан астамы Мырзакент кенті мен Ақжол ауылының тұрғындары үйлеріне қайтарылуда. Эвакуациялық бекеттерге орналастырылған барлық азаматқа тиісті көмектер көрсетілуде. Жалпы 24 эвакуациялық бекетке жайғастырылған адамдардың денсаулығын бақылауға алу үшін 147 медицина қызметкері жұмылдырылған. Олар бекеттегі азаматтарға тәулік бойы қызмет көрсетуде. 4 мамыр күнгі ресми ақпарат бойынша 5 елді мекеннен жалпы саны 631 үй су астында қалды. Төтенше жағдай жөніндегі кезекті штаб отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев халыққа жан-жақты көмек беріп, тұрғындарға үлкен қолдау көрсету керектігін атап өткен болатын.

Тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырма берілді. Атап айтқанда, ең алдымен эвакуациялық пункттерге орналасқан халыққа әлеуметтік көмек көрсету және өтемақы төлеу үшін олардың мал саны, жылжымайтын мүлік, жеке бас құжаттарының мәліметтерін жинақтауды тапсырды. Екіншіден, апаттан зардап шеккен тұрғындарды азық-түлік және қажетті заттармен қамтамасыз етуге кәсіпкерлер мен қоғамдық қорларды тартуды ұсынды. Тұрғын үйлерге келтірілген залалдың мөлшерін есептеуді жүктеді. Кәсіпкерлік нысандарға келген залал мөлшерін анықтау міндеттелді. Бесіншіден, зақым келген автомобиль жолдары мен тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым объектілеріне келтірілген зиянның мөлшерін есептеуді қолға алу қажет. «Алтыншыдан, ауыл шаруашылығы алқаптары мен үй жануарларына келтірілген зиянның мөлшерін есептеп, жетінші тапсырма ретінде қауіп төніп тұрған елді мекендерді тасқын судан қорғау мақсатында бөгет жасау жұмыстарын жүргізу қажет», деді Өмірзақ Естайұлы.

Айта кетелік, апаттан құтқару жұмыстарына жалпы саны 986 адам, 4 қайық, 180 дана техника тартылған. Полиция тарапынан Жаңатұрмыс, Фирдоуси, Өргебас, Нұрлы жол, Иіржар, Т.Жайлыбаев ауылдарында 7 блок-бекет құрылды. Сондай-ақ 3115 ірі қара мал, 1101 ұсақ мал, 585 жылқы, 34 түйе Келес ауданы, Қызыләскер ауылына жеткізілген. Бұдан бөлек, 1797 ірі қара, 6029 ұсақ мал, 689 жылқы, 381 түйе, 165 шошқа Мақтаарал ауданындағы қауіпсіз жерге шығарылған. Облыстағы аудан, қалалар тұрғындары мен еліміздің өзге облыстары да су тасқынынан зардап шеккен ағайынға көмек қолын созып, гуманитарлық жәрдем жеткізуде. Мысалы, Жамбыл облысынан 30 тоннадан аса азық-түлік тиелген гуманитарлық көмек және Шымкент қаласынан авариялық-құтқару жұмыстарына жұмылдырылатын 30 арнайы көлік те Мақтаарал ауданына келді.

 

Түркістан облысы