Руханият • 05 Мамыр, 2020

Қабірі жетпіс жылдан кейін табылды

607 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына биыл 75 жыл толып отыр. Адамзат тарихындағы ең қасіретті соғыс бір ғана Кеңес Одағының өзінен 20 миллионнан аса адамның өмірін жал­мады. Қанды майданнан қайтпаған жауын­­герлердің көбінің артында балалары қалды. Сол балалардың бірі мен едім.

Қабірі жетпіс жылдан кейін табылды

­­Соғыс балалары… Әкеден ерте қалған олар тағдырдың тепе­рішін көріп, өмірде көп нәр­седен қағылды. Соғыс кезін­де бала­лығымыз ұрлан­ған біздің де қазір алдымыз сексенге келіп қалды.

Әкем Ғосмания Дүрмағам­бетов 1907 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Әжемнің ай­туынша, әкеміз ақылды, көп­тің қамын ойлаған, мейі­рімді де еңбекқор жан болған. Жас­тайынан еңбекке ерте араласып, соғыстың алдында Балқашмыс зауытында жұмыс істеген екен.

1941 жылы әкемді Қар­қара­лының әскери комис­сариа­тынан Отан қорғауға шақырғанда мен 2 жаста ғана болыппын. 9 жасар ағам Дәулетхан мен 5 жас­тағы апам Мағира үшеуміз анам Малғияның қолында қал­­дық. Анам соғысқа кеткен аза­мат­тардың орнына колхозға жұмыс­қа кіріп, балаларын асырау үшін көп жыл аянбай еңбек етті.

Ресей Федерациясы Қор­­ғаныс министрлігінің Бас архивінің ресми деректері бойынша әкем Ғосмания Дүрмағамбетов 57-армияның 156-шы атқыштар дивизиясының құра­мында соғысқан. 1942 жыл­дың қазан айына дейін үйіне хат жазып тұрған әкеміз сол жылдың 20 қазанында бірнеше айға созылған даңқты Сталинград тү­біндегі шайқаста ерлікпен қа­за тапты. Большие Чапурники ауы­­лының Бауырластар бейі­тін­де 57-ші армияның жауын­герлерімен бірге жерленген. Та­рих­тағы деректерге сүйенсек, әкем майданның ең қауіпті аумақ­тарының бірінде соғысқан екен.

Сталинградты бетке алған Германия мен оның одақтастары әскері қару-жарақтың барлық түрі­мен толық жарақталған. Ста­­линград шайқасы Екінші дүниежүзілік соғыстың барысында үлкен бетбұрыстың басталуына жол ашқан шайқас болды. Неміс-фашист әскерлерінің Сталинград түбіндегі жеңілісі неміс халқына моральдық жа­ғы­нан үлкен соққы болды. Сол Сталинградты қорғау үшін менің әкем де соңғы демі қалған­ша шайқасып, теңдесі жоқ ба­тыр­лық көрсеткен. Жауға қас­қайып қарсы тұрып, жеңісті жақын­датуға үлесін қосты.

Арада 70 жыл өткенде балаларым Назгүл мен Бақытты ертіп Волгоград облысы Боль­шие Чапурники ауылына, әкем­нің жерленген жеріне барып қайт­тым. Қабіріне туған жердің бір уыс топырағын салдық. Осы­лай­ша көптен бері ойымда жүр­ген үлкен бір шаруаны бітіріп, кө­ңілім жайланып қалды. Бар­ған жерімізде жылыұшырай қар­сы алған жергілікті халыққа, бе­йіт­­ке қарап, күтім жасап жүр­­­ген мектеп оқушыларына ри­за­­шы­­лығымызды білдірдік. Бо­ль­шие Чапурники ауылының Ұлы Жеңіс­тің 70 жылдығына орай ұйым­­дастырған соғыс арда­гер­лер­іне арналған парадына қа­тыс­тық.

Балаларым мен немере­ле­рімнің есінде соғыс даласынан қайтпай қалған әкемнің бейнесі ер­жү­рек жауынгер ретінде мәңгі қала­тынына сенемін. Бейбіт за­ман­ның орнауына үлкен үле­сін қос­қан майдангерлерді жас ұрпақ қа­шанда зор құрмет тұтып, естен шы­ғар­мауы керек. Бұл – бізге парыз.

 

Құрал ДҮРМАҒАНБЕТОВ

 

Қарағанды