Таным • 05 Мамыр, 2020

Майданда да, тылда да ерлік көрсетті

309 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Майдан даласында от кешіп те, тылда аянбай тер төгіп те Жеңіске үлкен үлесін қосқан әкеміз Абузәкір Жақияұлын әрдайым еске алып отырамыз.

Майданда да, тылда да ерлік көрсетті

Әкем 1925 жылы Семей облысы, Аягөз ауданы, Батпақ ауылында дүниеге келген. Аягөз қаласындағы №8 қазақ орта мек­тебін бітіре салысымен, 18 жасқа толар-толмастан соғысқа аттанып ке­тіп­ті. Комсомолға ертерек өтем деп екі-үш айды қос­тырып алса керек.

Ол өзінің естелігінде 1941 жы­­лы соғыс бастала салысымен шека­радағы алғашқы шайқастарға тап келгенін айтып отыратын. Сол тұста қару-жарақ жетпей, құр ат­тандап талай боздақ қыршын кет­кен екен. Тәртіп тым қатал болып, бір адым артқа шегінгендерді өзі­мі­з­дікілер-ақ атып тастаған оқи­ғалар болыпты.

Қанды майданда әкеміз бір аяғы ақсап, оң жақ иығынан жараланып, елге оралды. Елге келгеннен кейін де жаралы екеніне қарамай, еңбекке араласып кеткен. Ол кісі өле-өлгенше Сталинді ерекше қадір тұтып өтті. Төрімізде үлкен суреті ілініп тұратын.

Әкем Семей облысы Сергио­поль ауылына қарасты Батпақ ауылында есепші болып жұмыс­қа орналасады. Анамызбен үй­ленгені де қызық. Аягөздегі Ләз­­зәт апайының үйіне барып жү­ріп, Сейіт жездемнің немере қарындасымен танысады. Ол кезде жасының өтіп кеткеніне қарамай соғысқа жіберген әке­сінің орнына анам үйіне бас-көз болып, Аягөз депосында оқ құятын жерде жұмыс істеп жүреді. «Стахановшы» аталып, сыйлыққа көмір алып едім деп айтып отыратын. «Ол кезде қар қалың болатын. Таңертең Аягөзден шығып ат-шанамен Батпаққа зорға жеткенбіз. Той жасап, үйлендік. Сонда дастарқанда әр жерде шашылған құрттан басқа түк жоқ. Бірақ қазақша, орысша ән салып, би билеп таң атқанша тойладық. Керемет көңілді болып еді» дейтін.

«Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» деп ұрандатып жүріп тылдағы тапқан-таянған нәрселердің бәрін майданға жіберген. Өздері қырманда істесе де бір уыс бидайға зар болыпты. Соғыстан кейін әкемді Ақшатау ауылына қызметке жібереді.

Әкем домбыра, мандалин, балалайка, баянның құлағында ойнап, ән шығарып, ән салған. Соғыстан бұрын Алматыдан кісілер келіп, жер-жерді аралап, қазақтардың арасынан өнерлі балаларды іздеп, оқуға жинаған екен. Сол тізімнің ішінде менің әкем де, қарындасы Қайныкен де болыпты. Бірақ апам жібермей қойыпты. Әкем кейін «әй, сол кезде апам жіберсе ғой, бәрі басқаша болар ма еді» деп балалайкасын тартып-тартып жіберіп, еске алып отыратын. Осындай өнерлі әкем тірлікке келгенде де епті кісі болды. «Бір жалақыға телміріп отыратындарға таңғалам» дейтін. Қоңыртаудағы үйді де өзі салдырды. Жаз болса шөп шаптырып, үй жанында бақша салатын. Шағын ұстаханасы бар. Темірден түйін түйетін. Жоқтан бар жасап, бір темірмен екіншісін жалғап, өзіне керекті құрал-сайманды қолма-қол жасап алатын. Төрт түлік малды былай қойып, қоян, үйрек, қаз, ең аяғы арқардың жетім қалған қозысын да үйге әкеліп асырағаны есімде. Біздің бақшада жаз бойы картоп, сәбіз, қияр самсап тұратын. Бәрінің амалын табатын. Әлі күнге дейін сол кісінің еккен талдары үй жанында жайқалып тұр.

Ауылдағы ағайын әкемді Әу­кен деп атайтын. Қоңыртауға үй салып жатқанда кісілер «Жұрт үй­ді қалада салатын болса, Әукеш далада салады» деп күледі екен. Оларға әкем «Мен тау тағысымын, ешкім маған бұйырып сөйлей алмайды. Еш уақытта біреуге жау­таңдап, біреуге жалпақтап көр­ген жоқпын» дейтін. Расы­мен солай еді. Далада отырып қаладағылардың барлық жұмы­сын бітіріп беретін. Тәуел­сіз­дік алып, жұрт жан-жаққа кө­ше бастағанда да әкем сол Қо­ңыр­таудан қозғалмады. Ақса­қал­мен амандасамыз деп Сапар Байжанов, Жәнібек Кәрменов, Көпен Әмірбековтер арнайы келіп, Қоңыртауға атбасын тірейтін. Әкем «Қоңыртау – қасиетті жер. Тау-тасы тарихқа тұнып тұр. Барлық жерде жұт болып жатқанда Қоңыртау аман шығып отырған» дейтін. Расымен, Дулат Бабатайұлы жат­қан қасиетті топырақ, таңбалы тас­тармен көмкерілген Қоңыртау тарихы әлі де зерттелері анық.

Қазір қара шаңырақтың түті­нін түтетіп үлкен ағам Қуаныш ұл­дары Ұлан мен Асыланмен бірге сонда отыр. Әкемнің жолын қуған бауырым Қабыштың ұлы Алмас Абузакиров әскери полиция қызметкерлігінен зейнетке шыққан. Әлі күнге дейін жұрт ауылға әкем салып кеткен жол «Әукеннің жолымен» қатынайды.

 

Дариға ЖАҚИЯНОВА

 

Семей