Руханият • 05 Мамыр, 2020

«Даңқ» орденімен марапатталған

394 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сұрапыл соғыстың салған сергелдеңі жайында әр әулеттің өз естелігі бар. Менің әкем майдан даласында ерекше ерлігімен көзге түсіп, кеудесіне сол ерлігінің айғағындай медаль мен орден ілген. Елге келген соң да елеулі еңбек етіп, аз ғұмырында өнегелі өмірімен есте қалды.

«Даңқ» орденімен марапатталған

Бірмағамбет Байжанов 1922 жылы Ақтөбе облысы Шалқар қаласында дүниеге келген. Әкесі Байжан Данабеков сол кез­дегі саясаттың салқыны тиіп, 1937 жылы ұсталып, со­дан хабарсыз кеткен. Ше­ше­сі осы ауырт­палықтан кейін өмір­ден ерте озып­ты. Ал әкем нағашыларының қо­лын­да тәр­биеленіп, 20 жасында 1942 жы­лы сол жерден аудан­дық әске­ри бөлімінен әскер қата­рына шақырылып, соғысқа аттанды.

Әкемнің майданда болған кезіндегі құжаттары көшіп-қонып жүргенде жойылып кеткен. Үнемі сол құжаттарды тауып, әкем туралы мол мә­ліметке қанықсам деп ойлап жүретінмін. 2014 жылы интернет арқылы Ресей сайттарының бірінен әкем туралы маңызды құжаттарды таптым. Сол кездегі қуанышымда шек болмады, әкем тіріліп келгендей болды.

Соғыс кезіндегі әкемнің басынан өткен айтулы­ оқиға­лардың бірі былай болған екен: «Екінші атқыштар ротасының атқыш қызыл жауынгері Байжанов Бірмағамбет 1944 жылы 25-26 ақ­панда Ленинград облысы Порхов қаласы үшін шайқаста өзін Отан үшін батыл және жанқиярлық жауынгер ретінде көрсетті».

«1944 жылы 25 ақпан... Байжанов Бірмағамбет Заходы-Киевка кентіндегі шайқаста қазақтардан құралған взвод жауынгерлеріне командир бұй­­рығын орыс тілінен қазақ ті­лін­де аударып жеткізді. Осы­­лайша жеке айрықша ер­лі­гі­мен жауынгерлердің ал­ды­­на түсіп, оларды өз артынан ерт­ті».

Әкем осы шайқаста 6 неміс солдатының көзін жойыпты. Осы ерлігі үшін «За отвагу» меда­лімен марапатталған.

Бұған қоса әкем тағы бір ер­лігімен ерекшеленген екен: «Сержант Байжанов Бірмағамбет 1944 жылы 9 шілде Вуокси өзенін еңсеру кезінде көрсеткен ерлігі мен батылдығы – екінші рейспен зеңбіректерді тасымалдау ке­зінде аспаннан бомбылаудың салдарынан өзеннің ортасын­да қалып қойған паромды суда шебер бағыттаудың ар­қа­сында от аймағынан алып шық­ты және паромның оқ тиген тесік­терін ағаш жаңқаларымен бітеді. Нәтижесінде, жүк қарсы жағалауға уақтылы жеткізілді. Үш күн үздіксіз жұмыстың ар­қасында 39 рейс жасалды, біраз жауын­герлік техника, оқ-дәрі, жаяу әскер тасымалданды.­ Вуок­си өзенін еңсеру ке­зін­­де тапсырманы үздік орындағаны үшін, сонымен қатар көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін сержант Байжанов Бірмағамбет ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденіне лайықты деп танылып, марапатталды».

Осындай ерлігімен дара­лан­ған әкем соғыстан аман-есен елге оралып, 1949 жылы шаңы­рақ көтерді. Өмірге бес баласы келді. Сол тұста Шалқар ауда­нында мал ша­руа­шылығын өр­кен­детуге атсалысты, зоотехник болып қызмет атқарды.

Әкем соғыста үш рет жара­қат алған. Сол жарақат­тары асқы­нып, 1963 жылы ұзаққа созыл­ған аурудан қайтыс болады.

Жұбайы Қамаш Елемесова – тыл ардагері. Соғыс кезінде 13 жасынан бастап Арал қала­сының балық зауытында сұ­рып­таушы болып еңбек еткен. Әкеміз қайтқаннан кейін бір ұл, төрт қызын тәрбиелеп өсірді. Шалқар ауданаралық базада койма меңгерушісі болып, сол жерден зейнетке шықты. Өмірдің соңына дейін Шалқар қаласында тұрып, 2015 жылы өмірден озды.

Қанды қасапты көрген, 41 жыл өмір сүрген соғыс арда­гері әкем туралы өзім бі­летін мағлұмат – осы. Оның май­данның алғы шебінде жүріп көр­сеткен өжеттігі, елге оралған соң ауданның мал шаруашылығын өркендетуге қосқан үлесі – ар­тындағы ұрпағына үлкен өнеге.

 

Қалаужан БАЙЖАНОВА

 

Нұр-Сұлтан