Тарих • 05 Мамыр, 2020

Бесқаладан шыққан батырлар

4050 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғыс – адамзат та­ри­хындағы ең сұрапыл соғыс болды. Егер адамзат өзінің болашағын сақтап қалғысы келсе, өткен күнге көз тастап, қо­ры­тынды шығаруы тиіс. Демек, неміс фашистері бас­таған алапат қырғында құр­бан болғандарды ұмы­туға хақымыз жоқ.

Бесқаладан шыққан батырлар

Іният Наурызбаев

Фашизммен күресте Қазақ­станның, қазақ халқының елеулі үлесі бар. 1939 жылғы санақта 6 миллионнан асқан республика халқының 1 миллион 200 мыңы соғысқа қатысты. 3500-ден аса қа­зақ партизандар қатарында болды. 589 мың өреніміз соғыста қаза тапты. 500-дің о жақ, бұ жа­ғындағы Қазақстан тумасы батыр атағын алған. Сондай-ақ соғысқа өзге одақтас республикалардан барған қазақтар да ерлік көрсетіп, даңқы шықты.

Қандастарымыз көп шоғыр­ланған  Бесқала жерінен де  (Бес­қала – Хорезм ойпатындағы 5 қала, тарихи деректерде­ қа­зіргі Қара­қалпақстанды қазақ­тар солай атаған) бірнеше батыр шыққан. Соның бірі, ұлты өзбек болып жазылып жүрген Іният Наурызбаев (Иноят Наврузбаев, Имат Нау­рызбаев) туралы «Егемен Қазақ­станда» (2015 жылғы 4 наурыз) «104-ші қаһарман немесе Бес­қаладан шыққан батыр туралы бірер сөз» атты мақала жа­рия­лап, бұл батырдың қазақ еке­нін дәлелдеген болатынбыз. Сондықтан қазір оның өмір­баянын қайталауды жөн көр­медік. Дегенмен соңғы кезде кей­бір бесқалалық батырлар өмір­баяндарын бұрмалаушылар көбейгендіктен құжаттағы дерек­терді алға тартып, олар туралы шындықты Жеңістің 75 жылдығы тұсында айта кетудің артығы болмас деп ойлаймыз.

Мақаш Балмағамбетов 1914 жылы қазіргі Қараөзек ауданының 6-ауылы аймағында дү­ниеге келген. Бастауыш мек­тепті аяқтап, Ахунбабаев атындағы ұжымшарда 1932 жылдан 1938 жылға дейін есепші, одан кейін кіші техник болып істейді. 1943 жылы қыста Қараөзек аудан­дық әскери комиссариатынан май­данға аттанған. Сол жылдың нау­рыз айынан бас­тап 72-дивизия құрамында со­ғысқа араласады. Бірде жараланып, гос­пи­тальда емделгеннен соң Қа­зақстанда құрылған 73-гвардияшы Сталинград атқыштар ди­визиясы құрамына өтеді. Ол өзі­нің батырлығымен танылып, екі рет Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталады.

1

                                                      Мақаш Балмағамбетов

1943 жылдың 25 қыркүйегінде сержант Мақаш Балмағамбетов қыз­мет еткен рота Днепрге жет­ті. Түн қараңғы болатын. Жел­дің екпіні де күшейе түскен. Балық­шылардың екі қайығын тауып алған Мақаш өз бөлімшесімен бі­рінші болып өзеннен өте бас­тады. Қатты желдің салдарынан ес­кі қайық Днепр толқындарында ойнақшып, жау оғы үстерінен зуыл­дап өтіп жатқанына қа­ра­мастан ержүрек командир Мақаш Бал­ма­ғамбетов бастаған гвардия­шылар алға жылжи берді. Бірақ өзен­­нің оң жағалауына өту гвар­дияшылардың үшеуіне-ақ бұйыр­ды. Пулеметпен қаруланған олар Дне­пропетровск облысының Боро­даевка селосының жанында бірден ұрысқа кірісіп кетті. Үдей түскен шабуылдарға тойта­рыс бере отырып, үш жауынгер жаудың назарын өздеріне аударып, барлық бөлімшенің өзеннен өтуін қамтамасыз ет­ті. Алайда бұларды жағаға қа­рай ығыстыру үшін жау автоматшылары іске кірісті. Бір күн ішінде Балмағамбетов бө­лімшесі жаудың үш қарсы шабуылына тойтарыс беріп, кешке қарай оның өзі тірі қалған жауынгерлерді шабуылға бастап шықты. Бородаевка селосының шетіне басып кірген Мақаш Бал­мағамбетов жекпе-жек айқаста бірнеше солдат пен бір офицерді жайратып салды.

Келесі күні дұшпан бірнеше рет шабуылдады. Бірақ оларға тойтарыс берген Балмағамбетов бөлімшесі 20-дан астам фашисті жойып, өздерінің ротасы келгенше қорғаныс шебін ұстап тұрды. Ал 28 қыркүйекке қараған түні жауынгерлеріміздің алға жылжуына кедергі келтіріп тұр­ған селодағы жау автоматшылары бекініп алған үйге асқан ептілікпен жақындап келген Ма­қаш оның терезесінен танкіге қарсы пайдаланатын гранатты лақтырып, жаудың атыс ұясын жойды. Бұл жайт бөлімшенің алға жылжуына мүмкіндік берді. Сондай-ақ 7 қазанда Боро­даевка маңындағы шайқаста Бал­мағамбетов бөлім­шесі ротадан бөлініп қалды, сонда да бекінген шептерінен кетпей, дұшпанның қорғанысты бұ­зып өтуіне жол берген жоқ. Күні бойы бөлімше командирі Мақаш Балмағамбетов өзінің жауынгерлерімен алты қарсы шабуылға тойтарыс беріп, 30-дай жау әскерін жайратып салды.

Ержүрек сержанттың осы жолғы шайқаста көрсеткен ерлігі еленіп, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 22 ақпандағы қаулысымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ол соғыстан аман-есен елге оралып, Нөкіс қаласында еңбек етті. 1977 жылы 29 қыркүйекте өмір­ден өтті. Батырдың есімі ұмы­тылған жоқ. Атап айтқанда, Нөкіс қаласындағы Жеңіс аллея­сында ескерт­кіш орнатылып, өзі дүниеге келген Қараөзек ауданындағы мектептердің бірі Мақаш Бал­мағамбетов атымен аталады.

Плис (Біліс) Нұрпейісов 1919 жылы Төрткүл ауданында дүниеге келген. Төрткүлдегі екі жылдық мұғалімдер даярлайтын институттың физика-математика факультетін бітіріп, Тақтакөпір ауданында мұғалім боп қызмет істеген. Әскерге 1940 жылы Тақтакөпір аудандық әскери комиссариатынан шақырылған Нұрпейісов Мелитопольск әскери авиация училищесін бітіріп, 2-Беларусь майданының 4-әуе армиясы, 47-гвардиялық арнайы авиациялық барлау полкінде ұшқыш-барлаушы болады.

2

                                                            Біліс Нұрпейісов

Аға лейтенант Плис Нұр­пейісов жаудың 73 қала мен портын, 148 аэродромын анық­тап, суретке түсірген. Әуеде дұш­панның 3 мыңнан аса ұшағының тұрған жерін тапқан. 1944 жылдың 10 нау­рызынан 1945 жылдың 1 сәуіріне дейін 106 рет ұшып, соның 100-ін­­де тапсырманы ойдағыдай орын­даған. 10 рет Берлинді барлау үшін әуеге көтерілген. ПЕ-2, ТУ-2 ұшақтарымен ауа райы­ның қолайсыздығына қара­мастан ұшып, өз міндетін абыроймен атқара білген. 1944 жыл­дың 21 шілдесінде 17 рет әуеге көте­ріліп, тапсырманы сәтті орын­дағаны үшін, 15 тамызда 14 рет әуеге көтеріліп, жау ны­сан­дарын анықтағаны үшін Қызыл Жұлдыз, 1944 жылдың 12 жел­тоқсанында 19 рет әуеге көте­ріліп, дұшпанның нысандары туралы аса құнды ақпарат бергені үшін І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған.

Ол екі рет Березин және Друть өзендері маңындағы бекіністерді суретке түсіру үшін арнайы тапсырмамен ұшқанда 10 рет күшті атқылауға ұшырап, 5 рет жаудың жойғыш ұшақтары ізіне түскеніне қарамастан одан аман құтылып, командованиеге аса маңызды деректер жеткізді. Осы екі тапсырманы орындау барысында ол жау қолындағы аймақтың үстінде 56 сағат ұшып, 16 мың шақырым қашықтықты көктеп өткен болатын. Сондай маңызды тапсырмаларды орындау барысында, 1945 жылы 23 сәуірінде кезекті рет аспанға көтерілді. Алайда ол бұл жолы оралмады. Ерлікпен қаза тапқан соң оған 1945 жылдың 18 тамызында Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Бір кездері Плис Нұрпейісовтің өзі алғашқы қарлығашы бол­ған оқу орны бүгінде Әжінияз атын­дағы Қарақалпақ мемле­кеттік педагогикалық инсти­ту­тына айналған. Онда ба­тыр­ға мемориалдық тақта орна­тылған. Жеңіс аллеясына ескерт­кіші қо­йыл­ған. Тақтакөпір ауда­нын­дағы орта мектептердің бі­рі­ ­Плис Нұрпейісов есімімен ата­­­­лады. Ресейдің 47-барлау­шы­ әуе полкінің бір ұшағы – СУ-24МР, Калининградтағы бір кө­ше батыр атында. 1954 жы­лы қа­рақалпақстандық қазақ қалам­гері Аман Оразовтың қаһарман өмі­­рінен сыр шертетін «Ауыр күн­дерде» атты деректі кітабы басылып шықты.

Жұман Қарақұлов 1921 жылы қазіргі Шымбай ауданы ай­мағында туған. 1942 жылы 17 ақпанда ол Солтүстік Кавказ майданына келіп, Қызыл тулы гвардиялық 128-Түркістан тау атқыштары дивизиясының 327-гвардиялық тау атқыштары Севастополь полкіне автоматшылар ротасының қатардағы жауынгері болып қа­был­данды.

3

                                                             Жұман Қарақұлов

Карпат-Дукл операциясы со­ғыс тарихында үлкен маңызға ие. 4-Украина майданы әскерлері мен Чехословак армиясының корпусы 1944 жылғы қазан айы­ның басында Карпат-Дукл операциясын жүзеге асыра отырып, Карпат тауларынан асып, Дукл асуын алды да, 6 қазанда Чехословакия аймағына өтті. Кеңес әскерлері мен чехословак корпусының шабуылы өте ауыр жағдайда, 7 қазанда қайта бас­талып, бірнеше күнге созылды. 1944 жылғы 17 қазанда Звала елді мекені аймағындағы 762-биіктік қолдан-қолға көшті. Биіктіктегі шепті алу қиынға соқты, немістер жаудырған оқ шабуыл жасаушыларды кейін ығыстыра берді. Осы шабуылдардың бірінде рота биіктік бөктерінен өте берген кезде Жұман Қарақұлов жауын­гер Романовский екеуі алға суы­рылып шығып, неміс траншеясын басып алды. Олар осы траншеяны дұшпан шабуылынан үш сағат бойы қорғады. Бі­рақ бөлімше траншеяға өте ал­мады. Сондықтан оларға кейін қайтуға бұйрық берілді. 18 қазанда рота жаңа шабуылға көшкенде Жұман тағы да алға шықты. Неміс бекі­нісінің алдыңғы қатарындағы окопты басып алып, күші басым жаумен тағы да бірнеше сағат бойы ұрыс жүргізді. Алайда рота оның бұл жолғы әрекетін де ілгері жылжу үшін пайдала­на алмады. Жұман тағы да кейін қайтуға мәжбүр болды. Ақыры рота үшінші рет шабуылға шық­қан кезде қатардағы гвардия­шылар Қарақұлов пен Сар­­­ки­сь­я­­нов жау траншеясына басып кіріп, автоматтарынан оқ жау­дырып, ротаның ілгері басуын­ қамтамасыз етті. Күтпеген жер­­­ден жаудың бір бүйірдегі пу­ле­метінен оқ жауды. Жұман Қарақұлов қолына гранат алып, атыс ұясына қарай тура ұмтылды да, оны кеудесімен жауып, гранатты лақтырып үлгерді. Соның арқасында бөлімшенің шабуылдауына жол ашылды.

Жұман Қарақұлов Звала ел­ді мекенінің солтүстік-батыс жа­ғына жерленген. Қазір бұл жер Словакия Республикасы, Перешовский өлкесі, Снина ауда­нына тиесілі. Чехословакия жерінде өшпес ерлік көрсеткен өжет ұлға 1945 жылдың 24 наурызында Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Қарақалпақстан Респуб­ликасы Шымбай ауда­нындағы мектеп пен бір­ көше Жұман Қара­құлов есімімен аталады. Нөкіс қала­сындағы Жеңіс аллеясында ба­тырға ескерткіш орнатылған.

Жұмағали Қалдықараев 1922 жылы Иванжап деген жерде, қазіргі Хожелі ауданы Кәтеп ауылының аймағында дүниеге келген. Сол ауылдағы Тарас Шевченко атындағы мектепте 4-сыныптық білім алған. 1938 жылы отбасы Түрікменстанның Ташауыз облысы, Калинин ауданы, Киров ұжымшарына көш­кендіктен, сол жақта қыс­қа курсты оқып, тракторшы ма­ман­дығын игереді. Соғыс бас­талғаннан кейін өз ауданынан әскерге бөлінген жылқыны айдап Шаржау қаласына барып, үйіне оралмастан ерікті түрде майданға аттанған. Гвардиялық 7-атты әскер корпусының 7-диви­зиясының құрамында Орел, Курск, Белгород, Харьков үшін болған шайқастарға қатысқан. Әсіресе Днепрден кешіп өту кезінде ерекше белсенділік танытқан. 1943 жылғы тамыз айы мен қыркүйектің бірінші жартысында соғыса жүріп, 200-300 шақырымға дейін жол жүрген Далалық майдан әскерлері өзен­нен өтуге қызу әзірленді. Май­дан құрамалары өзенге жа­қындаған сайын командирлер өзеннен өтетін жерлерді белгіледі әрі Ворскла, Орел арқылы өткел құралдарын топтастыру шаралары жүргізілді. Әскерлер жауды қуа отырып, қажетті заттардың бәрін өздерімен бірге ала жүрді. Жұмағали Қалдықараев ұрымтал тұста аса тапқырлық көрсетті. Арғы бетке тұтқиылдан өту же­ңіске жетудің басты шарты екенін ол жақсы түсінді. Сон­дықтан 26 қыркүйектің кешінде дивизия жағаға жеткен кезде танкіге қарсы ататын қарудың үш расчетымен бірге жолда басталған сал жасау жұмысын бітірді де, жаудың бораған зеңбірек оғының астымен өзеннен өте бастады. Өзен ортасында жау снаряды жарылып, сал қирады. Бірақ Жұмағали сасқан жоқ. Қару-жарағын түгел асынған ол қалған жауынгерлерді соңынан ертіп жүзе жөнелді. Оң жағалауға жүзіп жеткен соң жауынгерлермен бірге дереу шабуылға шықты. Жау траншеяларына гранат лақтырып, қолайлы шепті тартып алды. Дұшпанның мықты бекінісіне тұтқиылдан жасалған осы батыл шабуылда Қалдықараевтың өзі 8 фашистің көзін жойды.

4

                                                             Жұмағали Қалдықараев

Днепрден өтерде көрсеткен ерлігі үшін 1944 жылы 15 қаңтарда Жұмағали Қалдықараевқа Ке­ңес Одағының Батыры атағы берілді. Алайда сол жылдың 25 қаңтарында Мозырь қаласы үшін болған ауыр шайқаста қаза тауып, «Алтын Жұлдызды» кеудесіне тағып үлгермеді.

1967 жылы батырдың Хожелі ауданында тұратын ағасы Қуан­ғали Белоруссияның Мозырь қаласына барып, інісінің есімі сондағы көшеге берілу шарасына қатысты. Шейіт кеткен боздақтың қабірінен топырақ әкеліп, анасы Мәриямға, сол жылы ҚҚАКСР Министрлер Кеңесінің 337-қаулысымен Жұмағали Қалдықараев аты берілген Хожелі ауданындағы 32-мектеп ұжымына табыстады. 1975 жылы ескерткіш тақта орнатылды. Мұражайдың іргетасы да сол жылы қаланған. Нөкістегі Жеңіс аллеясында батырдың ескерткіші бар.

Солайша, І.Наурызбаев, М.Бал­мағамбетов, Б.Нұрпейісов, Ж. Қарақұлов, Ж.Қалдықараевтар «Кеңес Одағының Батыры» атағын алса, солармен бірдей ерлік көрсеткен тағы бір қазақ – «Даңқ» орденінің толық кавалері Әлімбай Аманбаев еді. Ол 1922 жылы 23 қазанда Түрікмен КСР-і, Ташауыз облысы, Көне Үргеніш ауданының Көне Үргеніш ауылында дүниеге келген. Орта мектепте білім алған соң «Искра» колхозында есепші болып істеді. Алайда аяқ астынан басталған Екінші дүниежүзілік соғыс − қатарластары сияқты Әлімбайдың да арман-мұра­тын басқа арнаға бұрып жі­берді. Ерікті түрде әскери комиссариатқа барған оның өтініші қанағаттандырылып, 1941 жылдың желтоқсан айында әскер қатарына алынды. 1942 жылдың сәуіріне дейін Шаржоу қаласында әскери дайын­дықтан өтті. Сөйтіп ол осында жасақталып жатқан №3 түрікмен ұлттық кавалерия дивизиясының құрамына кірді. Дивизия мұнан соң Ново­черкасск қаласына жіберіліп, полк­тің артиллеристер дайындайтын мектебінде мамандандырылды. Гвардия сержанты шенін алған Әлімбай Аманбаев 1942 жылы 2-Беларусь майданы, 48-армия, 15-жеке танкіге қарсы ар­тиллериялық-жойғыш брига­дасының 101-гвардиялық полкі құра­мында соғысқа кірісті. Ол зеңбірек командирі ретінде көптеген шайқаста шешуші рөл атқарды. 1944 жылдың қоңыр күзінде немістерді Польша же­рінен тазарту операциясы жүріп жатқан-ды. 10-15 қазан күн­дері Макув қаласының (қа­зіргі Макув-Мазовецки қала­сы) оңтүстік шы­ғысындағы Лесьн-Хылин елді мекенін азат ету үшін шайқасуға тура келді. Ә.Аманбаев қарсы шабуылдарда ерекше көзге түсіп, жаудың 2 танкі мен 2 пулеметін жо­йып, қаруластарына жол аш­ты. Дәл осы ерлігі үшін оған 1944 жылдың 23 қарашасында ІІІ дәре­желі «Даңқ» ордені (№ 303906) берілді. 1945 жылдың 26 қаң­тарында 2-Беларусь майданының 3-кавалериялық корпусы сапында Шығыс Пруссиядағы Вартенбург (қазіргі Польшаның Барчево қа­ласы) қаласына шабуыл барысында жаудың 6 пу­леметінің үнін өшіріп, танкісін өр­теп жібереді. 2 ақпан күні де мұның бораған снарядтардың себебінен жау танктері қорғаныс шебін бұзып өте алмай, орасан зор шығынға батады. Оның ерлігін ескерген әскери басшылық 1945 жылдың 16 сәуірінде ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен (№ 5804) марапаттайды.

4

                                                                  Әлімбай Аманбаев

Кейін бригадасы мен полкі өз реттік нөмірлерін сақтап 70-ар­­мияның құрамына өткен Ә.Аманбаев 1945 жылдың 20 сәуі­­рінде Германияның Гри­фин­­хаген қаласы маңында (қазіргі Поль­шаның Грыфино қа­ласы) Әлімбай Аманбаев өз зеңбірегімен немістердің 2 пу­леметін істен шығарып, 15­ әскерін жайратып салды. Сөйтіп атқыштар бөлім­шесі­нің Одер өзенін кесіп өтуіне жағ­дай жасады. Плацдармды ке­ңейту барысында 21 сәуір күні қа­руластарымен бірге жаудың 3 пу­леметі мен бір взвод әскерін, 24 сәуірде жеке өзі 2 пулемет пен 10 әскерді жойды. Осындай жан­қиярлық батырлығы үшін 1945 жылдың 2 маусымында оған ІІ дәре­желі «Даңқ» ордені тағы бір рет берілді.

Соғыс кезінде Әлімбайдың от­басы Қарақалпақстанға қоныс аударған еді. Сондықтан ол 1946 жылы Нөкіс қаласына келіп, көп уақыт өтпей №166 құрылыс бас­қармасына жүргізуші болып жұмысқа орналасты. 1948-1952 жылдары ішкі істер саласында қызмет етті. Бірақ соңынан №166 құрылыс басқармасына қайта оралып, экспедитор болды. Зейнетке шыққанша осы мекемеде еңбек етіп, инженер лауазымына дейін көтерілді. Ол 1950 жылы Әлима Алғазиеваға үйленіп, 5 ұл, 3 қыз өсірді. 

«Даңқ» орденінің кез келген дәрежесі бір адамға екі рет беріл­меуге тиіс екен. КСРО бас­шы­лығы кеш те болса қате­сін түзетті. 1968 жылдың 7 мау­сы­мында КСРО Жоғарғы Советі Президиумы Әлімбай Аман­баевтан ІІ дәрежелі «Даңқ» орде­нінің біреуінің орнына І дәрежелі «Даңқ» орденін (№2995) беру туралы қаулы шығарды. Сөйтіп батыр ұл «Даңқ» орденінің толық кавалеріне айналды. Ол бұдан бөлек І, ІІ дәрежелі «Отан соғысы», сондай-ақ «Октябрь революциясы», Қызыл Жұлдыз ордендерімен қоса бірнеше ме­дальмен де марапатталған. Соғыста көрсеткен ерлігінің ар­қ­асында елдің құрметіне бө­ленген Әлімбай Аманбаев 1990 жылы дүниеден өтті. Бауырлас Қарақалпақ елінің басшылығы Нөкіс қаласындағы бір көшені қазақтың осы бір батыр ұлының есімімен атауды ұйғарды. Ол тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.

...Тағдырдың қалауымен өзге елде туып-өссе де ұлттық намысына сызат түсірмей, өз халқының даңқына даңқ қосқан бесқалалық алты батыр да ата­жұртында дәріптелуге әбден лайық. Өйткені жер бетіндегі әр қа­зақтың жетістігі бар қазақққа ортақ қуаныш, ортақ мақтаныш!

 

Бегабат ҰЗАҚОВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі