Өнер • 05 Мамыр, 2020

Ғашықтардың піріндей Төлеген мен Қыз Жібек

1486 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елордамыз Нұр-Сұлтан – жастық пен асқақ арманға, махаббат пен шаттыққа толы ару қала. Бүгінгі менің толғанысыма арқау болған дүние, астанамыздың жасампаздық келбетімен байланыс­ты өзім куә болып келе жатқан шынайы әңгіме. Себебі тәуелсіз еліміздің астанасы – қаншама жас арманды табыс­тырды, қаншама тағдырды тоғыстырды. Бұл оқиға – сол мыңдаған мысалдың бірі ғана.

Ғашықтардың піріндей Төлеген мен Қыз Жібек

2016 жылы елордамызда мем­лекетіміздің жастар шығар­машылығын қолдау мақсатында ашылған Astana Musical театр­ы басы-қасында болып, үш жыл бойы осы мәдениет жа­ғы­на жетекшілік жасадым. Рес­пуб­­ликамыздың түкпір-түк­пі­рі­нен кәсіби жоғары білімі бар «музыкалық театр әртісі» ма­ман­дығын иегерген, талантты жас­тарды жинадық. Олар­дың саны жетпістен асатын. Кө­кіректерінде үкілі үміті мен аяулы армандары мол жастар жаңа мүмкіндіктер мен өнер әле­міндегі қабілеттерін көрсету үшін арман қала – Нұр-Сұлтанда бас қосты.

Аstana Opera, Аstana Ballet театрларының бағыты – әлемдік және отандық клас­си­калық опера мен балет қо­йы­лымдарын кәсіби биік дең­гейде сахналау. Ал Astana Musical театрының мақсаты – әлем ке­ңістігіндегі жастардың көр­кем­дік сұранысына ие заманауи жанр­ды елімізде дамыту болды. Жаңадан ашылған жас театр – ЭКСПО халықаралық көрмесінің бағдарламасына елордамыздың 20 жылдығына арналған жоба­ларға ерекше ат салысты. Әсі­ресе еліміздің өнерінің тарихын­да тұңғыш рет авторлық құ­қығы заңдастырылған Ж.Прес­гурвиктің «Ромео мен Джульет­та» мюзиклін қазақ тілінде сахналадық. Қазақ тіліне ақын Г.Са­лықбай көркем аударма жаса­ған «Ромео мен Джульетта» мю­зиклін Бейбітшілік пен келісім сарайының сахнасында ЭКСПО көрмесін тамашалауға жиылған көпшілікке 30 күн бойы тоқтаусыз ұсынып, 40 мыңға жуық көрермен тамашалады. Келесі жылы Р.Кончантенің Notre Dame de Paris мюзиклі сахналанды.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Ру­­­хани жаңғыру» бағдар­ла­масын жүзеге асыру мақсатында Мәдениет және спорт министр­­лігінің қолдауымен «Жа­һан­дағы Қазақстан мәде­ниеті» жобасы аясында Astana Mu­sical театрымен «Қыз жібек» этно-фольклорлық мюзиклімен Еу­ропаға гастрольдік турненің да­йындығына кірістік. «Қыз­ жібек» – қазақтың қасиетті бой­тұмары. Ұлтымыздың тамыры тереңде жатқан фольклоры мен этнографиясы, музыкасы мен театр өнері – Ғ.Мүсірепов пен Е.Бру­силовскийдің «Қыз жібек» операсында эстетикалық біртұтас көркем дүние ретінде ерекше үйлесім тапқан. Сонау 1936 жы­лы қазақ өнерінің Мәскеудегі декадасы кезінде талайлардың таңдайын қақтырған «Қыз жі­бек». Кейін 1970 жылы режиссер С.Қо­­жықов түсірген көркем фильм болып әлемді аралаған – «Қыз­­ Жібек». «Қыз Жібек» туын­ды­сының қасиеті сол, ол өнер кеңіс­тігіндегі талай жастың тағ­дыр­ларын өмір айдынында бір арнаға тоғыстырды.

Операдағы Қыз жібек пен Төлеген бейнесі – Күләш пен Қа­набек Байсейітовтерді табыс­тырды. Ал фильмде басты кейіп­керлерді сомдаған Құман Тас­танбеков пен Меруерт Өте­ке­шова өнер әлемінде ғана емес, өмірде де  бір-біріне шынайы ғашық болып, шаңырақ көтерді. Ұлылар мен тарлан талант иелері жүрген жол – жас ұрпаққа да мирас болуы заңды. Еуропаның ең үздік сахналарында өнер көрсету бақыты бұйырған жас­тар – күні-түні дамылсыз «Қыз­­ жібек» этно-фольклорлық мюзиклінің дайындығына кі­рісті. Мақсатымыз айқын. Қазақ­станның заманауи өнері мен мәдениетін Еуропаның талғампаз көрерменіне биік деңгейде дә­ріптеу.

Халық әртістері Құман Тас­танбеков пен Меруерт Өтеке­шованы репетиция алаңына шақырдық. Жастардың хорын тыңдап, биін көріп, Құ­ман аға арқаланып Меруерт жең­гемізге арнап ән салды. Мю­зикл­ге қа­тысатын жетпістен ас­там жас екеуіне сүйсіне қарады. Фильмде сомдаған жү­ректеріне ең жақын бейнелері болғандықтан, екеуі кезек-кезек Төлеген мен Жібектің табиғатын, мінезін, мақ­сатын, болмысын ерекше іңкәр­лікпен түсіндірді.

 Араға бір ай салып, біз жолға жиналып жатқан сәтте қорытынды әзірлік барысын кө­руге тағы келді. Төлегенді ой­най­тын Оразалы мен Жібек рөліндегі Инабатқа, бір ай бұ­рын ескертіп айтып кеткен дүние­лерінің қорытындысын көріп, екеуінің дуэттік арияларын бар зейіндерімен тыңдады. Мен де режиссер емес, бір сәт Құман ағам­ның жанында көрермен болып рөлдегі екі шәкіртіме қарап отырдым.

Кенет... осыған дейін байқа­маған көзқарастар мен сезім шын­­дығына куә болдым. Төле­ген-Оразалы – Жібек-Инабатқа шынайы ғашықтық сезімін әнмен жеткізіп тұр. Инабат тебіреніп, тағдырын Оразалыға табыстайды... Сондай мөлдірлікке то­лы шынайы сахналар, бізді ерік­сіз баурады. Мен көргенді, мен байқағанды Құман аға мен Меруерт апамыз да аңғарыпты. Өмір көрген үлкен кісілер – Ораз­­алы мен Инабатқа: «Ай­на­­лайындар, өнерде де, өмірде де бақ­тарын жансын, біздің жо­лы­мыз­ды берсін!» деп ақ батасын берді.

Сөйтіп өнер шындығын жасаймыз деп тырысқан ғашық­тар бейнесіндегі екі жастың кө­кейкесті мақсаттарын Жарату­шы Иеміз де қабыл еткен шығар, өмір­дегі шынайы махаббатқа ұлас­ты.

Париж, Канн, Берлин, Вена, Брюссель, Мәскеу сахналарын Ұлы Даланың махаббат гимні іспеттес, «Қыз жібектің» әндері тербетті. Өнер сапарымыз абыроймен мәресіне жетті.

Бір жылдан соң Оразалы мен Инабат бас қосты. Екі жасты – арман қаламыз астанада танысып табысты. Наурыз мерекесіндегі мыңдаған халықтың алдында екі жастың некелері қиылды. Алаш өнерінің аңызы атанған, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов ел алдында қос жасқа ақ батасын берді.

Алтайдың ару қызы Инабат – Атырауға келін болып түсті. Жылойдың жампоз жігіті Ораза­лы – Тарбағатайға күйеу болды.

Бір жылдан соң перзент сүйді.. Қуанышымызда шек жоқ. Кесте тігер сәбидің есімі – Жібек. Екі баласын «Қыз жібек» табыстырған соң, Жылойдағы Игілік ақсақал шөбересінің есімін Жібек болсын деп шешуі де, көрегендіктің белгісі. Кішкентай Жібектің айы оңынан, күні солынан туып – аяулы қыз болып өссін! Бауы берік болсын! Әрине қазіргі әлем­дегі ахуал тек біздің еліміз ғана емес, басқа мемлекеттерде де карантин жариялауға мәжбүр етті. Бұл күндерде аяқталар. Жі­бекті бесікке салу да куә болармыз. Қыз жібекті – қасиетті бой­тұмар деуім тегіннен-тегін емес! Елордамызда мақсат-мұ­рат­та­ры орындалып, арманшыл екі жасты бір арнаға тоғыс­тыр­ған бүгінгінің Төлегені мен Қыз жібегі – Оразалы мен Ина­бат­тың жас шаңырақтарын әрқа­шан махаббаттың өміршең әні тербетсін!

 

Асхат МАЕМИРОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, философия ғылымдарының докторы

Соңғы жаңалықтар