Қысылтаяң кезеңде қызмет бабын асыра пайдаланып, қымқырып қалудан қымсынбайтындар аз емес екен. Оған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің кейінгі фактілері айғақ болып тұр. Атап айтсақ, агенттіктің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті Полиция департаментінің Ішкі қауіпсіздік басқармасымен бірлескен іс-шаралар барысында полицияның аудандық бөлімі басшысының бірінші орынбасарын ұстады. Ол төтенше жағдай кезінде белгіленген тыйымдарға қарамастан, азаматтардың аудан аумағында кедергісіз жүруі үшін 1 млн 300 мың теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет парақорлық, лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану, жезөкшелікпен айналысу және жеңгетайлық желілерін ұстау немесе ұйымдастыру, адам өміріне, денсаулығына қауіп төндіретін мән-жайлар туралы ақпаратты жасыру бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Бұл туралы хабардар болған қаланың тиісті қызметтері 87 адамды оқшаулады. Соның ішінде жезөкшелікпен айналысуға арналған орындар әшкере болып, екі шетел азаматынан коронавирус инфекциясы анықталды.
Карантиннің қатаң сақталуын қадағалайтындардың қарабет болған оқиғасы басқа өңірлерде де кездесіп жатыр. Солтүстік Қазақстан облысындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Петропавл қаласы әкімдігінің лауазымды тұлғасына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады. Күдікті азамат кейбір көлік құралдарының Петропавл қаласындағы тосқауыл бекеттерден кідіріссіз өтуіне рұқсат беріп, 50 мың теңге алған. Ол әрі Сovid-19 індетінің таралуын болдырмау жөніндегі облыс әкімдігі жедел штабының мүшесі екен.
Осылай абыройсыз аты шыққанның бірі Шымкент қаласы Полиция департаментінің жол-патрульдік полиция полкі қызметкері болды. Ол карантин режімін сақтамаған әлдекімді Жангелдин көшесі бойындағы ішкі тосқауыл бекетінен өткізгені үшін 25 мың теңге пара алған. Бұл қызметкерге қатысты Шымкенттегі департамент қылмыстық іс тергеп жатыр.
Бұған қоса Түркістан облысы бойынша департамент Шымкент қаласы Қаратау ауданы Полиция басқармасының учаскелік инспекторын сотқа дейінгі тергеуді бастады. Жазықты полицей «Таскешу» тосқауыл бекеті арқылы кіріп-шығуы үшін Түркістан облысы тұрғындарынан 15 мың теңгеден пара алған.
Сонымен қатар төтенше жағдай кезінде басқа да сыбайлас жемқорлық фактілері тіркеліп жатыр. Оның көбі түрлі амал-шарғымен бюджет қаражатын жымқырып қалғандарға қатысты болып тұр. Мысалы, Қостанай облысының Алтынсарин ауданы әкімінің орынбасары қызмет бабын асыра пайдаланып, өзіне бағынышты қызметкерлерді ауыл ішіндегі жолдарды қардан тазарту жұмыстарын жүргізуге және коммерциялық ұйыммен мемлекеттік сатып алулар туралы жалған келісімшарт жасасуға мәжбүрлеген.
Аталған облыста жолда тәртіп бұзған адамнан әкімшілік жауапкершілікке тартпағаны үшін 20 мың теңге дәметкен аудандық Полиция бөлімінің жол-көлік инспекторына қатысты да жемқорлық қылмысы тіркелді.
Алматы облысында жемқорлықпен шатылған бірнеше лауазымды тұлға анықталды. Талғар ауданы Бесқайнар ауылдық округінің әкімі «Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ жерінен учаскені заңсыз бөліп беруге септессе, осы ауданның Панфилов ауылдық округінің бұрынғы әкімі 2017 жылы кафе және мейрамхана салу арқылы аталған ауылдық округте жер учаскелерін заңсыз сату нәтижесінде алынған қаражатты заңдастырған.
«Еңбекшіқазақ жұмыспен қамту орталығы» ҚМК басшысы нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2018-2019 жылдары жұмыссыз азаматтарды жалған жұмысқа тұрғызуы үшін шаруа қожалықтарының шотына аудару арқылы бюджет қаражатынан 12,9 млн теңгені жымқырған.
Бұл аталған фактілер бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Сондай-ақ Алматы қаласында Қытай азаматына қатысты қылмыстық қудалауды тоқтату сылтауымен 10 мың доллар алған Жедел әрекет ету арнайы отрядының аға инспекторы, Шымкент қаласында мал дәрігерінің делдалдығы арқылы тамақ өнімдерін сатумен айналысатын жеке кәсіпкерлерден 10 мың теңгеге дейін пара алған мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы, Батыс Қазақстан облысында аңшылық мылтықты алып жүруге және сақтауға рұқсатты жеделдетіп бергені үшін 70 мың теңге алған Орал қаласының Полиция басқармасы қызметкері және Қарағанды облысында тараптардың татуласуы үшін күдіктінің мүддесіне қылмыстық істі заңсыз тоқтатпақ болған Осакаров аудандық полиция бөлімінің тергеушісі ұсталды.
Індет күшейіп, шектеулер шегіне шыққан шақта халықтың қауіпсіздігі үшін алдыңғы шепте қызмет етіп жүргендердің абыройына осындай бармақ басты, көз қысты әрекеттер сызат түсереді. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 54-бабы 11-тармағының 1-бөлігіне сәйкес, төтенше жағдай кезінде қылмыстық құқық бұзушылық жасау қылмыстық жауапкершілік пен жазаны ауырлататын мән-жай деп танылады.