Білім • 05 Мамыр, 2020

Мұғалім мен ата-ананың бірлігі керек

254 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазіргідей жағдайда әлемдік білім жүйесі қашықтан оқытудың тиімді екенін айтуда. Онлайн сабақтар еліміздің цифрлы дамудағы алғышарттарының бірі. ЮНЕСКО-ның мәліметі бойынша, 107 елде 861 млн-нан астам оқушы бар, соның ішінде 12 мемлекет жергілікті мектептерін жапты. Яғни мектептердің жабылуы дүние жүзіндегі оқушылардың 87 пайызының білім сапасына қатты әсер етпек.

Мұғалім мен ата-ананың бірлігі керек

Сол себепті ЮНЕСКО Дүниежүзілік білім коалициясын ұйымдастырмақ, бұл қашықтан оқытудың озық тәжірибелерін кеңейтуге және келешек ұрпақтың сапалы білім алуына барлық қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

«Еліміз қашықтан оқытуға дайын ба?» деген сияқты сауалдар көпшілік ата-ана­лардың көкейінде жүрген мәселе. Бірін­шіден, елорданың өзінде атын атап, түсін түстемесек те бірсыпыра мектеп үш ауысымды жүйеде оқиды. Ал басқа ай­мақ­тар­дағы мектептердің әлеуеті одан да мүшкіл. Екіншіден, елімізде 180 мыңнан астам оқушыны қашықтан оқытуға қауқарымыз жете ме?! Үшіншіден, педагог және IT мамандарының тапшылығы. Мысалы, бір пән мұғалімі бір сыныптың 25-30 баласын қамтуы тиіс. Енді, есептеп көріңіз, бір сыныптан 25 баланы он сыныпқа көбейтсек, бір тәулікте мұғалім 250 балаға онлайн ре­жі­мінде сабақ оқытуда. Ал ғаламтор желісі айтар­лықтай мәз емес.

Нұр-Сұлтан қаласындағы №61 орта мек­тебінде лаборант қызметін атқарушы Әйгерім Бейсенбайқызы: «Жұмыла кө­тер­ген, жүк жеңіл» дегендей ұжым болып барынша бұл жүйеге дайындық жұмыстарын жүргізудеміз. Бұл тұста мектеп басшылығы аз қамтылған және көп балалы отбасыларына компьютерлер мен планшеттер (олардың наушниктерімен бірге) таратуда. Оның басы-қасында өзім де жүрмін», дейді.

Қалай айтсақ та, ата-аналар бұл жүйеге моральдық тұрғыдан болса да дайын болуы керек. Себебі оқушының бәрі қазір ата-анасының жанында.

Елордадағы мектептің жартысынан астамы Zoom платформасына көшсе, ал Алматы қаласындағы бірталай мектеп Daryn.online, Classroom жүйесін қолдануда. Кей мектептер «Балапан» телеарнасында өтетін сабақтардың кестесін алып та үлгерген. Бір мектептер «Еларна» телеарнасымен тікелей байланысқа шықпақ. Шынында бұл іс мұғалім мен ата-ана бір­лесіп жұмыс істегенде ғана толық жүзеге асады. Екі жаққа да жүктелер жауап­кер­ші­лік зор. Ендеше алдағы күнді жақсы үміт­пен, жайдары жарқын жүзбен қарсы ала­йық!.

 

Айым Болатқызы