Медицина • 06 Мамыр, 2020

Баламды тезірек құшағыма алсам екен...

280 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі төтенше жағдайға байланысты мәлімдемесінде «Біз індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүрген дәрігерлерді қаржылай қолдап жатырмыз. Денсаулық сақтау министр­лігі және әкімдер басқа да медицина қызметкерлеріне көмек көр­се­ту үшін шаралар қабылдауда» деген болатын. Иә, әлемді әрі-сәрі күйге түсірген вирус нәубетімен күресіп жатқан ақ халатты абзал жандардың сауапты әрі жауапты қызметі мемлекет назарында. Осы орайда індетке шалдыққан пациенттермен тікелей байланыста жүрген Павлодар облыстық Жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігер-инфекционисі Қымбат Казкенова дәрігер болудың оңайға түспейтінін айтады.

Баламды тезірек құшағыма алсам екен...

Баянауыл өңірінің Кызылтау ауылында (қазіргі Жүсіпбек Аймауытов атындағы ауыл) туып өскен ол, Семей медициналық университетінің емдеу ісі факультетін тәмамдаған. Бұл оқу ор­нын­да ең шыдамды, төзімділер ғана оқи алады. Жеті жыл бойы табандылық танытып, оқуын бітірген соң туған жеріне келіп, еңбек жолын бастады. 2012 жылдың тамыз айынан бастап Павлодар облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында еңбек етіп келеді.

Қымбат Темірбекқызы аталған ауру­­ханада коронавируспен күрес жұ­мыс­тары жылдың басынан бас­тал­ға­нын, коронавирус жұқтыруы мүмкін адамдарды қабылдау мен зертханалық тексерулер жүргізіліп келе жатқанын айтады.

«27 наурызда қалада ең алғашқы ко­ро­­на­вирус жұқтырған науқас тір­кел­­ді. Ол науқаспен қатынаста бол­­ғандықтан, біз де карантин­ге жа­был­дық. Елімізде індет жұқ­тыр­ған­дар саны күннен-күнге арта түсті. Біздің қаламызда да осындай жағдай орын алды. Әлемде эпидемиялық ахуалға байланысты карантинге жабылмас бұрын, аурухана әкімшілігі біздің келісімімізді алған болатын. Себебі індет ошағында жұмыс істеу өте қа­уіп­ті. Отбасымның рұқсатымен және өзім­інің борышымды негіз етіп, өз келі­сімімді бердім», деген дәрігер бір айдан бері отбасын көрмеген екен.

«Жаңадан науқас тіркелген са­йын көңіл-күйіміз түседі. Себебі жа­ңа­дан тіркелген әр науқас бізді отбасымыздан, балаларымызан 14 күнге алыстатады. Бұл қашан аяқ­та­­ла­ды, қашанға дейін созылады, ешкім нақтылап айта алмайды. Біз де біл­мей­міз. Ата-анам қатты алаңдауда, анам қызым тезірек оралса екен деп жылап жүр. Әрине біздің бұл батыл­ды­ғымыз, төзімділігіміз мемлекет тара­пы­нан бағаланып жатыр. Қауіптілік санаты бойынша ақшалай сыйақылар бе­рілуде. Бұл – дұрыс қадам. Тек ал­дағы уақытта да ақ желеңді абзал жандардың еңбегі ескерусіз қал­ма­са екен дейміз. Мәселен, біз инфек­цио­нист-дәрігерлер ылғи әртүрлі жұқ­па­лы аурулармен жұмыс істейміз, қа­уіп-қатер өте жоғары. Сондықтан еңбе­гіміздің жемісін көргіміз келеді. Сәтін салса, отбасыма аман-есен оралып, анашымды уайымдатпай, 4 жасар ба­ламды құшағыма тезірек алсам екен», дейді қауіп пен қатердің бел ортасында жүрген батыл дәрігер.