– ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде біздің облыстан 200-ге жуық волонтер қатысқанын мақтан етеміз. Арамызда Фархат Мақышев, Жанна Тасыбаева, Яна Ивлева сияқты «Үздік волонтерлер» де бар. Бізде «Волонтер кодексі» бар. Кодексте волонтерлерге қойылатын талаптар мен олардың жеке басының құқығын қорғау мәселелері қарастырылған. Волонтердің ең бірінші ережесі – еркін түрде қолұшын беру. Жоғары оқу орындарында, колледждерде 20-дан астам волонтерлер ұйымы бар. Оның үшеуі «Қазақстан алюминий зауыты» АҚ, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ және «Кастинг» ЖШС кәсіпорындарында құрылған. Біз әрбір ісіне немқұрайлы қарамай, жауапкершілікті сезінетін жастарды қатарымызға қосылуға шақырамыз, – дейді «Волонтерлерді даярлау ұйымының» көшбасшысы, «Үздік волонтер» атағын алған Аяжан Құрманова.
Аяжан айтқандай, әрбір ісіне немқұрайлы қарамайтын, жауапкершілікті сезінетін жастар елдегі төтенше жағдай кезінде де белсенділік көрсетуде. Өңірде құрылған волонтерлер ұйымдары карантинге жабылған үйлер мен блок-бекеттерде, ауруханалар мен зертханалар қызметкерлеріне көмекке бірінші болып жетті. Күн сайын ыстық тамақ жеткізуде. Волонтер жастар бірлесіп аз қамтамасыз етілген, жалғызбасты, жетім балалар, карантин кезінде жұмысынан айырылған тұрғындарға азық-түлік себеттерін үлестірген.
– Қазір 21 миллион 691 мың теңгенің азық-түлігін таратып үлгердік. Бұл қайырымдылық ісіне қарапайым халық пен кәсіпкерлер көмекке келді, – дейді облыс орталығындағы «Волонтерлер» клубының басшысы Асхат Құсдәулетов.
Ал «Клуб добряков» – «Мейірімділер» клубының мүшелері «Мейірім себеті» атты уақытша қайырымдылық шарасын бастады. Бұл шара төтенше жағдай салдарынан жұмыссыз қалған, көп балалы отбасыларға арналған. Волонтерлер @club_dobryakov_pavlodar ұн, қарақұмық, қант, шай, макарон, картоп, сәбіз, пияз сияқты қажетті жиынтық дайындап, 370 азық-түлік себеті үлестірілген.
Волонтер Ержан Құниязовтың айтуынша, карантинге жабылған көпқабатты үйлердің тұрғындарына дәрілер, гигиена заттары, бетперделер, қолғаптар, дезинфекция заттары жеткізілген. Сонымен бірге «Молком-Павлодар» ЖШС-нің қолдауымен карантинге жабылған 76 отбасына түрлі сүт тағамдарын жеткізсе, «Мир хлеба» наубайханасы болса, күн сайын көмекке мұқтаж, карантинге жабылған үйлердегі әр пәтерге тегін нан үлестіруде.
Ақтоғайлық кәсіпкер Талғат Әбдірахманов жерлестерін қолдау мақсатында 500 мың теңге қаржылай көмектессе, Small супермаркеті де қажетінше қолдау көрсетуде. Тіпті «Клуб добряковтың» мейірімді волонтерлері орталығының 100 мүшесі мен төтенше жағдай кезінде өз еркімен бұл топқа қосылған 200 жас қазір тынымсыз қызмет көрсетіп жүр.
Клуб мүшелері үш жылда 300 түрлі шара өткізіп, облыс мектептерімен бірлесіп, 16 тонна пластмасса қақпақ жинап, ауырып жатқан балалардың еміне жәрдемдесті. Ал Vita атты волонтерлердің іздестіру тобы жоғалған 13 адамның табылып, үйіне оралуына ықпал етсе, 50 адам волонтерлердің таратқан ақпаратынан кейін үйлеріне оралған.
Облыс орталығындағы қалалық Қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы, подполковник Асхат Қанышбаевтың мәліметінше, төтенше жағдай кезіндегі шақыруға үн қосқан алғашқы 33 волонтер арнайы әскери жиындарға жазылды. Олар қоғамдық орындарды дезинфекциялаумен, нысандарды күзетумен айналысады.
Сонымен бірге жергілікті педагогикалық университет ректоры Алтынбек Нухұлының бастамасымен Волонтер жылы аясында белсенді 30 студентке негізгі шәкіртақының 30 пайыздық көлемінде стипендия тағайындалды. Университетте құрамында 60 студент бар «Lotos» волонтерлер ұйымы бар. Барлық волонтерлер qazvolunteer.kz порталында тіркелген. Оқу орнында волонтерлер мектебін ашуды, кітаптар жинап, оларды сату арқылы түскен қаржыны емделіп жүрген балаларға аудару жоспарланып отыр.
Қала әкімінің орынбасары Светлана Гладышеваның айтуынша, Волонтер жылы аясында биыл ақпан айында №24 жалпы орта білім беру мектебінде «Волонтерлер – туған еліне» форумы өткізілді. Мақсаты – белсенді азаматтық ұстанымды тәрбиелеу, оқушылардың көшбасшылық және адамгершілік-этикалық қасиеттерін, патриотизм сезімдерін қалыптастыру, мектепте волонтерлер қозғалысын дамыту.
Форумда жас педагогтердің бастамасымен 30 волонтерлер клубы, 2 мектепте волонтерлер жасағының ашылу рәсімі өтті. Олардың жобалары «Сабақтастық», «Саулық», «Таза әлем», «Асыл Мұра», «Қамқор», «Білім» – ауыл мектептеріндегі жоғары сынып оқушыларына ҰБТ-ға дайындық, ағылшын тіліне және компьютерлік сауаттылыққа оқыту бойынша көмек көрсету, «Үміт» – майдангерлер ерліктері туралы құжаттарды іздеу бағытына арналуда.
Ал жалпы соңғы жылдары құрылған Волонтерлер ұйымының қатарында үкіметтік емес ұйымдардың бұрыннан бері жұмыс жасап келе жатқан «Әлеуметтік волонтерлік орталығы» да бар. Орталық мүшелерінің бірі, мамандығы психолог Әлішер Бекжанның айтуынша, волонтер ретінде 2016 жылдан бастап облыс орталығындағы балаларды емдейтін «Самал» оңалту орталығында жұмыс істеген. ЭКСПО-2017 көрмесіне барып, волонтерлер қатарында болған екен.
– Қазір волонтер болу – өмірімнің ажырамас бір бөлігіне айналды. Адамға жақсылық жасау, көмектесу парыз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолұшын беріп, балалар үйінің тәрбиеленушілерін ас әзірлеу, үй тұрмысындағы негізгі дағдыларға үйретеміз. Жүйке жүйесі ауыратын жандарға арналған «Альрами» клубтық үйіне барып, шығармашылық терапия, сурет салу арқылы көмек көрсетеміз. Мүмкіндігі шектеулі немесе ақыл-есінде ауытқуы бар адамдармен жұмыс жасаймыз. Олар адамдардан тек қана мейірім, жан жылуын күтеді, – дейді Әлішер.
Былтыр өңірдегі үздік 30 волонтер тобына қосылған Әлішер қазір волонтерлер қозғалысын әлеуметтік желілер арқылы насихаттауды қолға алыпты.
Павлодар облысы