Қазақстан • 06 Мамыр, 2020

Тау-кен металлургия секторында өндіріс көлемі артты

685 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан - шикізат тауарларын және металл өндірісі бойынша әлемде жетекші орынға ие. Минералдардың таралуы, қоры және ресурстары елімізде пайдалы қазбаларды әзірлеу мен өндіруді кеңейтуге мүмкіндігі мол екенін дәлелдейді. 2019 жылдың қорытындысы бойынша салада көптеген көрсеткіштер бойынша өсім байқалды. Тау-металл кешенінде өндіру мен өнім көлемі жыл сайын артып келеді.  Өткен  жылы өндіріс көлемі арғы жылмен салыстырғанда 4,1 % артып, 4,8 трлн теңгеге жетті. Металл кендерін өндіру 3,7%, металлургия өнеркәсібі 4,1% өсті. Бұл туралы Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады.

Тау-кен металлургия секторында өндіріс көлемі артты

Алайда қазір отандық металлургия саласы металдардың әлемдік бағасына тәуелді. Бұл өндірістік өнеркəсіп коронавирустық пандемия және әлемдік экономикалық конъюнктураның нашарлауы салдарынан өзгеріске ұшырады.  

Қазақстанның ішкі нарығы әлі күнге дейін дайын импорттық өнімдердің тəуелділігінен арылмай келеді. Бұл аралас тұтынушылар арасында жеткілікті кооперация мен жоғары технологиялық қуаттардың жетіспеуінен туындап отыр. 

Осыған байланысты  Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті металлургия өнеркәсібін, атап айтқанда қосылған құны жоғары өнім өндірісін одан әрі дамыту жобасын әзірледі. Былтыр желтоқсан айында премьер-министрдің төрағалығымен Үкіметтің жобалық кеңсесінің отырысында саланы дамыту жөніндегі жұмыс жоспары ұсынылған еді.

Қазақстанда өндіруге тиімді өнімді анықтау мақсатында макроөңірлер бойынша (макроөңір елдеріне Қытай, РФ, БР, Украина, ОА елдері, Кавказ елдері, Иран жатады) алюминийден, мыстан және болаттан жасалған өнім импорты талданды.

Мыс өнімдерінің әлемдік импорты 169,3 млрд долларды құраса, алюминий 194 млрд доллар, болат импорты 434 млрд  долларға бағаланатыны белгілі болды.

Макроөңір елдері шеңберіндегі импорт көрсеткіші: мыс өнімдері 48,9 млрд доллары алюминий өнімдерінің құны 9,6 млрд доллар және болат 12 млрд долларды құрайды. Осыған сəйкес салалық синистрлік Қазақстанның шикізат тауарларын одан әрі өңдеуді дамыту жөніндегі Жол картасын әзірледі.

Мысалы, бүгінде Қазақстанда 3,8 млн тонна алюминий кендері (бокситтер) өндіріліп, оның 1,4 млн тоннасы сазбалшықпен өңделеді. Өнімнің шамамен 850 мың тоннасы экспортқа (РФ, ҚХР, Тәжікстан) кетіп, тек 550 мың тоннасы ел ішінде металл (265 мың тонна алюминий) өңдеуінен өткізіледі. Оның ішінде 30 мың тоннасы дайын өнімге дейін жеткізіледі. Алюминий өндірісін одан әрі дамыту үшін:

- «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ жобасын іске асыру есебінен 500 мың тонна бастапқы алюминий алумен 1 млн тоннаға дейін сазбалшықты қайта өңдеуді ұлғайту (+250 мың тонна);

- дайын өнім шығару бағытындағы жобаларды іске асыру арқылы дайын өнім шығару көрсеткшін 100 мың тоннаға дейін жеткізу: фольга (15 мың тонна), банкілер (15 мың тонна), сым (16 мың тонна), листопрокат (15 мың тонна), радиаторлар (12 мың тонна), профильдер (13 мың тонна), ұнтақтар (4 мың тонна).

Қосымша құны жоғары өнім шығару бағытындағы іс-шаралар мыс, болат, титан өнеркәсібінде де көзделген. Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының үшінші бесжылдығы аясында 4-ші және 5-ші қайта өңдеу өнімдері өндірісінің артуы есебінен экспорттық әлеуетті кеңейту міндеті тұр. Демек, Қазақстанның шикізатты өнімін барынша қайта өңдеу және жоғары қосылған құнмен сатуға болатын дайын тауарларды өндіру жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар