Ел Үкіметінен қолдау тапқан аталған жобаның жүзеге асырылу барысын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев назарда ұстайтынын айтқан. Мемлекет тарапынан қолдау бар, енді сол мүмкіндікті тиімді пайдалану, қолда барды ұқсату да тиісті басшылардың міндеті болса керек.
Дегенмен, қанатқақты жоба аясында бөлінген қаражатты игеруде өңірде олқылықтар бар болып шықты. Облыс әкімі аталған мәселе бойынша жұмысы нашар басшыларды сынға да алған болатын. «Қаражат төрт ай бұрын бөлінген, бірақ біз әлі де оны толық игере алмай отырмыз. Жобаның болашағы біздің бүгінгі жұмысымызға байланысты. Алғашқы кезең жемісті жүзеге асқан жағдайда ғана жобаны одан әрі қаржыландыру шаралары жалғасын табады», деді Б.Сапарбаев. Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашевтың айтуынша, қанатқақты жобаның бес бағытының төртеуі бүгінде толығымен қаржыландырылған. Алайда бүгінгі таңда тек мал сатып алуға арналған 500 млн теңгеге жуық қаражат игерілмей отыр екен. Ауылды жерлердегі азаматтардың да көздегені берілген қаражатқа мал алып, оны бағып, тірлігін тіктеу ғой. Бұл бір жағынан жоба арқылы ақша алып, мал өсіруге ниетті тұрғындардың қолын байлайтын да көрсеткіш. Енді бар нәрсені ұқсата алмау да басшыларға сын емес пе?! Бірақ аталған басқарма басшысы бұл жұмыстардың бір аптаның ішінде аяқталатынын айтады.
Жалпы, Жамбыл өңірінен бастау алған бұл жоба ауыл тұрғындарының әлеуметтік мәселелерін шешуге зор мүмкіндік береді. Алайда оны ұйымдастыру жұмыстарының уақтылы шешімін таппай отырғаны да сын садағына ілінген. Үкімет тарапынан егер артықшылығы дәлелденіп, тұрғындардың тұрмысын жақсартуға септігі тиетін болса, онда еліміз бойынша таратылады деген жобаның кейбір жұмыстарында осындай кемшіліктер бар екен. Сондай-ақ құрғақ есептің де осындайда істі алға бастырмайтыны көрінеді. Бұл ретте Б.Сапарбаев ұсынылған мәліметтердің арасындағы алшақтықты да сынға алып, аудандардың ешқайсысы белгіленген мерзім, яғни 10 наурызға дейін жұмыстарды толық аяқтап үлгермегенін де айтқан. Енді барлық аудан әкімдері мен ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы бір аптаның ішінде бөлінген қаражаттың тиімді игерілуін қамтамасыз етуі керек. «Егер біз бөлінген қаражатты ұтымды ұқсата алмайтын болсақ, жобаға қатысушылардың саны көбейген кезде жұмысты қалай жүргіземіз?», дейді әкім.
Шыны керек, әлі де болса бұл жоба туралы білмейтін, білсе де түсінбейтін адамдар көп. Тіпті несие алудың жолын, оның тиімділігін білмейтін тұрғындар да бар. Сондықтан аталған жоба аясында түсіндіру жұмыстарын күшейтудің маңызы орасан. Сонымен қатар жобаға енген әрбір ауылда ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылып, оларға жыл басында лизингке 200-ге жуық техника берілген болатын. Енді сол құрылған кооперативтердің қатарына ұсақ шаруа қожалықтарын тарту мәселесі бүгінде күн тәртібінде. Сондай-ақ бір ғана шағын облыста 18 мыңнан астам шаруа қожалығының болуы ауыл шаруашылығы субъектілерінің ұсақталып кеткенін көрсететіні және саладағы жұмыстың әлсіздігін аңғартатыны да айтылған. Енді бұл айтылған сыннан тиісті басшылар қорытынды шығара алса, онда Әулиеата өңірінде бастау алып, барлық әлеуметке кәсіп көзі болатын жобаның артықшылығы дәлелденбек.
Сол сияқты, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған тағы бір қолдау – «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы. Аталған бағдарлама аясында өткен жылы үш аудан орталығында 3 млрд теңгеден астам қаржыға 103 жоба жүзеге асырылған. Бұл да тозығы жетіп тұрған нысандардың қайта жандануына, ауылдың сәулетін арттыруға айтарлықтай үлес қосты. Дей тұрғанмен, бағдарламаның іске асырылуы барысында кемшіліктер де бар екен. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова мердігердің кінәсінен Шу ауданындағы Мұхтар Әуезов атындағы мектептің күрделі жөндеу жұмыстары әлі күнге аяқталмағанын айтты. Қазіргі уақытта бұл бойынша сот процесі жүруде екен. Бір айта кетерлігі, биыл өңірде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының шеңберінде 5,9 млрд теңгеге 92 жоба іске асырылуда. Сонымен қатар еліміздің Ұлттық экономика министрлігі жалпы құны 4,8 млрд теңге болатын тағы да 148 жобаны мақұлдаған.
Бүгінде өңір тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жөніндегі қанатқақты жобаның маңызы артып тұр. Жалпы, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған көмекті көптің игілігіне пайдалану үшін күш салу, барды ұқсату тағы да аудан әкімдері мен тиісті салалық басқарма басшыларына міндет артатыны сөзсіз. Алайда барды ұқсата алмау басшыларға сын екені тағы да шындық.
Жамбыл облысы