Бұрыннан біздің осы мәселеге қатысты өз ойымыз бар. Архивтердің барлығын Мәдениет және спорт министрлігіне бағындыру - барып тұрған сауатсыздықтың көрінісі деп ойлаймыз. Біздің ойымызша, Қазақстан Үкіметінің жанынан тікелей Премьер-Министр мен Үкімет аппаратына тікелей бағынатын Қазақстан Республикасының АРХИВ БАСҚАРМАСЫ құрылуы тиіс. Архив басқармасының басшысында арнайы білім болуы тиіс. Кезінде, Хасанаев Марат Жақсыбайұлы сынды мықты архив маманы болған еді. Сондай мықты мамандардың бірі бұл саланы басқарса құба-құп болар еді.
Екіншіден, архивтердегі бүкіл құжатты бас жоқ, көз жоқ цифрландыру дұрыс емес! Ол үлкен шығын. Себебі, мазмұны бір немесе көшірме құжаттар өте көп қайталанады. Біздің ойымызша, әрбір архив жанынан арнайы комиссиялар құрылып, сол комиссиялар шешімімен құжаттарды цифрландырған жөн.
Үшіншіден, архивтердегі құжаттарды жаппай цифрландыруға ұшан-теңіз ақша жібергенше, қажетті құжаттарды басып-шығару және жариялауға да маңыз берген жөн. Мысалы, Президент архивіндегі Кироргбюро - Кирбюро - Киробком - Киркрайком - Казкрайком - ЦК КПК құжаттарын баспадан басып шығаратын кез жетті деп есептейміз. Бюро мен секретариат мәжілістерінің хаттамаларын Ресейдегідей басып шығару аса қажет! Сонымен қатар, партконференциялар мен съездердің стенографиялық есептері мен оларға дайындалған есептік материалдар жинақтарын, пленумдардың стенографиялық есептері мен қаулыларын, материалдар жинағын түгел шығаратын кез жетті. Ақшаны осы салаға жіберген жөн деп есептейміз. Сол сияқты, Орталық мемлекеттік архивтегі ҚазОАК пен Қазхалком хаттамаларын түгел басып шығарып, кітапханаларға таратқан жөн. Сондай ҚазақАКСР Кеңестерін съездерінің, ҚазОАК сессияларының, Қазақстан Жоғарғы Кеңесі мен оның сессияларының стенографиялық есептері мен оларға дайындалған материалдарды, қаулы-қарарлары мен шешімдерін түгел басып шығару қажет деп есептейміз.
Міне осындай жұмыстар ұлт тарихын танудың жаңа белесіне жол ашып, архив құжаттарын цифрландырудың жарқын үлгісі болмақ деп ойлаймыз. Өйткені, біздің Қазақстан архивтеріндегі жариялау бөлімдерінің жұмысы өте әлсіз. Архив құжаттарын жариялауды өз деңгейіне көтеру керек деп ойлаймыз.
«Торғай сойса да, қасапшы сойсын!» дейтін принципті ұстансақ, 1997-98 жылдары көтеріліп, әлі күнге орындалмай келе жатқан «КӘСІПҚОЙ МЕМЛЕКЕТ» құру мақсатына жақындай түсер едік.
Сәбит ШІЛДЕБАЙ