Бұл ұрыс жайында және қалай ауыр жараланғаны туралы ол:
– Воронеж бағытында генерал Ватутин басқаратын І Украин майданы жауды өкшелей қуып, күн сайын кеңес қалаларын азат ете бастады. Ново-Николаевка қаласының түбінде сұрапыл шайқас болды. Әбден титықтаған жау аш қасқырдай ұмтылып ызалана түсті. Бұл қала – облыс орталығы. Командование тез арада босатуға бұйрық берді. Ол кезде мен бөлімше командирі едім. Тас жолдың шетінде қорғаныс құрдық. Жау шабуылы кенеттен басталды. Алайда жақсы бекінген біздің 27-гвардиялық дивизия жаудың шабуылын 5 рет кері қайтарды. Фашистер күшінің үштен бір бөлігін қалаға кіретін жолға аударды. Пулеметтегі бір жауынгердің оққа ұшқанын көріп, мен сол жаққа қарай ұмтылдым. Дәл қарсы бүйірден немістің «Фердинанды» шықты да, зеңбірегін мен жаққа бұрды. Лентадағы оқ таусылып, жаңа сала бергенімде жау танкісінен атылған снаряд мені топырақ астына көміп тастады. Сол жолы тілден, құлақтан, көзден бірдей айрылдым. Грузияның астанасы – Тбилисиде ұзақ емделгеннен кейін құлағым еститін болды, тілім сөйлеуге келді... Бірақ екі көзім су қараңғы болып, түк көрмей қалды,– деп еске алып отыратын.
Жарық дүниенің жарқылын да, көк аспанның алашарбы бұлттарын да, ағарып атқан ақ таң мен қызарып батқан күнді де, айналасындағы адамдардың да, тіпті өз ұрпақтарының да бет-бейне, кескін-келбеттерін көрмей өмір сүрудің қаншалықты азапты екендігін айтсаңызшы!
Ұлы Отан соғысының ардагері Есмұхан Өмірбаев 1924 жылы Астрахан ауданындағы Алғабас ауылында дүниеге келген-ді. Атбасардағы он жылдық мектепті бітіргеннен кейін Новочеркаск (қазіргі Астрахан) аудандық әскери комиссариатының шақыруымен 1941 жылдың күзінде әскерге алынады да, Ақмола қаласындағы (қазіргі Нұр-Сұлтан) атқыштардың дайындық курсынан өтіп, 1942 жылдың қаңтар айында І Украина майданы құрамындағы 126-шы мотоатқыштар полкінің құрамына жіберіледі.
Бұл кез – неміс басқыншыларының қайткен күнде де Украинаны жаулап алуға бар әскери күшін үсті-үстіне төгіп жатқан кез екендігі тарихтан белгілі. Әкем қызмет еткен дивизияға Донның бойындағы елді мекендерді жау қолына бермей, сақтап қалу бұйырылады. Жау Донның қарсы бетіне өту үшін барлық күшін жұмылдырады.
Екі жақтың атқыласуының жойқын болғандығы соншалықты, өзеннің үстінен тартылған көпір опырыла қирап, дәл сол кезде жау жақ жағаға ұрыспен өтіп келе жатқан қызыл әскерлердің біразы суға да батып кетеді. Аман қалғандарының біразы Донды жүзіп өтіп, екінші бетке шықса, арасында әкем де бар екен. Өйткені балалық шағы мен соғысқа дейінгі бар өмірі Есіл мен Қалқұтан өзендерінің жағасында өткен әкем жақсы малтыса керек-ті.
Дон бойындағы шайқастарда өзінің өжеттілігімен және батылдығымен талай ерлік жасап, көзге түскен әкем отряд командирінің бұйрығымен взвод командирі болып тағайындалады да кейін, 1943 жылдың 1 сәуірінде Украинаның 68-ші мотоатқыштар полкіне жіберіледі. Харьков маңайындағы ұрыста алғаш рет аяқтан жараланып, госпитальға түседі. Сол госпитальда 1943 жылдың тамызынан 3 желтоқсанына дейін емделіп, майданға жарамды деп танылған соң ІІІ Украина майданының 27-ші дивизиясына жіберіледі.
Сонымен 1944 жылдың 30 қаңтарында контузия алып, ауыр жараланған әкем окоптағы топырақ астында ес-түссіз үш-төрт күн жатып қалады. Осы окоппен еңбектеп келе жатқан бір жауынгер ыңырсып жатқан әкемді байқап қалып, оның тірі екендігіне көзі жеткен соң, госпитальға жеткізеді. Госпитальда қанша емделсе де, жоғарыда айтқанымдай көзі қайыра көрмейді. Содан оны Одессадағы Филатов атындағы көз институтына да жібереді. Бұл институтта төрт ай жатып емделсе де дәрігерлер көз жанарын қайтара алмайды да өзінің әскери құрамына қайтарып жібереді. Бұл арадағы әскери комиссия амал жоқ еліне қайтаруға шешім қабылдайды.
Сол бір күйзелісті сәтте әкем «елге бармаймын, мендей соқыр адам енді ешкімге де керек емес» деп айқай салып, дауыс көтеріпті. Ал 1944 жылдың тамыз айында әскер қатарынан біржола шығарылған оны еліне жеткізіп салу үшін жанына бір медбике қосып беріледі.
Әкем елге, өз үйіне келген соң ешкіммен тіл қатысып сөйлеспей, томаға-тұйықталып қалады. Содан әкесі Өмірбай мен екі інісі Рысбай мен Рысбек 1950 жылы Одесса қаласындағы Филатов институтына апарады. Шіркін, жарық дүниені бір көрсем деген үмітпен осымен екінші рет келіп отырған бұл институтта бір апта жатып қаралады. Бірақ тағы да сол ұйғарым... көз жанары емдеуге келмейді.
Осыдан кейін әкем сабырға келіп, сабасына түсіп, қос жанарының су қараңғылығына мойынсұна бастайды. Петропавл қаласындағы музыка мектебінде оқып, баянда ойнауды үйреніп, зағиптардың оқу жүйесін меңгеріп алады. Соның нәтижесінде қарап отырмай, кітапты көп оқитын болады. Ара-арасында сырнайын да тартып, шерін тарқатады...
Анам жары Әмірхан әкемнің жылын өткізгеннен кейін екі баласын, яғни інім Аманкелді екеумізді алып, төркініне кетпекші болады. Мен жеті айлығымда туыппын да, әкемнің анасы, яғни әжем бауырына салып өсірген еді. Аманкелді өз анасының бауырында өскендіктен, бірге кетемін десе, мен «ешқайда бармаймын, кетпеймін» деп байбалам салсам да, бірақ шеше қоя ма, екеумізді де өзімен бірге төркініне алып кетпекші болады.
– Ұлымнан бір айрылдым, енді ұлымның мына екі баласын бөтеннің босағасына жібере алмаймын. Айналайын, келінім емес, қызым болып осы босағада қалшы,– деп атам мен әжем көз жастарын көлдей етіп зар жыласа керек. «Қызымды енді бұл босағада қалдырмаймын, қайтсем де алып кетемін» деп ат-арбасымен келіп тұрғандардың арасында анамның анасы мен інісі де бар екен. Осы бір тағдыршешті сәтте анам Ләтипа естілік танытып, атасы мен енесінің көз жастарынан аттай алмай, өз босағасында қалып қояды.
Бұл кезде әкем Есмұхан әлі ешкімге үйлене қойған жоқ-ты. Су қараңғы жанары айнала тіршілікті көре алмаған жанның кімге барып сөз салып, кіммен танысар жайы бар дейсіз?! Үйде отырып кітабын оқып, арасында сырнайын тартып қойып өмір кешіп жатқан Есмұханды қазақтың әмеңгерлік жолымен атам мен әжем менің анама үйлендіреді. Бауырындағы балапандарын жат босағада телмірткісі келмеген анам зағип қайнысына тұрмысқа шығуға көнген еді. Бұл шешімнің екі тарапқа да қаншалықты ауыр да азапты болғанын енді сезінемін. Алайда бұл жайында көздері тірі кездерінде екеуінен да сұрай алмадым. Сұраудың да қажеті жоқ еді. Есмұхан маған әке болып кетті. Ал Ләтипаның өзіне тұрмысқа шыққанын қатты бағалап, құрметтейтін.
Көзім көрмейді деп қарап жатпады, үйдің көп шаруасын өзі атқаратын еді. Тіпті, малды да өзі жайлайтын, шөп маялауда да жүретін. Қыс айларында күнбе-күн пешке жағатын көмірді де өзі үйге кіргізіп қоятын-ды. Сүт тартып, қаймақ былғау, қаймағы айырылған сүтті бұзауларға беру, қысқы соғымды жемдеп, семірту сияқты шаруаның барлығын да өзі атқаратын. Соңғы жылдары анам от тұтатып, пешін де жаға алмайтын болды да, әкем соны да өзі істеп жүрді. Бүкіл ел әкемнің іскерлігіне және ұқыптылығы мен тазалығына орай Есмұхан мен Ләтипаның мал қорасының өзінде шай ішуге болады деп сүйсініп отыратын.
Әкем мені және інімді оқытуға жанын салды. Бұл, бәлкім, өзінің туған ағасының балаларын кісі қатарына қосып, адами бір парызын өтейін деген адал ниеті де болар. Мен Ақмола қаласындағы педучилищені бітіріп, Астрахан ауданындағы туған ауылым Алғабаста мұғалім болдым. Кейін Қарағанды педагогика институтында (қазір университет) сырттай оқып, жоғары білім алдым. Қай оқу орнында оқысам да, үнемі оқу озаты болдым. Ал інім Аманкелдіні Ақмола ауыл шаруашылығы институтына түсірді. Бұл оқу орнының сол кездегі ректоры Гендельманға барып: «Сен менің баламды оқуға емтихансыз аласың! Саған беретін емтиханым мына менің екі көзім», дейді. Обалы нешік, ректор да сөзге келмей, інімді зоотехникалық факультетке емтихансыз қабылдатады.
...1954 жылы әкем Есмұхан мен анам Ләтипа ұлды болды. Есімін Ғизат қойды. Дене тұрқы әкесіне тартқан, ірі, сегіз айлығында екі жастағы баладай көрінуші еді. Сол Ғизат көз тиді ме, екі өкпесінен бірдей қабынып шетінеп кетті. Бұдан кейін басқа сәби көре алған жоқ. Әттең, сол баласы тірі болғанда, оның өмірі де басқаша болар ма еді?! Жалпы, бізге және немерелеріне деген сүйіспеншілігі ерекше еді. Менің қызым Дананы сегіз айлығында өз үйіне алып кетті. Анам сегіз айлық баланы тамақтандырып, жуындырып, ұйықтар кезінде әкеме беретін. Ол оны кеудесіне жатқызып, бесік болып тербетіп ұйықтататын. Дананың соған дағдыланғандығы соншалықты, тек әкемнің «кеуде бесігіне» ғана жатып, ұйықтайтын-ды. Інімнің баласын үш жасында бауырына салып өсірді. Өле-өлгенше ініммен бірге тұрды.
Уақытта байлау бар ма? Ұлы Жеңіске де, міне, 75 жыл! Кеудесіне І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендері мен сан түрлі жауынгерлік медальдарын тағып, Жеңіс тойланып жатқан алаңға барып келетін де үнсіз ойға берілетін. Сондай мерекелі сәтте балалары мен немере-жиендері жиналып, мәре-сәре болатын кездер де қараңғы дүниенің жарық бір сәулесіндей көкейімнен еш өшкен емес.
Хадиша ӨМІРБАЕВА,
Қазақстанның еңбек сіңірген білім қызметкері
НҰР-СҰЛТАН