Таным • 11 Мамыр, 2020

Момышұлының мүштігі (Польша музейінде тұр)

646 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Осыдан тура бес жыл бұрын, Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында, Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві Екінші дүниежүзілік соғыс тарихындағы ақтаңдақтардың бірі – әскери тұтқындар мәселесін зерделеу, қазақстандық әскери тұтқындардың тағдырын анықтау, олар туралы әртүрлі ресурстардан жинақталған ақпараттарды бір жерге топтастыруға бағытталған деректер базасын құру мақсатында «Екінші дүниежүзілік соғыстың қазақстандық әскери тұтқындары: әдебиеттер, дереккөздер және мәліметтер базасы» ғылыми-зерттеу жобасын қолға алған еді.

Аталған жоба аясында ар­хивте құрамына ұзақ жылдар бойы Ұлы Отан соғысы, қазақ­стандық әскери тұт­қындар мәсе­ле­лерімен айналысып жү­р­­ген ға­лымдар мен зерттеушілер ен­­­ген ғылыми кеңес құрылды. Жо­ба тақы­рыбына қатысты әде­биет­­тер, мер­­­зімді басылымдар­да жа­рия­ланған мақа­лалар жи­нас­­­ты­рылды. Сонымен қатар жо­баның маңызды бөлігі − tutkyn.kz­­ доменді атауы бойынша веб-сайт іске қосы­лып, онда қазіргі таңда 35 мыңнан аса қа­зақстандық әскери тұтқындар туралы ақ­парат жарияланған.

2017 жылдың қарашасында Қазақстан Президентінің Архи­вінде Польшаның Гданьск қала­сын­дағы Екінші дүниежүзілік соғыс музейінің басшылығымен кез­десу өтті. Кездесудегі келіс­сөздер барысында шетелдік әріп­­тестер архивтің әскери тұт­қын­­дарға қатысты жобасына қызығушылық танытып, алдағы уа­қытта Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбында серіктестік қарым-қатынастарды дамытуға мүдделі екендігін жеткізді. Кез­десу нә­ти­жесінде екі мекеме арасында өзара се­ріктестік туралы Ме­морандумға қол қойылды.

2008 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан музей 2017 жыл­дың 23 наурызында жаңа ғима­ратқа көшірілген. Барлығы 23 000 шаршы метрді құрайтын му­зей аумағының 6000 шаршы метрінде тұрақты экспозиция және 1000 шаршы метрге жуық аума­ғында уақытша көрмелер қойылған. Экс­позицияларда жалпы саны 40 мың­нан аса жәді­гер орналасқан.

Музейде орналасқан осы жә­ді­герлердің бірі біздің назары­мызды ерекше аударды. Ол 1943-1945 жылдардағы Үлкен үш­­тіктің конференцияларына арналған көрме залында орна­ласқан Иосиф Сталиннің мүштігі еді. Назарымызды аударғаны оның поляк және ағылшын ті­лін­де жазылған аңдатпасының маз­мұны болды, онда: «Кеңестік көшбасшы бұл мүштікті 1941 жылдың қысында Мәскеуді қор­ғауда ерекше көзге түскен қа­зақ полковнигі Бауыржан Мо­мышұлына берген» деп жазылған. Сталин қазақтың даңқты қолбас­шысы, Кеңес Одағының Батыры Бауыр­жан Момышұлына сыйла­ған бұл жәдігер музей қорына қа­лай түскен деген сұрақ біз үшін үлкен қызығушылық ту­ғызды. Сол жерде бізді музей­мен таныстырып жүрген ғылы­ми қызметкерден бұл туралы сұрағанымызда, мүштікті мұн­да поляк саяхатшысының тап­сырғанынан басқа ақпарат ала алмадық.

Кейін анықтағанымыздай, мүш­тікті музейге табыстаған поляк тарихшысы және саяхатшысы Ромуальд Карась екенін білдік. Ол мүштікті 2015 жылдың 6 нау­рызында музей қорына тап­сырған. Сол кезде «Сталиннің мүштігі Гданьск қаласындағы Екінші дүниежүзілік соғыс му­зейінің коллекциясына табысталды» деген атпен бұл жаңалық Поль­шаның басылымдары мен бұқа­ралық ақпарат құралдарында жарияланған. Мұндай хабарлама таратқан сайттардың бірінде Ромуальд Карасьтың мүштікті музейге тапсырып отырған сә­ті және үстел үстінде жатқан Бауыр­жан Момышұлының су­реті де жарияланған. Өз сөзінде Ро­муальд Карась мүштікті 60-­­жыл­дардың соңында Алек­сандр Бектің «Волоколам тас жо­лы» романының қаһарманы Бауыр­жан Момышұлынан сый­лық­қа алғанын жеткізеді. Ол Ал­маты қаласында болған кезінде Бауыржан Момышұлын арнайы үйіне іздеп барып, батырмен кездескен. Польша журналистеріне бер­ген сұхбатында ол Бауыржан Мо­мышұлымен кездесуін былай сипаттаған: «Кездесу соңында ол маған қазақ халқының көне дәстүрі бойынша құрметті қо­нақ­қа жылқы мінгізетінін, алайда оның жылқылары қазір алыстағы қырда екенін жеткізді. Мен оған атқа міне алмайтынымды және оны ұстайтын жағдайымның жоқтығын бірден айтып алғы­сымды білдірдім. Мүмкін мен оның сыйлығын қабыл алмай оны ренжітіп те алған шығармын. Сол кезде ол маған зергерлік әше­кейлерден естелікке бір сыйды таңдауымды сұрады, бірақ мен оны да алудан бас тарттым. Соңында Бауыржан Момышұлы осы мүштікті алып келді де, оны оған Кремльде болған кездесуде соғыстағы ерлігі үшін Сталиннің сый­лағанын айтты. Сонымен қа­тар ол маған кейін қандай да бір қиын жағдайға тап болсам, бұл мүш­­тікті коллекционерлерге үл­­кен қаржыға сатуға болатынымды айтты». Алайда саяхатшы бұл жәдігерді ұзақ жылдардан кейін Екінші дүниежүзілік соғыс му­зейі­­не тапсыруға шешім қабыл­даған.

Ромуальд Карась Қазақ­станға саяхаты, Бауыржан Момыш­ұлы­мен кездесуі туралы өзінің 1969 жылы жарияланған «Kumys na desert» (орысша атауы «Кумыс на десерт») атты кітабында жаз­ған. Кітаптың мұқабасында үс­тіне қазақы шапан, басына ты­мақ киген, қолында бүркіті бар ат үстінде отырған қазақ бей­неленген. Сонымен қатар мұқа­бада «Бұл кітапта біз «Воло­колам тас жолының» қаһар­маны – даңқты Бауыржан Мо­­мыш­ұлын, қазақтың ұлы ақы­ны Абайды кездестіреміз» деп жа­зыл­ған. Автор кітаптың бір бөлімін «Волоколам тас жо­лының» қаһарманы» деп атап, онда Бауыржан Момышұлының «За нами Москва», «Наша семья» шығармаларына, Алек­сандр Бектің кітабындағы Бауыр­жанның образы және өзінің оның Алматы қаласындағы пә­те­рін­де кездесуі туралы ег­жей-тегжейлі тоқталған. Поляк тілінде шыққан кітаптың бұл бөлімінің мазмұнымен біз іс­сапар барысында қазақстандық делегацияны Польша аумағында болған ұрыстар нәтижесінде қаза тапқан Кеңес әскерлерінің жерленген орындарымен таныс­тырған әріптесіміз, Поморье вое­водствосының генеалогиялық қоғамының мүшесі Войцех Бе­щин­скидің орыс тіліне аудар­ған нұсқасынан таныстық.

Осылайша Екінші дүние­жүзілік соғыстың даңқты жауын­гері, Кеңес Одағының Батыры, Мәскеу үшін шайқаста ерекше көз­ге түскен қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлының мүш­тігі Еуропаның төріндегі музейде сақтаулы тұр.

 

Мұхаммед Жылгелдинов,

Қазақстан Республикасы Президенті Архиві директорының көмекшісі