Қоғам • 11 Мамыр, 2020

Кітапханашы мен медбикенің мәселесін кім шешеді?

551 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мен 16 жасымнан бері мектепте еңбек етіп келемін. Тәрбиеші, меңгеруші, ұстаз, кітапханашы мамандықтарын жетік меңгердім десем де болады. Алла қаласа, ендігі жылы еңбек өтілім 40 жыл болады.

Кітапханашы мен медбикенің мәселесін кім шешеді?

Egemen Qazaqstan газе­ті­нің 2020 жылғы 27 ақпан күнгі №40 санында жа­рия­лан­ған «Ұмыт қал­ған­дар кім­нен қор­қа­ды?» атты ма­қа­ла мектеп кітап­ха­на­шы­ла­рының мәселесін қозғапты. Көте­рілген мәселе өте орынды, алғы­сымыз шексіз. Бірақ біздің жа­най­­қайымыз, қағаз бетінде ғана кө­терілмей, тал­қы­­ланып, іске асса екен дей­міз. Қандай маман иесі болсын, өздері осы бұлақтан су ішіп, өсіп-өнгенін, қолына мектеп кітапханасынан кітап алғанын, сол кітаптан білім алып, осындай дәрежеге жетіп отырғанын  ұмытпас. Мектеп кітапханасы – ұлы мамандық. Ең көп қазына кімде десе, мектеп кітапханашысында деп айтар едім. Мектеп директоры­нан бастап, кішкентай оқыр­ман­дардың жүрегін жаулайтын, ешқашан «жоқ» демейтін,  бәрі­нің көңілін, тілін табатын, жаны ізгі, жайсаң жандар ғана осы ма­ман­дық иесі бола алады. Мектеп кітап­ханашысы дегеніміз – ақын, жазу­шы, ұстаз, тәрбиеші, әдіскер, әнші, биші, психолог.

Кітапханашы мамандығын үш жыл, мұ­ға­лімдікті алты жыл оқы­­­дым. Бәрін қосқанда тоғыз жыл. Мен еңбек еткен 40 жылда білім саласында көптеген өзге­ріс болды.  Мек­тепсіз өміріміз қа­раң қала­тын сияқты. Қандай кезең­дер­ден өтпе­дік. Бәріне шы­дап бақ­тық. Бірақ еңбекақы мәсе­лесіне келгенде мектеп кітап­ха­нашыларын ұмытып кеткені жанымды жай таптырмады. Онда не үшін жоғары оқу орындарында оқыдым? Әкем мар­құм айтқандай, күректей екі диплом­ды не үшін алдым, мені осыншама жыл­дан кейін мазақ ету үшін бе?! Мәр­тебемізді түсіруге кімнің қа­қы­­сы бар? Мәдениет және білім са­ла­сында қызмет еткеніміз үшін, мектеп оқушыларын оқу­лық­пен қамтып, қалалық, мек­тепішілік іс-шараларды жо­ға­ры деңгейде өткізгеніміз үшін бе?

4

Назарбаев зияткерлік мек­теп­­те­­рінің кітап­ха­на­ла­рын­да кітап­ха­нашы-педагог, кітап­ханашы-әдіс­кер деген мәртебе бар. Ал қала кітапханашылары әдіскер, мең­ге­руші, библиог­раф, оқу бөлімі, т.б. салаларға бөліне отырып, жұ­мыстары жеңіл болса да, алатын жала­қы­лары көп. Ендеше, дәл осындай еңбек етіп отырған мек­теп кітапханашыларының ең­бек­­­а­қысын көтермеу кімге керек? Әрине ешқандай мектеп ди­рек­­торы немесе әкімшілік маған «еден жу» немесе «барып кел, алып кел» деген жоқ. Ақшасын  аз төлесе де, намысымды ешкім қор­ла­ған емес. Алайда Үкімет мұғалімдер, мә­де­ниет қыз­меткерлерінің жала­қы­сын өсіріп, мектеп кі­тап­­­ханашыларын ұмытып кет­­ке­ні  – адамның ақылына сый­майтын жайт. Яғни біздің құ­қы­­ғымызды аяқасты етіп отыр.

Рас, кейбір кітапханашылар жа­лақының аздығынан өз мек­­те­­бінде қосалқы  жұмыс іс­теуге мәжбүр. Әйтсе де қа­зі­р­гі заманда  мектеп кі­тап­­ханашыларының ең­се­сі биік болуы тиіс. Біз өз мамандығымызбен мақ­­та­­намыз. Ендеше, тыным­сыз еңбе­­гімізге сәйкес еңбек­ақы­­мыз да жоғары болуы керек.

 

Бахтықан БАШИБЕКОВА,

№5 гимназияның кітапхана меңгерушісі

 

Нұр-Сұлтан