Бала күнімізде әкеміз соғыс туралы айта бермейтін. Оның да түрлі себебі бар екен... Әкемнің тағдыры оңай болмаған: қан майданда қырғынға қатысып, тұтқынға түскен, неміс концлагерінде азап көріп, кейін қашып шығып партизандарға қосылған, алайда соғыс біткен соң кеңестік репрессияның құрбаны болып, өз елінің түрмесіне қамалған. Оларға соғыс туралы, тұтқында болғаны туралы айтуға тыйым салынған екен.
Әкем Жұмажан Дәуітов 1942 жылы армия қатарына шақырылып, бірден Сталинград түбіндегі қырғынға түскен. Жан алып, жан беріскен ұрыс. Күн мен түннің есебінен жаңылысты. Қоршауда жатып екі ай соғысты. Оқ-дәрі, азық-түлік бәрі таусылған. Арттан келер көмек жоқ. Сол қоршауда командирі Вициенко Павловичпен бірге тұтқынға түседі. Аш-жалаңаш, жаралы, ауру тұтқындарды топырлатып Миллерово қаласының түбіндегі лагерьге айдап әкеледі. Лагерьде адам күнде жүздеп, мыңдап қырылады. Содан кейін оларды Түркістан легионына қосады. Осы жерде олар неміс взвод командирін атып тастап, 37 адаммен партизандар жағына өтеді. Бұл испандық партизандар екен. 1944 жылы Пиреней тауының етегінде соғысады. Ақыры өліммен әлденеше рет беттесіп жүріп, Француз армиясына қосылады. Олардың басшысы генерал-полковник Драгун екен. Осылайша Ұлы Жеңіске бір кісідей үлес қосса да, соғыстан кейін не тағдыр күтіп тұрғанынан бейхабар еді.
«Әлі есімде, 1945 жылдың 12 мамыры. «Ертең эшелон келеді, сіздер сонымен елге қайтасыздар деген хабар алдық. Бізді «Бауырлар, сендерді Одақта Сталиннің лагері ғана күтіп тұр. Елге қайтпаңдар!» деп үгіттегендер де болды. Сонымен не керек, елімізге аман-есен келдік», деп еске алатын әкеміз.
Әттең, бұл мамыражай шақ ұзаққа созылған жоқ. Дәл өзіндей тағдырлас жауынгерлермен бірге Оңтүстік Орал әскери округ трибунасының 1948 жылғы 6 сәуірдегі қаулысымен, атақты 58-баптың 1-тармағы бойынша сотталып кете барады. Әкем сияқты боздақтар, Екінші дүниежүзілік соғыстың қаһарман жауынгерлері бір сәтте жау атанып, Магадандағы лагерьден бір-ақ шығады. Әділетсіздік пен заңсыздық кесірінен үкімде олардың қанша жылға сотталғаны да көрсетілмеген еді. Қаншама қиыншылық көрген ол өзіндей тағдырластарымен бірге Сталин қайтыс болғаннан кейін ғана аман-есен елге оралды.
Елге келген соң да әкеміздің өткен өмірі кейінгі қызметіне, еңбегі сіңген мадақ-марапатына кесір болды. Ең өкініштісі, «соғыс ардагері» мәртебесі мен түрлі жеңілдікті де кеш алды. Ал жабылған жала, өз елінде көрген азап пен қорлықтың жанға салған жарақатын әкем өзімен бірге ала кетті.
Бүгінде әкеміздің артында қалған үш ұл мен төрт қыздан жетпіске тарта немере-жиен, шөбере өсіп келеді. Біз осындай адамның ұрпағы болғанымызды мақтан тұтамыз!
Нұрзия ЖҰМАЖАНҚЫЗЫ
Батыс Қазақстан облысы,
Бәйтерек ауданы