Соғыс жылдарында өзбекстандық жауынгерлердің көрсеткен ерлігі мен қаһармандығы үлкен ерлік мектебі ретінде уақыт өткен сайын өшпес құндылық сарынында маңызы артуда. Өзбекстанда жыл сайын 9 мамыр «Еске алу және қастерлеу күні» ретінде кеңінен атап өтіледі. Екінші дүниежүзілік соғыста қаза болғандарды еске алып, фашизмді жеңуде майданда, тылда ерлік көрсеткен ардагерлерге ерекше құрмет көрсету Өзбекстанда да шынайы дәстүрге айналған.
Өзбекстандағы Жаңажол ауданының азаматы Ілияс Оразов та Екінші дүниежүзілік соғыстың сұрапыл шайқасына қатысып, ерлік пен батылдық үлгісін танытқаны үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған. Оның есімі Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағының Батыры атанған 104 қазақ батырының қатарында аталады.
Ілияс Оразов Жаңажол ауданындағы Калинин атындағы шаруашылықта 1922 жылы дүниеге келген. 1940 жылы өнеркәсіптік-экономикалық техникумды бітіріп, шаруашылықта бухгалтер болып істеген. 1941 жылы әскери қызметке шақырылады. 1942 жылдың мамыр айынан бастап армия қатарында қызмет еткен. 1944 жылы кіші лейтенанттар курсын бітіргеннен соң 572-полкінде (3-Украина майданы 57-армияның 233-атқыштар дивизиясы) взвод командирі болып фашистерге қарсы соғысты.
Лейтенант Оразов 1944 жылы 12 қарашада взводымен Батина елді мекенінде (Югославияның Самбор қаласынан солтүстік-батыста орналасқан) Дунай өзенін кешіп өтіп, сол жағалаудағы қамалды алады. 1944 жылы 12-20 қараша аралығында плацдармды кеңейту үшін болған соғыста қатардан шыққан рота командирінің орнын басып, ротаға басшылық етеді
1944 жылы 20 қарашада стратегиялық тұрғыдан маңызды биіктікті ұстап қалу шайқасында лейтенант Оразов взводы жаудың траншеясына бірінші шабуыл жасайды және соғыста 50-ден астам дұшпанды жояды, 2 пулеметті істен шығарады. Гранаталармен қаруланған бір топ әскермен Оразов жаудың артиллерия батареясына жақындап, жаудың қару-жарағын талқандайды. Өзінің осындай ерліктері арқылы басқа бөлімдердің шабуылға шығуына жол ашып береді.
1945 жылы 11 ақпанда Венгрия аумағындағы жау шекарасына шабуыл кезінде Фальшторнц хуторы маңында лейтенант Оразов қаза табады. Бейітінің нақты орналасқан жері белгісіз.
1945 жылғы 24 наурызда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы Жарлығымен Ілияс Оразовқа жауынгерлік тапсырмаларын орындауда ерлік пен батырлық танытқаны үшін Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. Сонымен қатар ол Ленин және «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, сондай-ақ медальдармен марапатталған.
Соғыс аяқталғаннан соң Ілияс Оразовтың есімін ұлықтау мақсатында жұмыстар жүргізілді. Нақтылай айтқанда, Жаңажол қаласындағы комбинатқа, сондай-ақ Жаңажол ауданындағы Ескі қауыншы ауылының «Бунедкор» махалласындағы өзі оқыған мектепке оның аты берілді. Қаһармандық көрсеткен кезде Ілияс Оразов 22 жаста болған.
Ғұламзәкір ЮСУПОВ
Ташкент (Өзбекстан)