Біріншіден, Исмаил Гаспыралының 1909 жылы қазақ халқы туралы жанашырлықпен жазған мақаласы орнымен, орайымен оралған екен. Осыдан 111 жыл бұрынғы түркі әлемінің тау тұлғасының жанайқайы, терең ой-толғауы тарихи құнды әрі тірі дүние. Оның даламызға төніп келе жатқан қауіп-қатерді сезініп, болжаған көрегендігі мен жар салып сақтандыруы қайран қалдырды. Темір жол келіп, жерді жатжұрттар алса, өріс тарылып, мал қырылса, қазақ халқы қырғынға ұшырауы мүмкін, тезірек отырықшы бол, егін ек, кәсіп қыл деген даналық сөздің шындығын кейінгі тарих көрсетті – ашаршылық қасіреті естен кетер ме?
Екінші назар аударатын жайт – осы тарихи еңбектен ой сабақтаған ғалым Дархан Қыдырәлінің атакәсіп туралы толғамдары. Шынында да, атадан қалған кәсіп көп болғанымен, бүгінде нәсіп болып отырғаны қайсы? Бұл ел болып ойланатын мәселе. Әр халықтың өзіне тән, атадан қалған кәсібін нәсіп қылып, өзге елдерге ұлттық ерекшелігі ретінде танытып жүргенін айта келіп, мұның өзі елдің елдігін, рухани әлемін, тіпті денсаулығын сақтап тұратын тамыры, мәні терең тұтас бір әлем екендігіне тың көзқарас білдіреді. Ал біздің қазақ баласының атакәсіптері туралы тарата сөйлеп, қазір осының қайсысын біздің бауырларымыз кәсіби деңгейге көтеріп, табыс тауып отыр деген өміршең ойды қозғайды. Шынында да, міне, мынадай, мынадай атакәсібіміз бар, одан мынадай пайда тауып отырмыз деп әлемнің алдында ауыз толтырып айта аламыз ба? Әйтпесе ерінбеген адамға еңбек табылады, талаптыға кәсіп аз емес қой. Аңыздың маңызына зер салып көрсек, Дәуіт пайғамбар патшалық құрған кезінде қарапайым киініп, өзін ешкімге танытпай, халық көп жиналатын базарды аралайды екен. Сөз арасында реті келгенде, адамдардан: «Патшаларың қандай?» деп сұрайды екен. «Патшамыз жақсы, әділ!» деген жауап естіп, қуанып қалады екен.
Бір күні бір кісі оның бұл сұрағына: «Патшамыз жаман!» депті. Дәуіт пайғамбар ренжіп қалса да сабыр қылып, себебін сұрайды. Сонда әлгі кісі: «Патшамыздың өзін өзі асырайтын кәсібі жоқ, халықтың үстінен күн көреді!» депті. Дәуіт бұл сөзді көңіліне ауыр алып, көп ойланады. Ақыры, ащы болса да шындық екен-ау деп өкініп, Алладан: «Маған нәсіп болатын бір кәсіп бере гөр!» деп тілейді.
Бір күні ет жеп отырып итіне сүйек тастайды. Ит сүйекті алдыңғы екі аяғымен қысып алып, кеміре бастайды. Оған қарап отырып, Дәуіт қысқашты ойлап табады. Қысқашпен қысып, темір соғуды үйренеді. Алла тағала оның иттен болса да үйренген ынтасына, кішіпейілдігіне риза болып, ұсталық өнерді берген екен. Дәуіт асқан шебер ұста болып, маңдай терімен тапқан табысымен күн көреді. Ұсталық даңқы шығып, әлемге әйгілі шебер атанады, халқының құрметіне бөленеді.
Қазақтың батырлар жырында: «Бадана көзді бек сауыт, Беркітіп соққан ер Дәуіт» – деп жырланады. Оның соққан сауытынан садақтың ұшқыр жебесі өтпейді, құрыш найза теспейді, алмас қылыш кеспейді. Міне, адал кәсіп нәсіп болып, ердің жақсы атын шығарып, абырой, алғысқа бөлейді.
Бірақ осы жерде бір ойланатын өмірлік мәселе – адал кәсіппен айналысып жүрген жандардың еңбегі еш, тұзы сор болмауы. Яғни талапты еңбекқор жандарды барынша қолдап, жан-жақты демеу көрсету, табанақы, маңдай терімен алған, шығарған өнімін уақтылы өткізуіне мемлекеттік қамқорлық жасау аса қажет. Әйтпесе ерінбе, еңбек ет деп айту ауызға оңай, ал шын мәнінде атадан қалған кәсіппен шындап айналысатын адамдарға нақты қолдау болмаса, ісі өрге басуы аса қиын.
Әрине қазақ үшін кәсіптің ең негізгісі – мал өсіру. Кейде әсіре біржақты ойлайтын бауырларымыз шамданып жатады: «Немене, қазақтың қолынан мал бағудан басқа ештеңе келмеп пе?» деп. Келген, әрине келеді де. Бірақ бабымен мал бағу, кәсіби түрде мыңғыртып өсіріп, сапалы, экологиялық таза ет пен сүт, қымыз бен шұбатты базарға шығару оңай деп кім айтты? Өркениетті деген елдердің небір кереметі оқыған, білімпаз балалары қолына таяқ ұстап, бір күн мал баға алар ма екен?
Ауылдағы қазақтың дәмі де, сәні де қорадағы малымен!
«Бала-шағаңды асырап отырған, өзіңе нәсіп болған кәсібіңді себепсіз тастап кетпе!» деген пайғамбарымыздың хадисі есімде.
Бала күнімізден естіп өстік, аталарымыз бір-бірінен: «Кәсіп не?» деп сұрайтын.
Үлкендер еңбекқор жандарға риза болғанда: «Кәсібіңе береке берсін!» деп бата береді екен.
Баянғали ӘЛІМЖАНОВ