Саясат • 12 Мамыр, 2020

Заңның игілігі мол

490 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Ардагерлер туралы» Заңға 7 мамыр күні қол қойған Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев Отан қорғаушы және Жеңіс күніне орай ұмытылмастай сыйлық жасады.

Заңның игілігі мол

Бізге тағдыр 1991-2001 жыл­дар арасында тәжік-ауған шекара­сын­да бұрынғы КСРО, қазіргі Тәуел­сіз Мемлекеттер Достастығы­ның іргесін қорғауды бұйыртыпты. Осы бір беймаза аймақта әске­ри қызметін атқарған 250-дей бұрын­ғы жауынгер 2016 жылы бас қо­сып, «Тәжік-ауған шекарасын­­­да­ғы әскери қимылдар ардагерлері мен мүгедектері» Батыс Қазақ­­стан облыстық қоғамдық бірлесті­гін құрдық. Бірлестік мүше­лері қарулас досымыз, 1995 жылы 7 сәуірде Пшихевар шатқалын­да болған ұрыста қаза тапқан жерлесіміз Радик Қаймолдиев­ті әрқашан мақтанышпен еске алады. Шымкентте құрылған 6506 әскери бөлімнің жауынгерлері күші әлдеқайда басым жаумен 5 сағат бойы арпалысып, 17 боз­дақ жанын қиды. Соның бірі – Батыс Қазақ­стан облысының Шың­ғыр­лау ауданында туып-өскен сер­жант Радик Қаймолдиев болатын. Осы ерлігі үшін Радик ІІ дәре­желі Айбын орденімен наград­талды. Бүгінде оның бейнесі 29 ауған­­дық жауынгермен бірге Орал қала­сын­дағы Мәңгілік алау жанында, Жеңіс алаңына орнатылған.

Шыны керек, біз, тәжік-ауған әскери қақтығысына қатысқан жауынгерлер, осы күнді көп күттік. Міне, енді Тəжікстан-Ауғанстан учаскесінде ТМД шекарасын қорғаған əскери қызметшілер ғана емес, Ирактағы халықара­лық бітімгершілік операцияға бітім­герлер ретінде қатысқан, Тау­лы Қарабахтағы этносаралық қақ­тығысты реттеуге қатысқан əскери­лер де ардагер мәртебесін алды. Бұл мәртебе бізге түрлі әлеу­меттік жеңілдік қана бермейді. Ең бастысы – біздің мәртебеміз өсті.

Қарулас достарымыздың бәрі де жаңа Заңға ерекше риза. Осы Заң арқылы енді біз мемлекет тарапынан арнайы жәрдемақы ала аламыз, біз де Ауған соғысына қатысқан интернационалист-жауынгерлерге көрсетіліп келген барлық жеңілдікті пайдалана аламыз. Бұл дегеніңіз – тұрғын үй кезегі, салық жеңілдігі, тегін медициналық қызмет, емдік-сауықтыру орындарына жолдама ғой. Біздің арамызда әлі күнге өз баспанасы жоқ көп балалы отбасылар бар, енді олар жаңа Заңның игілігін көретін болады.

Мен өзім 1992 жылы Чапаев аудандық әскери комис­­сариатынан әскерге шақы­ры­­лып, Жаркенттегі №2091 әске­ри бөлімінде борышымды атқар­дым. 1993 жылы 1 қыр­күйекте 2 жеке атқыштар батальоны құра­мында Душанбе қаласына жет­тік. Одан әрі Хорог шекара бөлім­шесіне, №6 зас­таваға түстік. Осы жерде 4,5 ай кү­зетте болып, әскери қақты­ғыс­т­арға да қатыстым. Сон­дық­тан мен үшін «Әскери қимыл­дар ардагері» мәртебесін иелену мақтаныш. Мен ең алдымен қару­лас достарым үшін, осы шекарада қанын төккен, тіпті жанын қиған боздақтар үшін қуандым.

 

Дәрбек СҮЛЕЙМЕНОВ,

«Тәжік-ауған шекарасындағы әскери қимылдар ардагерлері мен мүгедектері» облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Батыс Қазақстан облысы