Үдемелі өлшемнің негізінде жалақысы төмен азаматтар салықты қазіргіден әлдеқайда аз төлейтін болады. Ал еңбекақысы жоғары қызметкерлердің төлейтін салығы артады. Мәди Такиевтің айтуынша, қазір Ұлттық экономика министрлігі жанынан бұл мәселемен тікелей айналысатын арнайы жұмыс тобы құрылды. Белгілі болғандай, оның құрамына Парламент депутаттары, «Атамекен» ҰКП және жауапты министрлік өкілдері мен қоғам қайраткерлері кіреді.
«Жеке табыс салығына белгіленген үдемелі өлшемнің шегі мен мөлшерлемесі ашық талқыланатынын айта кету керек. Бұл шара енді қолға алынғандықтан үдемелі өлшемнің мөлшерлемесі қандай болатынын әзірге айту қиын. Осы мәселені талқылауға қоғам өкілдері жаппай тартылмақ. Осыған байланысты нақты дәйекті ақпарат арнайы жұмыс тобының отырыстарынан кейін белгілі болады», – деді вице-министр.
Сол секілді спикер Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкіметтің төтенше жағдай кезінде шағын және орта бизнесті қолдауға арналған жедел шаралары жөнінде айтты.
«Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі» Жарлықтың негізінде бизнесті қолдау үшін келесі салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Біріншіден, сауда-ойын орталықтары, кинотеатрлар, көрме орындары және спорт нысандары жыл соңына дейін мүлік салығынан босатылады. Мұндай жеңілдік қонақ үй және туристік қызмет салаларында жұмыс істейтін салық төлеушілерге де қарастырылған. Бұдан басқа жеке қызмет түрлерімен айналысатын мамандар, атап айтсақ нотариустер, заңгерлер, сот орындаушылары және медиаторлар қазанның 1-не дейін мүлік салығынан босатылды. Жалпыға ортақ тәртіппен жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер жылдың аяғына дейін жеке табыс салығынан босатылып отыр. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер аграрлық мақсаттағы жер салығын төлемейді. Әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларына арналған қосылған құн салығының мөлшерлемесі қазанның 1-не дейін 12%-дан 8%-ға дейін төмендетілді. Микро, шағын және орта бизнес субъектілері 1-ші сәуірден бастап қазан айына дейін 29 қызмет түріне сәйкес, еңбекақы төлеу қорынан салық және басқа да міндетті төлемдерден босатылды», – деді М.Такиев.