Қазақстан • 13 Мамыр, 2020

«Богатырь Көмір» ЖШС былтыр 44 млн тонна энергетикалық көмір өндірді

902 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Богатырь Көмір» ЖШС – «Богатырь» және «Северный» кеніштерінде ашық тәсілмен көмір өндіретін әлемдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі. Көмір разрездері Павлодар облысында Екібастұз қаласына жақын орналасқан. Бұл туралы ИИДМ баспасөз қызметі хабарлады.

«Богатырь Көмір» ЖШС былтыр 44 млн тонна энергетикалық көмір өндірді

Кен орнының теңгерімдік қоры шамамен 3 млрд тонна көмірді құрайды. Компания өндірістік қызметтің басынан бастап өндірісті техникалық қайта жарақтандырумен айналысады. Тас көмірді өндіру бойынша көшбасшы және Ресейге көмірді негізгі экспорттаушы. Бүгінгі таңда кәсіпорында 7 мыңнан астам адам еңбек етеді.

2019 жылдың нәтижелері бойынша «Богатырь Көмір» ЖШС 44,85 млн тонна энергетикалық көмір өндірді. Ішкі нарыққа 33,8 млн тонна көмір тиеліп, ресейлік тұтынушыларға 10,9 млн тонна экспортталды. Компания биыл да осы көрсеткіштерді сақтап қалуға ниетті.

«Богатырь Көмір» ЖШС өндіретін көмір Қазақстанның ірі электр станцияларын отынмен қамтамасыз етеді. Еліміздің барлық электр энергиясын өндірудің шамамен 33% компания өніміне тиесілі. Сондай-ақ Ресейдің ірі орта Урал электр станциялары, оның ішінде Рецтин МАЭС, Троицк МАЭС компанияларына жеткізеді.

2014 жылы «Богатырь Көмір» ЖШС (бенефициарлары «Самұрық-Энерго» АҚ (50%) және «РУСАЛ» БК (50%) АК көмір өндірудің циклдік-ағымдық технологиясына (ЦАТ) көшу жобасын мақұлдады. Бұл, ең алдымен, тау-кен жұмыстарының неғұрлым терең қабаттарға көшуіне, кен орнын игерудің тау-кен-геологиялық және тау-кен техникалық жағдайларының нашарлауына байланысты. Қазіргі уақытта жобаның техникалық–экономикалық негіздемесі әзірленді. Негізгі жабдықты жеткізуші болып Германияның «ThyssenKrupp» өнеркәсіптік концерні анықталып, онымен келісімшарт жасалды және инжинирингтік жұмыстарды жүргізу басталды. №1 желі және №2 желі жабдықтарын дайындау және жеткізу үшін бірінші және екінші аванс төлемі жүргізілді. ЕАДБ-мен несие шартына қол қойылды.

Жоба шеңберінде карьерішілік қоймаларды және роторлы экскаваторларды ұсақтау-ауыстырып тиеу пункттеріне ауыстыру және карьерішілік темір жолдарды көмірді конвейерлік тасымалдауға ауыстыру арқылы өндірісті жаңғырту көзделген. Бұл жаңашылдық «Богатырь Көмір» ЖШС негізгі құралдары қорын жаңартуға, өндірілетін көмірдің өндірістік қуаты мен тұтыну сапасын арттыруға, өндіруге жұмсалатын шығынды азайтуға және экологияға теріс әсерін шектеуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар көмір өндіру бойынша «Богатырь» разрезінің қуаты жылына 32 млн - нан 40 млн тоннаға дейін артады. Еңбек өнімділігі 25% жоғарылайды. Көмір өндірудің өндірістік өзіндік құны 12%  төмендейді және вагондар айналымының орташа уақыты 14,3 сағаттан 5,4 сағатқа дейін қысқарады. Сонымен қатар жобада екі конвейерлік желі құрылысы қарастырылған. Олар 2020 - 2022 жылдары 2 кезеңмен іске асырылады.

Әрине, аталмыш жоба еліміз үшін аса маңызды болып саналады. Ол тау-кен өнеркәсібінде және карьерлерді қазуда жүзеге асырылады. Жоба кен орнын одан әрі дамытуға ықпал етеді, сондай-ақ көмір экспорты есебінен өзара сауда көлемін ұлғайтуды көздейді және мемлекеттердің өзара өндірістік ынтымақтастығын қолдайды. Құрылыс және одан әрі пайдалану кезеңінде көмір өнімін өндіруді ұлғайтуға ықпал етеді.

Бұдан басқа, жаңа бірегей жабдықтар мен энергетикалық көмір өндіру технологиясы енгізілуде. Бұл инновациялық құрамдас бөлікті айқындап, разрездер ішінде тұқымды орналастыру жоспарына байланысты өндірудің қоршаған ортаға теріс әсерін азайтуды көздейді. Сондай-ақ шетелдік қаржы институттарының қаражаты тартылатынын атап өткен жөн. Жобаның халықаралық деңгейде маңыздылығын арттырады, халықаралық банк тәжірибесіне сай болып, күрделі және ірі мәмілелер бойынша ЕАДБ құзыретін арттыруға ықпал етеді.

Жалпы, жобаны табысты іске асыру Павлодар облысы халқының табыс деңгейін, өмір сүру сапасын және еңбек жағдайларын арттыруға, барлық деңгейдегі бюджетке салық төлемдерінің артуына ықпал ететін болады. Осылайша, жобаны іске асыру Қазақстан экономикасы үшін оң нәтиже беріп қана қоймай, алдағы уақытта Еуразиялық кеңістіктегі елдер экономикасының сауда әлеуетін кеңейтуге жол ашады.

 

Соңғы жаңалықтар