Қазақстан • 14 Мамыр, 2020

Мемлекеттің дағдарысқа қарсы вакцинасы: Қазақстандық бизнес дауылға дайын ба?

290 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Əлем постпандемиялық кезеңнің қам-қарекетіне кірісті. Дəлірек айтсақ, жаһан елдері жұқпалы індет салдарынан тұралаған экономиканы қалпына келтірудің амалдарын қолға алды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дағдарысқа қарсы кезекті мемлекеттік пакетті ұсынды. Бұл "қауіпсіздік көпшігі" дүниежүзілік рецессиядан шығынсыз өтуге септесе ме? Күрделі кезеңде отандық бизнесті қолдаудың мемлекеттік тетігі қаншалықты ойластырылған яки еліміздегі өнеркəсіп секторында қажетті барлық инфрақұрылым талапқа сай ма? Анықтап көрейік.

Мемлекеттің дағдарысқа қарсы вакцинасы: Қазақстандық бизнес дауылға дайын ба?

Мемлекеттік сатып алуда жергілікті үлес ұлғайтылады

Қазір күн тəртібіндегі негізгі мəселе - экономиканың өзін-өзі қамту деңгейін арттыру. Бұл ретте Қазақстандағы қуатты шикізат өнеркәсіп сегментінде өңдеудің тың тәсілдерін дамытуға тура келеді. Осыны тізбектеген Мемлекет басшысы келешекте отандық шаруашылықтың құрылымына тың көзқараспен қарау керектігіне баса мəн берді. Демек, жедел түрде экономиканың заманауи мазмұны əзірленуі тиіс. Шикізат нарығындағы құбылмалы тербелістер, тек табиғи ресурстарға ғана үміт арту қате екендігін көрсетті. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де растап, энергетика секторында реформа жүргізу арқылы орта мерзімде «жасыл энергетикаға» бет бұру – аса маңызды бағыттардың қатарында екенін айтты. Осы орайда  алға қойылған мақсаттар мен әдіс-тәсілдерді белгілеп алған артық болмас. Президенттің айтуынша, мемлекеттік сатып алу мен квазимемлекеттік сектордың сатып алу жүйелерін тиімді пайдалану – экономикалық белсенділікті қалпына келтірудің бірден-бір жолы. Сондықтан отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған мемлекеттік сатып алудың ерекше тәртібі биылғы тамыз айына дейін жалғасады. 

«Өз материалымызды және құрал-жабдықты барынша пайдалану бизнесті дамытудың басты талабы болуға тиіс. Инфрақұрылымдық бағдарламалар бойынша жергілікті мүмкіндікті пайдалану деңгейін 40%-дан 60-70%-ға дейін жеткізу керек» деген Қ.Тоқаев Үкіметтің, әкімдердің және ірі компания басшыларының жұмысы, осы көрсеткіш негізінде бағаланатынын ескертті.

Аталған мəселеге байланысты еліміздегі іскер ортаның пікіріне құлақ түрдік. Карантин аяқталған соң отандық тауар өндірушілерге тұтынушылық сұранысты күтпей, мемлекеттік сатып алуларға бағдарланған абзал. Бұл пікірді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов Facebook-те тікелей эфир арқылы білдірді.

«Қазір төтенше жағдай аяқталды. Сұраныс деңгейі мен оның төменгі межесін анықтау аса маңызды. Секторлар бойынша сұраныстың біркелкі болмайтыны анық. Тұтастай алғанда, тұтынушылық сұраныстың азаятынын түсінуіміз қажет. Халық  табысынан айырылды немесе оның мөлшері айтарлықтай төмендегені рас. Сұранысты қалай арттыруға болады? Сұраныс мемлекетте» деді А.Мырзахметов.

Басқарма төрағасының сөзіне сүйенсек, бүгінде мемлекеттік сатып алулар квазимемлекеттік секторда жəне жер қойнауын пайдаланушыларлың сатып алулары шамамен 12-13 трлн теңгенің айналасында.  

«Президент «Атамекенде» үнемі көтерілетін мәселені атап өтті. Бұл отандық тауар өндірушілерді қолдау. Импортты алмастыру мәселесі - мемлекеттік саясатқа айналуы тиіс. Үкіметке, әкімдерге, квазимемлекеттік компания жетекшілеріне сатып алуларда отандық өндірушілерге басымдық беру тапсырылды. Өңдеу секторында отандық өндірушілердің үлесі 35-40%. Осы көрсеткішті 60-70%-ға жеткізу міндеті тұр. Бұл өте қиын, алайда маңызды тапсырма. Сұраныс мемлекеттің қолында екенін ескерсек, оны ақылмен пайдалануымыз керек», – деді Ұлттық палатаның басшысы.

Қосалқы шаруашылықтарға мүмкіндік берілді

Геосаяси конъюнктураны бағамдай келе, Қазақстан establishment-і азық-түлік қауіпсіздігіне жіті көңіл бөле бастады. Содан болса керек, агроөнеркəсіптік кешенге ерекше ден қойылды. Ауыл шаруашылығы саласынан мультипликативті əсер алу үшін қосалқы шаруашылықтардың жұмысын жандару қажет. Неге десеңіз, елімізде ұсақ қожалықтардың саны 2 млн-ға жуықтайды. Сол себепті бұл кезек күттірмейтін мəселенің бірі деді Қ. Тоқаев. Осы мақсатта оффтейк-келісім шарттары, яғни алдын ала сатып алу үрдісін енгізу қолға алынады. Оған қосымша «ҚазАгро» желісі бойынша қарызды қайта құрылымдау пысықталмақ. Үкіметке жəне «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына «Егіс даласынан – дүкен сөресіне дейін» қанатқақты жобаны бірнеше өңірде енгізу тапсырылды. Осылайша ауылды жерлерде кооперациялық желіні дамыту көзделіп отыр. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін «ҚазАгро» арқылы жылдық 6%-дық мөлшерлемемен жеңілдетілген шағын несие беріледі. Оған «Даму» қорының кепілдік беру тәсілдері пайдаланылады.  

«Жобаны ауыл халқы көп жəне өзін-өзі жұмыспен қамтығандар тығыз шоғырланған өңірлерде іске асыруды жоспарлап отырмыз. Бұл қатарға Алматы, Түркістан және Жамбыл облыстары кіреді. Күзге дейін қанатқақты жоба жылдық 6%-дық шағын несиелеумен жүргізіліде» деді А.Мырзахметов.

Палата басшысының айтуынша, ауыл халқының кепілдікке қоятын мүлкі болмағандықтан арзан несиеге қол жеткізу мұңға айналды. Енді бұл мәселе мемлекет тарапынан кепілдендіру тетігін қолдану арқылы шешіледі. Бұған қоса  кооперацияның көмегімен жаңа техниканы, тұқымды сатып алу, сондай-ақ өнімді өткізуді жолдары қарастырылады деп сендірді «Атамекен» басшысы.

Форс-мажор бизнестің жүгін азайта ма?

Əлбетте, қалыптасқан ахуал ешкімге оңай тиіп жатқан жоқ. Бірақ та реалистік тұрғыдан пайымдасақ, Үкімет 100%-ды барлық кəсіпорындарды құтқарып алмайтынын аңғару қиын емес. Оны Президенттің өзі де мойындап отыр. Дегенмен экономикалық ауыртпалықты сəл де болса сейілту үшін төтенше жағдай режімін форс-мажор деп заң жүзінде айқындау құптарлық іс деді бизнес-омбудсмен Рустам Жүрсінов.

«Мемлекет басшысы жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнес өкілдері сотқа жүгінген кезде төтенше жағдай режімі форс-мажор ретінде мойындалуға тиіс екенін нақтылап өтті. Осыған дейін біз Үкіметке, Жоғары Сотқа жəне Президент əкімшілігі басшылығына Мемлекет басшысының осы жылғы 15 наурыздағы Жарлығын - COVID-19 коронавирусының таралуы мен ТЖ енгізу белгіленбеген жағдай болып саналғандықтан осы тармақты толықтыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынып, бұл мәселені Президент жанындағы ТЖ режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысына шығаруды сұрап жүрген болатынбыз. Түрлі бағалаулар бойынша карантиннен кейінгі кезеңде шарттарды орындамағаны үшін жауапкершіліктен босату, оларды өзгерту немесе бұзу мәселелер бойынша 1,8 млн-ға дейін дау туындау қаупі бар. «Төтенше жағдай режимінің енгізілуінен неғұрлым зардап  шеккен экономика секторлары үшін форс-мажор деп тану нормативтік деңгейде маңызды» деді Президент өз сөзінде.

«Осы қиын кезеңде жұмыс істеп тұрған кəсіпкерлердің экономикалық белсенділігін қолдау, жекеменшік пен бәсекелестік қорғау маңызды. Біз  осы мәселелерге қатысты Мемлекет басшысына жүгінген болатынбыз. Өтініштеріміз жерде қалған жоқ. Біздің қуантқан осы жағдай. Президент кәсіпкерлердің барлық тілектеріне жауап берді», - деді Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Р.Жүрсінов.

Цифрлы инфрақұрылым тағы да сыр берді

Ал енді қаузалған мəселенің қызықты тұсына тоқталсақ. Жоғарыда келтірілгендей, Президент дағдарысқа қарсы 7 бағыттан тұратын қолдау пакетін ұсынды. Рецессиядан айықтыратын бұл вакцинаны кəсіпкерлер асыға күтуде. Белгіленген көмекті таратудың жолдары қандай болмақ? Қазір басты мəселе қолға алынған жұмыстарды жүйелі ұйымдастырып, мемлекеттік қолдауды соңғы алушысына дейін жеткізіп беру. Əкімшілік жəне сыбайлас жемқорлық фактілерін болдырмау мақсатында бүгінде көптеген процедура электронды форматта жүзеге асып келеді. Демек, цифрлы инфрақұрылымға едəуір жүк артылатыны күмəнсіз. Осыған келгенде Үкіметтің жанды жері бірден байқалады. Мəселен, таяуда «Электрондық қаржы орталығы» АҚ мемлекеттік сатып алу порталы хакерлік шабуылға ұшырағанын хабарлады. Орталықтың мəліметіне сəйкес,  мамырдың 9-нан бастап мемлекеттік сатып алу порталының жұмысы DDos шабуылының салдарынан қиындай түсті. Мамандардың айтуынша, мұндай ауқымды хакерлік шабуыл бірінші рет орын алды.

«Электронды қаржы орталығы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Мемлекеттік техникалық қызмет» РМК бірлесіп тиісті шаралар қабылдауда. Ағымдағы жағдайды ескере отырып, компания пайдаланушылардан уақытша қолайсыздық үшін кешірім сұрайды. Уақытша қиындықтарға қарамастан, әлеуетті жеткізушілердің құқықтарын қорғау мақсатында компания кибершабуыл кезеңінде болған сатып алу мен шарттардың мақұлдану уақытын кейінге шегерді», - делінген таратылған ақпаратта.

«Электронды мемлекеттік сатып алу» автоматтандырылған интеграцияланған ақпараттық жүйесі мемлекеттік сатып алуды нақты уақыт режімінде жүргізуге арналған. Аталған жүйе тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді жеткізуде тапсырыс берушілердің қажеттіліктері туралы электронды шарттардың жасалуын, олардың шоғырлануын, сатып алу рәсімдерінің жүргізілуін, өнім берушінің белгіленуін, жасалған шарттар және олардың мемлекеттік сатып алу веб-порталында орындалу нәтижелері туралы мәліметтердің жариялануын қамтамасыз етеді.