Саясат • 15 Мамыр, 2020

Маңызды өзгерістер қамтылған

166 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенатта «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасы қаралды. Бұл құжат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген митингілер туралы заңнаманы жетілдіру тапсырмасына сәйкес әзіріленіп жатыр.

Маңызды өзгерістер қамтылған

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бері түзету енгізіл­меген заңды жаңғырту жұмыстары әлі де жалғасуы қажет. Осы мақ­сатта АҚШ, Еуропа елдері сынды бірқатар демократиялық мем­ле­кеттердің тәжірибелері де ес­керіл­ді. Бастысы – бұл заң жобасы прог­ресивті заң болуы тиіс. Сон­дық­тан елімізде бұрыннан қол­да­нылып келе жатқан заңға күр­делі өзгерістер енгізілуде.

Күрделі өзгеріс деп отыр­ға­ным, осыған дейін елімізде бей­­біт жиналыстарды ұйымдас­ты­ру мен өткізу үшін мемле­кеттің рұқсаты керек еді. Енді­гі күн­де азаматтардың алаңға шығып, қандайда бір саяси көзқа­рас­тарын, келіспеу­ші­лік­терін біл­діру үшін мемлекеттен рұқ­сат күт­пей, ескерту, хабарлан­дыру тәрті­бі арқылы жиналуына жол беруді көздейтін нағыз демо­кратия­лық бастама жасалып жатыр. Бұл жиындарды өткізу үшін ар­найы орындар, алаңдар белгі­ленбек. Алайда оппозиция өкіл­дері мұнымен келіспей отыр. Олар мұндай бейбіт жиындар кез келген орындарда өтуі тиіс деген пікірде.

Бұл ұстанымды қостамаймын. Менің ойымша, адам бостан­ды­ғының шегі басқа адамның бос­тандығының шегі басталатын жерде аяқталады. Яғни атал­ған жиындарға қатысуды көздемейтін азаматтардың күн­де­лікті өмір-салтына кедергі кел­меуі тиіс. Қарастырылып жатқан заң жобасында бейбіт жиындар­ды онсыз да Нұр-Сұлтан, Алма­ты сынды еліміздегі ірі қалалар­дың орталықтарында өткізу мәсе­лесі көтеріліп отыр. Бұл бастама­лар­дың еліміздің өзге қалаларына қатысы бар.

Шектеу деп отырғаным – жоға­рыда айтқанымдай бейбіт жиын­дарға қатыспайтын тұрғын­дардың құқығын қорғау. Мәсе­лен, жиындардың мектеп, ба­лабақша сынды білім ошақта­рының, емхана, аурухана сынды әлеу­мет­тік нысандардың аума­ғында өткі­зілгені – сондағы азамат­тардың құқығын аяқ асты ету болар еді. Сондықтан бұл шектеулер заң тұрғысынан дұрыс негіздеме болып отыр.

Әрине талқылау әлі де жүр­гі­зіледі. Ол да дұрыс. Себебі «ке­лі­сіп пішілген тонның келте бол­майтыны» белгілі. Заңды жетіл­діре түсетін тың бастамалар, игі негіздемелер болады деп сенемін.

 

Серік БЕРКАМАЛОВ,

Консалтингтік және зерттеу ұйымдары қауымдастығының президенті, Қазақстан Заңгерлер одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры