Аймақтар • 15 Мамыр, 2020

Қазыналы өңірде қандай мәселе бар?

316 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысындағы Бөрлі ауданы – еліміздегі ірі мұнай-газ кешені Қарашығанақ кеніші бар кенді өңір. Ақсай қаласында аудан халқының 75%-дан астамы тұрады. Халықтың көпшілігі табиғат байлығын игеру айналасындағы мың-сан қызметтен нәпақа табады.

Қазыналы өңірде қандай мәселе бар?

Суретті түсірген Виктор Предыбайло

Қарашығанақ жобасын жүзеге асыру бойынша құрылған «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» консорциумы өңір экономикасын алға сүйреп отырған алып локомотив екені сөзсіз. Алайда дәл осының кейбір қиындықтары да бар.

 Маман тапшы

– Әдетте мұнай-газ кен орындарында жалақы жоғары. Сондықтан ауданда жергілікті жұмысты істейтін маман табу өте қиын. Мен осы қызметке келгелі қанша азаматты қабылдадым, бірақ жұ­мыс сұрап келген адамды кездестірген жоқ­пын. Шынында да бұл үлкен мәселе. Әлеуметтік салада мұғалім, дәрігер, медбике жетіспеушілігі күрделі мәселеге айналды, – дейді Бөрлі ауданына әкім болып тағайындалғанына 5 ай болған Миржан Сатқанов.

Әкімнің айтуынша, бүгінде аудандық білім беру мекемелерінде 70-ке жуық мұғалім жетіспейді. Бөрлі аудандық ауруханасына жыл басынан бері 15 дәрігер, 20 медбике келген, соның өзінде ауруханаға әлі де 27 дәрігер және 30 медбике қажет. «Мамандардың басым бөлігі белгілі бір тәжірибе жинаған соң жалақысы жоғары Интертеч, Медикер секілді жеке мекемелерге ауысып кетеді» дейді білетіндер.

Әрине, жергілікті басшылық та қарап отырған жоқ. Бұл салаға қызығушылықты арттыру, мамандарды жұмысқа тарту үшін ең алдымен баспана қажет. «Біз қазір мамандарға тұрғын үйлерді жалға алуды қолға алып жатырмыз. Алдағы уақытта қызметтік жатақханалар салу жоспарымызда бар», дейді Миржан Мұнайдарұлы.

Бәрімізге белгілі, Қазақстанда «Дип­ломмен – ауылға!» атты керемет бағдар­лама бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағдарлама аясын кеңейтуді тапсырды. Яғни Ақсай сияқты шағын қала­ларды аталған бағдарлама аясына енгізу жұмыстары ойластырылуда.

Бұдан басқа, жоғары оқу орындарын бітіргелі жатқан жас мамандарды жұмысқа тарту қажеттігі анық. Бұл ретте Бөрлі аудандық ауруханасы жоғары оқу орындарымен тығыз жұмыс істеп, үгіттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр екен. Яғни Бөрлі аудандық ауруханасы және Қарашығанақ петролиум оперейтинг компаниясының арасында 5 жылдық шартқа қол қойылған. Шарт талаптарына сәйкес кен өндіруші компания аудандық ауруханаға қосымша құрылыс ғимаратын салады, операциялық және реанимациялық бөлімшелерді толық жабдықтайды, компьютерлі томограф жабдығын сатып алады және мамандарды шетелде біліктілігін жетілдіру курсынан өткізуді қамтамасыз етеді.

– Біз былтыр ауылға қажетті жаттық­тырушы маман іздеп, Нұр-Сұлтан, Алма­ты қалаларына арнайы барып қайт­тық. Ауданның табиғи жағдайы, экономика­лық-әлеуметтік әлеуеті қысқы спорт түр­лерін дамытуға өте қолайлы. Облыс аума­ғындағы ең ірі қос денешынықтыру кешені бізде орналасқан. Қазір облыс бо­йынша әр ауылдық округте спорт маманын ұстап отырған – біздің аудан, – дейді Бөрлі аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Армат Исанов.

Бірақ жоғарыда айтылғандай, жақсы маман шағын елді мекендерге келмейді. Біріншіден, жалақы аз. Екіншіден, шағын қалаларда баспана мәселесі шешілмейді. Дәл осы мәселені Бөрлі ауданы басшылары күн тәртібіне қойып, шешуге күш салуда.

 Ақсай ажарлана ма?

Аудан орталығында бүгінде көпқа­батты 152 үй бар. Оның 100-і төбесі мен қас­бетін жөндеуді күтіп тұр. Қаладағы 210 лифтінің 133-ін ауыстыру қажет. «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында биыл 4 үй жөнделіп, 14 жеделсаты ауыстырылады екен. Бұған 165 млн теңге қаражат қарастырылған. Бұл әрине, теңізге тамған тамшыдай ғана.

Бөрлі ауданының әкімі Миржан Сатқанов­тың халықпен кездесуіне қаты­сып, байқағанымыз – мұнда кемшілік­ті жасырып, жауырды жаба тоқу жоқ екен. Аудан басшысы өңірдегі күрмеуі қиын мәселелерді ашып айтып, оның шешу жолдарын да ортаға салды.

Мәселен, аудан аумағындағы инже­нер­лік желілер дабыл қағарлық күйде екен. Бүгінде барлық су құбырының 51%-ы, кәріз жүйесінің 79%-ы, электр желі­лерінің 80%-ы әбден тозығы жеткен. Сәл жел тұрса, жарық сөнеді, тұрғындар шағымданады. «Мынаны түсіну керек: электр желілері қазір жеке бизнес өкілдерінің қолында. Оны жаңартуға бюджеттен қаржы бөле алмаймыз. Бірақ бұл мәселені өз жайына қалдыруға болмайды. Компания басшыларымен тығыз жұмыс істеп, мәселені шешуге тырысамыз», дейді аудан басшысы.

Биыл Ақсайда көпқабатты үй маңын, аулаларды абаттандыруға, балалар алаң­дарын салып, жолдар мен тротуарлар са­луға 242 млн теңге қарастырылыпты. 5 және 10 шағын аудандар ішіндегі 8 шақырым жол жөнделмек. Совет және Электростанса көшелерінің жолын жөн­деуге 375 млн теңге бөлінген. Буден­ный көшесін абаттандыру үшін 220 млн тең­ге қарастырылған. «Өңірлерді дамыту-2020» мемлекеттік бағдарламасы бо­йын­ша өткен жылы басталған 14 кө­ше­­нің жөнделуі биыл аяқталмақ. Ақ­сай қала­сының ішіндегі барлық 181 ша­қырым жолдың 121 шақырымы асфальт­талған.

Ақсайлықтардың қала басшылығына жиі қоятын екі мәселесі – қала ішіндегі қоғамдық көлік қатынасы және қоқыс жинау болатын. Жүйелі жұмыс нәтижесінде бұл шаруалар да шешіліп келе жатқаны байқа­лады. Мысалы, әлеуметтік маңызы бар маршруттарды субсидиялауға жергі­лікті бюджет қаражаты есебінен 67 млн теңге қарастырылған. Жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын компанияға автобустар арасындағы интервалды қа­таң сақтау, толыққанды маршрутқа сай қызмет көрсету талап етіледі. «Бұл үшін желіде жүрген барлық автобусқа GPS трекер орналастырылуы тиіс. Бұл қала тұр­ғындарына керек автобустың қай жерде келе жатқанын мониторингілеуге, көліктің уақытына сай аялдамаларға келуіне сенім­ді болуына көмегін тигізеді» дейді аудан басшысы.

Ал Ақсайдағы қоқыс мәселесі былтыр жаз бен күзде мүлдем ушықты. Қала билігі жергілікті компаниялар мен кәсіпкерлерге үндеу жолдап, асар жариялады. Сөйтіп, көп­шіліктің күшімен қала іші тұрмыстық қалдықтан тазарып, халық таза ауа жұтты. Дәл қазір қала қоқысын тазартатын «Дем Сервис» ЖШС қалыпты жұмысқа кіріскен.

– Дегенмен, қала тазалығы бір меке­менің ғана мойнына жүктейтін шаруа емес. Әр адам өзінен бастап, қоқысын арнайы орынға тастаса, қала тазалығына әр­қайсымыз қамқор болсақ, – деген өтінішін айтты аудан әкімі.

 Абаттандыру ауылдан басталсын

Батыс Қазақстан облысы еліміз бо­йынша көгілдір отынмен барынша қам­тыл­ған өңір саналады. Соңғы жылдары елді мекендерге ауыз су желілері де қар­қын­ды тартыла бастады. Ал газ бен су әр үйге келіп тұрса, ауыл мен қала­ның айыр­ма­сы азаяды деген сөз. Ен­дігі мәселе – елдімекендерді бір-бірі­не жал­ғайтын және ауылішілік жолдар салу.

Жол – Батыс Қазақстан облысының бас ауруы екені рас. Өңірдегі барлық авто­көлік жолдарының 315-і ғана қана­ғат­танарлық күйде.

– «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдар­­ламасы аясында Бөрлі ауылының Садовая көшесін күрделі жөндеу үшін 355 млн теңге қаражат күтіп отырмыз. Сон­дай-ақ Қызылтал ауылының 17 көшесі, Приурал ауылының 3 көшесі, Пугачев ауы­лының кіреберіс жолы жөнделеді. Осы жылы аудан деңгейінде маңызы бар 14 шақы­рым жол салынады, – дейді аудан басшысы.

Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту үшін Ақбұлақ, Успеновка, Киров, Облавка ауылдарына тартылатын су құбырының жобасы жасалуда. Сонымен қатар Бу­макөл және Жарсуат ауылдарының фельд­­шерлік-акушерлік пункттеріне күр­делі жөндеу жүргізу үшін жобалық құжат дайындалып, сараптамадан өткізіл­ді. «Алдағы уақытта республикалық бюд­жет­­тің нақтылануында, бұл мәселе оң шеші­мін тапса биыл іске асырылады», дейді Миржан Сатқанов.

 

P.S.: Көріп отырғандай, қазыналы өңірде сүйсінетін іс те көп, күрмеуі қиын мәселелер де бар. Дегенмен аудан басшылары экономиканың шикізат секторынан басқа салаларын да кешенді дамытуға күш салуда. Әсіресе агробизнесті дамыту бас­ты назарда. Топырағы құнарлы, шөбі шұрайлы Бөрлі өңірінде дәл бүгін жалпы сомасы 8 млрд теңгеден астам қаржы құйылып, бірқатар ірі инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр екен. Жақында Аралтал ауылында 1200 жер телімі, Ақсай қаласында 126 пәтерлік қос үй кезекте тұрғандарға берілмек. Осының бәрі ауданның алға қарай нық кетіп бара жатқанын көрсеткендей.

 

Батыс Қазақстан облысы