Бүгінде алқаптағы өнімін тегін беруге дайын диқандар да баршылық. Қайырымдылық ұйымдары арқылы өңірлерге жөнелтіп жатқандар да бар. Ал кәсіпкер Хусейн Бабуров диқандардан 500 тонна орамжапырақ сатып алуға келіскен. Сөйтіп, 200 тонна өнімді жүк көліктеріне тиеп, Белоруссияға жөнелтті. Арнайы жүк көліктеріне тиелген қырыққабатты Беларусь еліне жеткізуге 5 күн кетеді екен. Ол жақтағы қоймаға түскен қазақстандық өнімді саудагерлер өзге қалаларға жөнелтеді. Диқандар үшін бұл да үлкен демеу. Өйткені шаруа орамжапырақты тұтынуға дайын күйіне жеткізумен қатар көкөніс тиейтін трактор, жұмысшыларға төленетін жалақыны есептегенде әр гектарға шамамен 1 млн теңге жұмсайды екен. Шетелге шығатын жүк көліктерінің шығыны тағы бар. Қырыққабатты тазалап, жүк көлігіне қалайтын жұмысшылардың күндік жалақысы 3000-7000 теңге аралығында. Қысқасы, шаруалар үшін былтырғыға қарағанда түсетін кіріс аз. Дегенмен, диқандар бүгінгі жағдайда «барға қанағат» деп отыр.
Айта кетелік, жүк көліктерінің жүргізушілері шекарадан еш кедергісіз өтеді. Әрине барлық талаптар сақтала отырып, яғни дене қызуы міндетті түрде тексеріледі.
Түркістан облысы