Руханият • 20 Мамыр, 2020

Оңдасын Елубай - қаламын еркін сермеген журналист

551 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Спорт! Осынау жалғыз ауыз сөздің аясы өте кең. Құдіреті де, ғажайып өнердің қиял құшағы жетпейтін, сыр-сипатын әйгілі спорт тамыршысы, сайыпқыран суреткер қаламгер Сейдахмет Бердіқұлов «Арбаған мені бір сиқыр» деп тамаша бедерлеп, бейнелеген ғой. Ақиқатын айту керек, спорт тылсымын сөз зергері, сүйікті ұстаз Сейдағаңдай жеріне жеткізіп, жілігін шағып, майын тамызып, мөлдіретіп тербеген нағыз алаугер журналист, жанкешті жазушы некен-саяқ. Әй қайдам, жоқтың қасы десек те болар еді. Сөйтсе де ауызды қу шөппен сүртпелік. Спорт тақырыбын тереңнен қаузап, жан-жақты зерттеп, ұңғыл-шұңғылын қопарып жазып жүрген спорт журналистерінің қатарын тізсек , екі қолымыздың саусақтарын санамаласақ та толтыра алмаймыз. Тағы да қайта қинала ескертеміз, спорт тақырыбының білгірлері тым аз.

Оңдасын Елубай - қаламын еркін сермеген журналист

Өткен жылдар елесін жаң­ғырт­қанда өздерінің қалам­гер­лік кәсібін спорт тақырыбында шың­­даған тарланбоз журналист-жа­зу­­шылардың аты-жөндері тіл ұшы­­на оралған. Әр дәуірдің, әр кезе­ңнің өз тұлғалары болады. Өткен ғасырдың алпысыншы, жет­пісінші жылдары баспасөз беттерінде бұрын-соңды там-тұм­дап, елеусіздеу шалынатын спортқа арналған материалдар көптеп көрінген. Додалы жа­рыс­тар­дың географиясы да кеңейіп, ала­ман бәсекелерде топ жарған қа­зақстандық саңлақтардың есім­­дері де айрықша дабылды ес­ті­ле бастағаны мәлім. Рес­пуб­лика мерейін асқақтатқан жұл­дыздар шоғыры спорттың әр тү­рінен жарқырап естілгенде көңі­лі­міз тіптен шарықтап, шалқып кет­етін. Намыс қайрағын жа­ны­ған әлемдік, халықаралық, одақ­тық, республикалық жарыстардан сүйіншілеп жедел хабар жазған, жан алысып, жан беріскен сәттердің ыстық-суы­ғын суреттеген, медальдар сарапқа салынған мезеттердегі шай­қастардан репортаждар берген, топ жарған саңлақтар тура­лы толғаулар мен очерктер тер­беген журналистер мен жазушы­лар­ды құрметпен айтар едік. Олар – Қалдарбек Найманбаев, Сматбек Төребеков, Өмірзақ Жо­лымбетов, Совет Шиманбаев, Сұл­танғали Қаратаев, Жүсіп Қисымов, Несіп Жүнісбай, Дүр­әлі Дүйсебай, Қыдырбек Рыс­бек, Есей Жеңісұлы, Ғалым Сү­леймен және кейінгі толқын жас­тар. Шүкір, толқыннан тол­қынға, буыннан буынға ұлас­қан спорт қаламгерлерінің сапы сел­ді­ремей болашаққа жал­ғас­пақ. Тәуелсіз қазақ елінің спорттық шежіресін жазатын журналис­тер­ге жүктелер міндет зор. Игі дәстүр ілгері жетелей бергей.

Сол сиректердің сойына өз басым белгілі спорт қаламгері, өзіміздің Оңдасын Елубайдың аты-жөнін қосар едім. Өйткені әмбебап журналист-жазушы қаламына адал, кәсібіне әманда аса құрметпен қарайды, ол бү­гін­гі таңда жетінші асуына ал­қын­бай, сергек те қағілез қал­пын­да емін-еркін көтеріліп отыр. Оның журналистік ұзақ жолын спортсыз елестету еш мүмкін емес. Оңдасын – тек спорт емес, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, басқа да тақырыптарға қаламын еркін сермеген, жан-жақты журналист.

Ел газеті «Егеменге» бізден кейін келіп, соңымыздан ерген, ағаларының ақыл-кеңесін құ­ла­ғына құйып, журналистік тәжі­рибесін шыңдай түскен Оңдасын ініміз аға газетке келген кездегі сәтін былай деп еске ала­ды.

...1990 жылдың сәуірінде сол кездегі «Социалистік Қазақстан» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Ержұман Смайыл телефон шалып, үш күннен соң Алматыға жетуімді, бас ре­­дактор Шерхан Мұртаза қа­был­­­дайтынын айтты. Ол кезде облыстық «Коммунизм туы» га­зетінде өнеркәсіп, құ­ры­лыс, транспорт бөлімінің мең­геру­ші­сі қызметін атқарып жүр­ген­­мін. Республикалық газетке бұрындары да, Алматы Жоғары партия мектебінің тыңдаушысы болып жүргенімде де мақа­ла­ларым жиі шығатын. Тіпті бір ай еліміздің бас газетінде тәжі­рибеден да өткенмін. Га­зеттің меншікті тілшілер бө­лі­мі­нің меңгерушісі Кеңесхан Зәкен, басқа да алдыңғы толқын ағалардың шарапаты тиіп ақыры бұл қызметке тағайындалдым. Шерхан аға қадау-қадау тапсырма беріп, Өскеменнің күрделі экологиясы, қазақ мектептерінің жай-күйі, басқа да мәселелерге көңіл бөлуге кеңес берді.

Экономика тақырыбына мен­шік­ті тілші жиі қалам сілтеп, проб­лемалық мақалаларды бере бастады. Оңдасынның шал­ғ­а­й­дағы ауылдардан жазған мақа­ла­лары күн құрғатпай шығып тұрды. Өскемендегі қазақ тілінің хал-ахуалы туралы жазған «Сегіз көше, бір мектеп» деген сын мақаласы дүрбелең туғызды. Ол мақалада 350 мыңдай тұрғыны бар Өскемендегі жалғыз қазақ мектебі туралы сөз болған. Оған облыстық партия комитеті жа­уап қайтарды.

Мына бір оқиға менің есімде қалыпты.1990-жылдың 14-маусымында Шығыстың Зайсан ауданында алапат апат – қуаты сегіз баллдан асатын зіл­зала болды. Шерхан аға бәрі­­мізді ертеңінде таңертең жи­нап алып, лездеме өткізді. Зай­сандағы жер сілкінісінің көр­ші­лес төрт ауданда бес жүзге тарта тұрғын үйді, жүздеген әлеу­меттік нысанды қиратып кеткенін, бір баланың құлаған үйінді астында қалып, қайтыс болғанын тілге тиек етіп, бір күндік жалақымызды аударуға келісімімізді сұрады. Меншікті тілшілер бөлімінің меңгерушісі Кеңесхан Зәкеновке Шығыстағы тілшіге хабарласып, күн сайын шұғыл материалдар беріп тұруды жүктеді.

Оңдасын күн сайын газетке мақалалар беріп тұрды. Құрылыс материалдарын ұрлағандарды сын тезіне алды, дабыл қақты, еліміздің әр облысынан көмекке келген құрылысшылар туралы репортаждар, сын мақалаларды ұйымдастырды. Зілзала тақы­ры­бы төрт жыл бойы еліміздің бас басылымында газет бетінен түскен жоқ. Сын сәтте көмек қолын созған азаматтар жайлы да жазуды ұмытқан жоқ. Зілзала апа­ты толық жойылған соң Оңда­сынның жазған мақалалары Қазақстан Журналистер одағы­ның арнайы сыйлығына ие болды.

Қаламын құлшына сермеп келе жатқан Оңдасын бауы­ры­мыз­дың тындырған шаруасы шаш-етектен деп қуана айтқымыз келеді. Спорт шежіресін, спорт жыл­намасын толтырудағы тынымсыз, толассыз еңбегі орасан Оңдасын Елубай журналист ретінде қыруар қызмет етті. Кәнігі балуанға оңы да бір, солы да бір демекші, өз ма­ман­­дығының хас шебері «Egemen Qazaqstan» газетінің меншікті тілшісі болған ширек ғасыр уақтысында барлық тақы­рыптарға, өнеркәсіп, ауыл өмірі, руханият, жер мен тіл тәрізді алуан-алуан тақырыптар төңірегінде үздіксіз жазғаны есімізде. Отаны­мыз­дың бас басылымында жеміс­ті де же­ңіс­ті еңбегімен дара көріне білді. Мерей марқайтар мезет­те өкшемізден ерген іні-дос­тың маңдай терінен туған кітап­тардың аттарын атай кеткен абзал. Олар: «Шымыр келер Шығыстың ұл-қыздары», «Ал­тайым-алтын тамырым», «Аялайық Алтайды», «Жү­ре­гім­де жастықтың ізі қалды», «Жанарымда – жасыл құрлық», «Париж-Сидней: саңлақтар сам­ғауы», «Азиатский аккорд мирового футбола», «На земле древней Эллады», «Турин тағы­лымы», «Уроки Турина», «Алатауды дүбірлеткен 11 күн» және тағы басқалар. Оңдасын жан-жақты, фотоға түсіруді де, видеоға түсіруді де шебер мең­герген әмбебап журналист. Сондық­тан болар оның түрлі-түсті суреттермен кестеленген бес томдық, ел спортының шежі­ре­сінен мағлұмат беретін «Ай­шылық алысқа алты сапар», «Алашты асқақтатқан Азиада», «Өмірді суретпен өр­нек­теп», «Жеңіс жалауын жел­біреткен жетеу» (Лондон Олим­­пиадасы жайлы), өткен жылы мемлекеттік тапсы­­рыс­пен 5 мың данамен жарық көрген «Дүниені дүбірлеткен жеті дода» атты фотоальбом жинақтары оқырмандарының ыстық ықыласына ие болды. Жақында ғана Қазақстан Респуб­ликасы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт коми­теті жариялаған спорт жур­налистері арасындағы Сей­дах­мет Бердіқұл атындағы сый­лықты екінші мәрте иеленді. Оңдасынның бүгінгі күнге дейін 21 кітабы жарық көрді. Жа­қын­да ғана өзі қызмет ететін республикалық «Қазақ спорты» газетінің құрылтайшысы, бел­гі­лі қаламгер-жазушы Ырым Кененбай қаламгердің мерей­­тойына орай түрлі-түсті, ғұмыр­на­малық «Ғұмыр дастан» атты фотоальбом кітабын шығарып берді. Міне, мәрттік!

Өз басым бүгінге дейін Олим­­пиада ойындары мен футбол­дан өткен Әлем чемпионат­та­­рын көзбен көріп, жазған кітап­тарына фото суреттерді тұз­дық­тап, көз алдыңа әкелетін бесаспап журналистерді сирек кездестіріппін. Ал Оңдасынның бұдан бұрын жарық көрген түрлі-түсті суреттермен әсем бе­зен­дірілген, мемлекеттік тап­сы­рыс­пен 5 мың данамен жарық көрген «Дүниені дүбірлеткен жеті дода» атты кітабы жайлы белгілі спорт журналисі, Л.Н.Гумилев атындағы ұлттық уни­вер­ситеттің профессоры, «Қазақ спорты» газетінің бас редакторы Дүрәлі Дүйсебай:

– «Әлемнің қай жерінде, қай түкпірінде жүрсе де айна­ла­сынан мейір іздейді, аға­йын­дарын сағынып жүреді. Ауст­ралия топырағында жүріп, Қы­тай­да туып-өскен, бүгін сонау ит арқасы Сиднейде тұратын Жанар Мұқанқызы деген қа­рын­­дасымызды тауып алады, әңгімелеседі, сосын бізбен та­ныс­­тырады. Осынау жасыл мате­рикке қазақ қызының аяғы тиіп, тұрып жатыр дегенді өз басы­мыз естіген жоқпыз. Бұл да журналистің сезімталдығы, жылт еткен жаңалықты іліп алатын жанкештілігі деп білдік. Иә, Оңдасын нағыз фанат, жиһангез журналист. Ол тіпті сонау Афина Олимпиадасына барар кезде өзінің «шоха» көлігін сатып, Эллада еліндегі спорт додасына аттанған. Спорт тақырыбына жарты ғасырдан бері қалам сілтеп келе жатқан кейіпкеріміз мұның алдында өзі қатысқан жеті Олимпиада ойын­­­­дары ғана емес, Париж бен Корея және Жапонияда футболдан өткен Әлем чемпионаттары, Антальядағы ауыр атлетикадан болған дүниежүзілік додадан, Алматы мен Астанада өткен қысқы Азия ойындары және дүниежүзілік студенттердің Уни­версиадасы туралы жазған альбом кітаптары қалың қауым іздеп жүріп оқитын құнды кі­тап­тар», деп пікір жазыпты.

Оңдасынмен әңгімелесе қалсаңыз, спорт әлеміне сүңгіп кеткендей әсерде қаласыз. Ол со­нау одақ кезіндегі, қазіргі сәт­­тегі спорттың жай-күйін шекіл­деуікше шағады. Оның ай­­туынша, спорт тақырыбына қалам сілтеп жүрген саусақпен са­нарлық журналистердің соңғы он жылда «екінші тынысы» ашылған сыңайлы. Әлі есімде дейді кейіпкеріміз, 1998 жылғы Париждегі, 2002 жылғы Корея мен Жапониядағы футболдан өткен әлем чемпионаттарына небәрі бес-алты журналист барса, 2014 жылы Сочидегі ақ Олимпиадаға Қазақстаннан төрт жүзден астам жанкүйер, оның ішінде 43 журналист Үкі­меттің қолдауымен тегін барып, жерлестерімізді жан алысып, жан беріскен додада қол­дады, рух берді. Лондон Олим­пиадасына да ондаған ақпарат құралдары барып, спорт ареналарынан репортаждар ұйым­дас­тыр­ды. Мұның өзі қазақ елінің экономикасы дамып, кемелденіп келе жатқанын аңғартады.

Оңдасын бауырымыздың досқа деген адалдығы, ақжарқын мі­незі, басқаларға жақсылық жа­са­ғасы келіп тұратын аңқыл­да­ған қасиеті оны басқалардан ерекшелендіріп тұрады. Ол жиырма жыл бойы меншікті тілшілердің «президенті» болған кезде әріптестеріне қамқорлығын аяған жоқ. Отбасында қиын жағдай болғандарға тілшілерді ұйымдастырып, қаржылай кө­мек көрсетті. Жаңадан келген тіл­ші­лермен үнемі хабарласып, ақыл-кеңес беруден жалыққан жоқ. Ол ширек ғасыр газеттің меншікті тілшісі қызметін абыроймен атқарды.

– Тоқсаныншы жылы осы қызметке кіріскен кезде Боран­ға­ли Ырзабаев, Мәлік Мұқанов, Елбасы «Полтора қазақ» деп ат қойған Сейдахмет Мұхаметшин, Амандық Әбжан, Әмір Оралбай, Бағдат Мекеев, басқа да азаматтармен қоян-қолтық жұмыс жасадық. Бір-бірімізбен телефон сымы қызарғанша ұзақ сөйлесетінбіз, пікір алысатынбыз. Сол жылдары Алматыға да жыл сайын тұрақты шақырып тұратын. Баспасөз саласына өлшеу­сіз еңбек сіңірген сол аза­маттар қазір арамызда жоқ. Бүгін­гі күні меншікті тілшілер жасар­ған, газетке жарияланған мақалаларынан тың серпін, жаңа леп, батылдық пен ізденгіштік аңғарылады. Мәселен, менің орныма келген талантты журналист Думан Анаш бұл күндері газет бас редакторының орынбасары қызметінде. Одан кейін Шығысқа тілші болып келген Азамат Қасымның елі­міз­дің бас газетінде көтерген өзек­ті мәселе­лері Президент Қ.Тоқаев­тың назарына ілігіп, ше­ка­­ралық аудандар проблемасы, Бұқтырманың бойындағы өзенге көпір салу шешілетін болды. Газеттің басқа тілшілері де мін­деттерін абыроймен ат­қа­­рып келеді. Күні кеше га­зет­тің ғасырлық мерейто­йын­­да Отанымыздың бас басы­лы­мының тізгінін абыроймен ұстап отырған Дархан Қыдырәлі ақпарат айдынында жемісті қызмет атқарып келе жатқан журналистерді марапаттап, еңбек­терін лайықты баға­ла­ғанын ұрпақтар үндестігінің көрі­нісі деп түсінген жөн, – деп ағы­нан жарылды әріптесіміз.

Оңдасын Елубайдың бас­па­сөздегі ұзақ жылғы еңбегі ла­йықты бағаланды, «Құрмет» орденін, онға тарта медальдарды иеленді. Қарымды қаламгер әріптесіміз – «Қазақстан Рес­пуб­­ликасының Мәдениет қай­­раткері», «Қазақстанның құр­­­метті спорт қайраткері», «Шы­ғыс Қазақстан мемлекеттік уни­вер­ситетінің құрметті профессоры», Өскемен қаласының, Зайсан ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар, Қазақстан Журналистер ода­ғы­ның мүшесі.

Бұрыннан айтыла­тын­дай, спорт-сергектік, ба­тыл­дық, ерлік! Соның бәрін көріп тама­шалаған ол талай аңызға айналған ғажайып рекордтар мен жеңістердің куәгері болды. Оңдасынның өзге қалам­дастарынан ерекшелігі – дүние­жү­зінің атышулы спорт ареналарында, стадиондарында, спорт сарайларында болып, әлемдік деңгейдегі додаларды өз көзімен көріп, елге орала салысымен әсерімен бөліседі, газеттерге мақалалар жазады, кітап шығарды. Қаламымен бірге фотообьективті сөйлетіп, өзі түсірген бейнефильмдерді кездесулерде жас ұрпаққа көрсетті. Өшпейтін бұл шығармалар бүгінгі, келешек ұрпаққа өнегелі мұра болары даусыз. Күні ертең Бекзат, Ермахан, Бақыт, Бахтиярға еліктеп, олардың да Олимп шыңына көтерілуі ғажап емес. Бүгінге дейін Оңдекең әлемнің отызға тарта елдеріне сапарлаған екен. Ол қатысқан 7 Олимпиада ойындары, 5 Әлем чемпионаты, алты Азия ойындары мен студенттердің универсиа­далары, жүздеген халықаралық, республикалық, облыстық спорт додалары ескерусіз қалған жоқ, кезінде оқырмандары хабардар болды.

Жеті асқардың биігіне кө­те­ріл­ген Оңдасынға ұзақ ғұ­мыр, отбасы бақытын, балалар, немерелер мен шөбере қызығына тоймай қуанышқа бөлене беруін тілейміз. Қабырғалы қаламгер, сиқыр өнердің шырақшысы болып келе жатқан бауырымыз­дан ал­дағы уақытта да шығар­ма­шы­лық табыс күтеміз!

 

Жанат ЕЛШІБЕК,

жазушы, журналист, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Egemen Qazaqstan» газетінің ардагері

 

НҰР-СҰЛТАН