Кезінде картоп өсіру бойынша толағай табысқа қол жеткізген мұраптар Мүсірепбек Бектаев пен Антонина Манченко Социалистік Еңбек Ері атанды. Міне, бүгінде солардың ізін басып, тәлімін алған Үсіпбек Бегалиевтың осы салада болып жұмыс істеп келе жатқанына 40 жыл болыпты.
Жуырда Жуалыға жолым түсіп, «Зылиха» шаруа қожалығының егіс алқабына бардым.
– Мен 1956 жылы Түктібай ауылында дүниеге келдім. Осындағы М.Әуезов атындағы орта мектепті бітіре салып, еңбекке араластым, – деп бастады әңгімесін байырғы су мұрабы.
– Еңбек жолыңызды кім болып бастадыңыз? – дедім сөзін бөліп.
– Сушы болдым. Сен білесің бе, менің кімдерден тәлім алғанымды? – деді сұқ саусағын безеп. – Еңбек Ері Мүсірепбек Бектаев, атақты сушылар Әбзелбек Татеков, Иван Шмиттер мені еңбекке баулыды! Әсіресе Мүсірепбек атаның қамқорлығы ерекше еді. Көп нәрсе үйретті. Содан бері сушымын. Шынымды айтсам, егістікті бір күн суармасам, ауырып қаламын. Кей жылдары осыны қояйын, басқа жұмысқа ауысайын дедім. Бірақ егін суару жұмысына қалай қайта шығып кеткенімді өзім де сезбей қаламын.
«Бурный» кеңшарында еңбек жолын бастаған Үсіпбек шаруашылық тарағанға дейін қызылша, жүгері, картоп суару ісімен айналысқан екен. Еңбектегі жетістіктері жетерлік. Өзі звено жетекшісі болған тоқсаныншы жылдарда алдыңғы толқын ағаларының ерлігін бір емес, бірнеше рет қайталапты. Картоптың әр гектарынан 300-350, кей алқаптардан 400 центнерге дейін өнім жинаған кездері болыпты. Бірақ бұл еңбегі сол тұстағы басшылық тарапынан еленбей, ескерусіз қалып қойған. Кеңшар тарап кеткен соң інілері Керімқұл мен Нұржігіт бастаған іске қолдау көрсетіп, картоп шаруашылығын дамытуға бір кісідей атсалысыпты. Сол 2000 жылдан бері қарай осында тапжылмай мұрап болып жұмыс істейді. Жаңа технология енгізіліп, картоп сұрпы жаңаланған тұста өнімділік 400-450 центнерге дейін артыпты. Қазір де ол суарған алқаптар гектарына 300 центнерге дейін өнім беруде.
– Аллаға шүкір, жағдайымыз жақсы. Қос інім үнемі қарайласып тұрады. Жалпы осы ісіме көңілім толады. Егістікті суарып, мол өнім жинап, бауырларымның тірлігінің алға басқаны, олар басқарған шаруашылықтың ауданда іргелі қожалыққа айналғаны мен үшін бақыт. Осы күніме, еткен еңбегіме тәубе, шүкіршілік етемін, – дейді Үсіпбек аға.
Бүгінде Үсіпбек Бегалиев жұбайы Нұрила екеуі үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп, оларды өмір көшіне қосып, он алты немере сүйіп отыр. Мұраптың үлкен ұлы өзімен бірге егін суарумен айналысып жүр. Енді ол өзі бүге-шүгесіне дейін жетік білетін, еңбек ерлерінен үйренген кәсібін ұлына үйретуде.
Ағаның әңгімесінен еңбек адамының өз ісіне деген сүйіспеншілігін аңғарып, шабыттанып қайттым. Оның еңбегі шынында ұстаздары жеткен биікпен тең. Тек бүгінгі уақытта қатардағы қарапайым еңбеккердің ылғи да ескерусіз қалып қоя беретіні болмаса...
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Жамбыл облысы,
Жуалы ауданы