Коллажды жасаған Амангелді Қияс, EQ
Сонау бір замандарда «Уақыт» айта салар көп сөздің бірі болыпты да, шешімі қиын мәселелер сөз етіле қалған сайын кісілер: «Уақыт көрсете жатар» деп жүре беріпті, ал қайғы-қасіретке душар болған жандарды: «Жан жарасын уақыт жазады» деп жұбатыпты. Сөйтіп жұртшылық өмірден туындаған күрделі мәселелерге жауап іздеп шаршамапты, өздерін өздері алдарқатып, Соломонның белбеуінде жазулы екен деген: «Бұл да өтер, кетер» деген сөзді малданып жүріпті. Ол сөз гундардың патшасы Аттылының да, Батыйдың да белбеулерінде жазулы болған көрінеді. Сірә, Аттылы мен Батый, Соломон сияқты, өмірдің қасқағым сәттей екенін, жастық шақтан, күш-қуаттан айрылу қиямет екенін ескерген шығар. Ол кезде жауынгер мен патшаға да, диқан мен Спартактай құлға да өзі көздеген мақсатына жете алуы үшін батылдық пен күштің, ақыл-ойдың жәрдемі қажет еді (қазірде де солай ғой). Тек олар оқ-дәріден, атом бомбасынан хабарсыз болды, егескендерін жекпе-жекте, әділ айқаста жеңіп жүрді. Ол замандарда адам өз тағдырын өзі бағдарлаған, өз тірлігін қалауынша өзі түзулеген, ұрпақтарының өмірін де бағыттап кеткен тәрізденеді. Алайда: «Уақыт көрсете жатар» мен «Жан жарасын уақыт жазады» деген сөздерінің төркініне үңілсең, олардың (ойына келгенді істейтін Саддам Хусейн мен Гитлер сияқты сұрқиялардан басқаларының) тағдырға, жазмышқа көнбістігін аңғаруға болады.
Техникамен жан-жақты жарақтанып қана қоймай, халықтарының сана-сезімі оянған, дамуы дамылсыз жиырмасыншы ғасыр тағдыр мен жазмышты оншама керек етіп отырған жоқ, кешегі пәлсапаларға да құлақ қоймайды.
Бүгінгілерге уақыттың қадір-қасиетін ұқтырған күш – әлеуметтік өзгеріс-төңкерістер, ұлт-азаттық қозғалыстар, жаңа мемлекеттердің пайда болғаны. Біз уақыттың не екенін ойладық, түйсіндік, білдік. Ол бізді жер шарының о түкпірінен бұ түкпіріне әп-сәтте жеткізетін реактивті ұшағымен, күтпеген кезде, күтпеген жерде бола қалатын, жүздеген-мыңдаған, тіпті миллиондаған адамның тірлігін өзгертетін революциялық толқуымен ғана емес, жер бетінде жинақталған қыруар қару-жарақтың бізді атомның тұтқынына айналдырғанымен ойландырды. Біз төніп келе жатқан ядролық және экологиялық апаттардың денемізді мұздатқан аяздай деміне душар болып отырмыз. Алапат апат жақын. Ендігі сөзіміз не біраз кісінің, не бір халықтың тағдыры туралы емес, ата-бабамыз қалдырып кеткен жеріміздің және мәдени құндылықтарымыздың тағдыры туралы болуға тиіс. Әңгіме біздің бесігіміз – Жер жайында, алдағы өмір жайында. Бейбітшілікті сақтауға үлес қосу сияқты сындарлы міндетті арқалап келген, міне, осы залда отырған мырзалар, сіздер бұл мәселені менен кем білмейсіздер. Араларыңызда кешегі өткен соғыста қан кешкендер аз емес шығар. Олардың жан мен тән жарасына Жеріміздің денесіне екі қара таңба болып басылған Хиросима мен Нагасаки қасіреті қосылды.
АҚШ-тан кейін, іле-шала, 1949 жылы жарылған атом бомбасын біз – Кеңес Одағы жасадық. Ол бомба жарылысы менің жерімде болды.
Жаңа қаруға ие болысымен біз «дүниежүзілік революция» жасау ниетімізге «Кеңістік пен Уақытты бағындырып алу» пиғылымызды қостық.
Теріс ойдан теріс істер туындайды. АҚШ бомбасын әлемді уысында ұстау үшін жасады. КСРО бомбасын одан қалып қоймау, оған қарсы тұра алу үшін жасады. Зор екі мемлекеттің ықпалымен дүние қақ жарылды. Қарулануды еселеп талап етуші атомдық бәсеке, қарама-қарсылық басталды. Бұл екеуінен басқа елдер де ядролық қаруға ұмтылып, ие болып та жатыр. Құпия қоймалар, сүңгуір қайықтардың, бомбалаушы ұшақтардың құрсағы ядролық жараққа толы. Жеріміздің өзі жарғыш дәрінің бөшкесіне айналды. Қырғиқабақ соғысты жақтаушылар жұрттың жүйкесін тоздырды. Мұның бәріне шыдау, төтеп беру мүмкін емес. Дүлей бомбаларды жасауға қатысқан Жолио Кюри мен Андрей Сахаров сияқты ғалымдар оның жаппай қырып-жоятын қаруға айналғанына қарсы екендерін бүкіл әлемге мәлімдеп, сынақ атаулыны тоқтатуды жұртшылықпен бірге талап етті.
Біз 60-70, әсіресе 80-жылдары АҚШ-та, Еуропа елдерінде, Жапония мен Үндістанда ядролық қаруға қарсы қозғалыстың кең құлаш жайғанын білеміз. Қоғамдық ол қуатты қимылға сексенінші жылдардың аяқ шенінде Қазақстан жұртшылығы да қосылды.
Ағылшын әйелдердің Гримен-Комон базасын қоршаған қайратты әрекеттері есімізде. Бейбітшілік үшін күресуші қарапайым адамдардың атом қаруларын тиеп келе жатқан әскери дәу кемелердің жолын бөгеу үшін жеңіл қайықтарға мініп қарсы шыққандары есімізде.
Атомдық сынаулар көпшіліктің қарсылығы нәтижесінде біраз уақыт тоқтатылды да, кейін қайтадан жүргізілді. АҚШ-та, Хиросима мен Нагасакиге тастағандарынан тыс, бір мың сексеннен аса жарылыс жасалды. Кеңес Одағында – 715, Францияда – 180, Ұлыбританияда қырықтан аса, Қытайда отыздан аса жарылыс жасалды.
Кеңес Одағында жасалған 715 жарылыстың 467-сі Қазақстанның Дегелең деген жерінде болды, оның 124-і – жер бетінде, 343-і – жер астында.
Мен – қазақ, қазақтың ұлы ретінде сіздерге мынаны айтуға тиіспін: бұл жарылыстардың бәрі біздің жеріміздің қасиетті өңірінде, біздің бүкіл көркем өнеріміз бен әдебиетіміз әспеттеп келе жатқан Қозы мен Баян махаббаты жайындағы көне дастан туған жерде жасалды. Ол өңір – біздің халқымыз, мәдениетіміз үшін ең қасиетті де киелі жер. Орыс Лев Толстойдың Ясная Полянасы, шотланд Роберт Бернстің, ағылшын Байронның кіндік қаны тамған өлкелеріндей. Байронның өлеңдері өткен ғасырдың соңында бүкіл Азия көлемінде тұңғыш рет сол өңірде, 467 жарылыс болған жерде қазақ тілінде оқылды. Байрон мен Пушкин өлеңдерін қазақ тіліне қазақтың ұлттық мәдениетінің алып тұлғасы ұлы Абай ақынымыз аударды. Абай кейін 467 дүмпу болған сол өңірде туып-өсіп, сонда көз жұмды. Біздің атақты жазушымыз, романдары, хикаяттары мен әңгімелері ағылшын оқырмандарына әбден мәлім Мұхтар Әуезов те – сол өңірдің түлегі. Әлемге әйгілі геологымыз Қаныш Сәтбаев Семей қаласында оқып, білім алды. Орыстың ұлы жазушысы Федор Достоевский мен қазақтың ғұламасы, саяхатшы Шоқан Уәлихановтың ғажап достығы сонда басталды.
Кереғарлықсыз өмір бар ма, өкінішке қарай, толстойшыл атақты ақынымыз Шәкәрім Шыңғыс тауының Дегелең, Абыралы бетінде НКВД қарақшысының қолынан қаза тапты. Оны атып өлтірді. Шәкәрімнің бар-жоқ кінәсі хат жазысып тұрған ұстазы Лев Толстойша қиянатсыз өмірді аңсады, қара күштің қорлық-зорлығына қарсы тұрды, халықты әділдікке, татулыққа, ауызбірлікке шақырды. Ол Қазан төңкерісінің тәтті ұрандарына сенді, қолдады, бірақ, қазақ ауылдарын қатыгездікпен ұжымдастыру басталғанда жаны түршігіп, әділдіктен түңіліп, тауға кетіп қалып, жападан-жалғыз тірлік етуге кірісті. Амал не, НКВД тіміскелеп тауып алды.
Қымбатты достар, сіздердің назарларыңызды халқымның тарихында болған бұл жайттарға аударып тұрған себебім: біз бүгін мұнда Кесапат атаулыны айыптауға жиналдық. Иә, Кесапатты! Ал ол сан түрлі. Атом жарылысы біздің Дегелеңде, немесе Абыралыда, немесе мұхиттардың аралдарында, Қытай шөлінде, не Муруроада жасала ма, бәрібір, ол менің тауқыметті көп тартқан халқымның жүрегін сығымдайды. Себебі: жарылыстың маңайдағы бүкіл тіршілікке қауіп-қатер екенін біледі, басынан кешті. 467 жарылыстың әрқайсысы біздің жеріміз бен суымызды улады, адамдарымызды қасіретке ұшыратты, тіпті ана құрсағындағы нәрестелерді мүгедек қылды. 467 жарылыстың әрқайсысы менің халқымның мәдени бесігінде, аяулы өңірінде оның келісімінсіз жасалып, намысын аяқасты етті...
Мұншама ашынып сөйлеп, көрген жәбірімізді алдарыңызға жайып салып тұрғанда көкейіме мына сұрақтар оралды:
Осыншама зұлмат-сұмдық Ресейде, Лев Толстойдың отанында, оның Ясная Полянасында болуы мүмкін бе? Шекспир, немесе Диккенс, Бернс, немесе Байрон туып-өскен жерлерде ше? Бұл сұраққа өзім жауап берейін: Жоқ! Мүмкін емес! Ал қазақ мәдениетінің бесігі болған жерде жарылыс жасау – жиырмасыншы ғасырда үш рет: 1904-1905 жылдарғы, 20-жылдарғы тауқыметке және отызыншы жылдарғы аштыққа ұшыратылған халықты ақыл-есінен тағы бір тандыру...
Мырзалар, мені дұрыс түсінгейсіздер! Мен ядролық қаруларды пәлен жерде сынауға болады, түген жерде сынауға болмайды деп тұрған жоқпын. Ол қаруларды қай жерде болсын сынау – адамгершілікке жат, адамзатқа қарсы іс. Сөз ыңғайына қарай айта тұрайын: жаңа мен атаған жазушы Әуезов пен ғалым Сәтбаев радиация улаған сол жерлерде 50-жылдары бірнеше рет болды, жерлестерінің хал-ахуалын біліп, әңгіме-сөздерімен жұбатып бақты және, әрине, онымен тынбай, тоталитарлық жүйеге қарсылық білдірді. Олар сол үшін «ұлтшыл» деген жалған айыпқа ұшырап, қуғын көрді, ақырында қатерлі ісік сырқатынан қайтыс болды.
1953 жылдың 12 тамызында, Абыралы-Дегелеңде сутегі бомбасын жер бетінде сынау болды. Андрей Сахаров өзінің «Естеліктерінде» оның қалай жүргізілгенін, нендей нойыс күш екенін жазды, бірақ одан кейінде не болатынын айтпады, өйткені ол жарылыстың ақыры неге апарып соғарын жете болжай алмады.
Мырзалар, мен сол бір ғана сынауды еске алып тұрмын. Айтып өткенімдей, менің жерімде сондай 467 жарылыс жасалды! Мырзалар, советтік сол сутегі бомбасын Қайнар ауылы іргесінде сынау алдында әскери басшылар ол жердің халқын басқа жаққа уақытша көшіре тұруды ұйғарған да, жап-жас 42 жігітті ғана қалдырған. Тәжірибе жасауға керек қояндай етіп. Бүгінде олардың 37-сі жоқ, сынау зардабынан қайтыс болды, қалған 5-еуі ауыр сырқат. Сондай-ақ: Қайнар ауылының 17 тұрғыны қан дертінен көз жұмды; радиацияға ұшыраған 14 кісі өзіне өзі қол жұмсады; 170 кісі қатерлі ісіктен қайтыс болды. Сол шағын ғана Қайнар ауылында 28 баланың ақыл-есі дұрыс емес, немесе дене бітімі кемтар болып туған. Бір ғана жарылыстың кесапатын тартқан ауылдың қайғы-қасіретті жағдайы, міне, осындай! Бізде жүздеген мың адам радиация залалына тап болды; ұлттың тегіне зақым жасалды. Алда бізді тағы қандай қырғын тосып тұрғанын білмейміз. Қазақстанды қармаған ядролық жарылыстардың, Арал теңізі тақсыретінің, экологиялық апаттың ақыры не болары неғайбыл...
Қайнар ауылын тұмшалаған кесапаттан қаза тапқандар мен тірі өлік болып жүрген кісілердің тізімін қазір Си-эн-Ди басшыларына табыс етемін. Біз бұл жерде нақты ақпаратқа сүйеніп сөйлеуге тиіспіз. Бейбіт уақытта ядролық сынау қырғынына ұшыраған адамдар туралы кітап шығаруымыз қажет...
Бүгінде атом бомбасы құпиялап сыналады. Ағылшын бомбасының АҚШ-та сыналатынын, Франция жасамақ жарылыстарды осында ғана естіп-білдік. Бірақ бұл Жариялылықтан не пайда, қарсы күресер дәрменіміз жоқ.
Егер Хиросима мен Нагасакиге жасалған қастандық 1945 жылдың тамызымен шектелсе, қазақ жеріне, қазақ халқына қастандық 1949 жылдың тамызында басталып, күні бүгінге дейін жалғасып келеді.
1989 жылдың тамызында Қазақстанда орта және жақын қашықтық зымырандарын жою шарасы басталды. Ол шараға көптеген елдің өкілдерін шақырдық. Ракеталарды жою басталған сәтте біз көктен тілегеніміз жерден табылғандай қуандық. Бірақ қуанышымыз ұзаққа созылмады: жойылған ракеталардың орнына АҚШ ракеталарымен салыстырғанда неғұрлым жетілдірілгендері жасалғанын естідік.
Сонымен, біз жарқабақта тұрмыз. «Қырғиқабақ» соғыс артта қалды. Батыс пен Шығысты аңдыстырған Берлин дуалы құлады. Алайда бейбітшіліктің ядролық қуатпен қорғала алмайтынына (оған Чернобыль қасіреті мысал) көзіміз мың рет жетсе де, ядролық қаруларды сынауды ешқашан ақтауға болмаса да, жарылыстардың әлі де жүргізіліп жатқаны ақылға симайды.
Рас, ақиқаттың талабына орай айтсақ, КСРО әлденеше рет игі ниет танытып, басқа мемлекеттерді жаппай толық қарусыздануға, ядролық сынауларды тоқтатуға шақырды. Бірақ өзі айтқан сөзінде тұрып қалмады. 1985 жылы ғана біржақты тоқтату жариялап, полигондарын біржарым жылға жапты. Өткен көктемнен биылғы 24 қазанға дейін Дегелеңдегі де, Жаңа жердегі де полигондарда атомдық дүмпулер естілген жоқ. Қазақстанның парламенті КСРО үкіметінен Дегелең полигонын жабуды талап етті. Ол суверенді республиканың талабы болатын, егер халықаралық құққа жүгінсек, мұндай республиканың жерінде оның рұқсатынсыз ешқандай сынау жүргізуге болмайды. КСРО Жоғарғы Кеңесі өз кезегінде барлық мемлекеттердің парламенттері мен үкіметтеріне ядролық сынауларды мүлде тоқтатуды ұсынды. Аспан ашылып, көкжиек кеңи бастағандай болды. Жоқ, олай емес екен. КСРО өзінің игі ниет-қадамдарынан бас тартып, 1990 жылғы 24 қазанда, Біріккен Ұлттар Ұйымының ықыласымен жыл сайын өткізілетін қарусыздану апталығы басталған күні, «Жаңа жерде» ядролық жарылыс жасады. «Гринпис» («Жасыл әлем») жастарының жарылысты тоқтатуға ұмтылысынан ештеңе шықпады: оларды біздің әскери теңізшілер тұтқындап тастады. Мен, өздеріңізбен Қауымдар палатасының парламентшілерімен кездесіп тұрғанымдай, сол жастармен де кездесіп, жаңа жердегі жарылыс жөнінде пікір алыстық.
Жарылыс неге жасалды? Дүниежүзілік қоғамдық пікірге қыр көрсету ме, әлде қарусыздану туралы идеяны жоққа шығару ма?.. «Жаңа жерде» жарылыс жасалған күні «Правда» газетінде «Еліміздің ядролық полигондары үнсіз қала беруге тиіс пе?» деген тақырыппен мақала шықты, ол горбачевтік «жаңаша ойлау» қағидаларына кереғарлықпен әскери теңізшілерді ақтау, баяғы «жау бейнесін» тірілту болды. Мақала авторы сынаулардың жаңа «қалыбы», яғни жарақтану мөлшері, АҚШ-та ядролық қарулардың жаңа түрлері жасалып жатқаны жайында айтып, сондықтан... «қауіпсіздік мүддесі»... негізінде КСРО-да ядролық сынауларды жалғастырған жөн депті. Ол не? Қайтадан қасарыса қарсы тұру, үстем болуға тырысу емес пе?! «Қауіпсіз және алаңсыз» болу үшін... кесапатты қаруды үсті-үстіне жаңалап шығара беру қажет екен.
Сөйтіп, біз егер осы қажетті малдана берсек, алапат апаттың иіріміне тап боламыз, ал оның көлемі беймәлім, біз батып, жұтылып тынамыз!
Ақыл-ой жаппай оянып: «Тоқтаңдар!» деп жар салуға кірісті. Ажал себетін қару-жарақты шығару жарысын дереу тоқтатуға шақыруда. Полигондарды жабуды, жаппай қырғынға ұшырататын қару атаулыны түгел жоюды талап етуде. Бүгін – Еске алу күні. Конвентридің өткен соғыста қиратылған ғибадатханасы алдына таң ата жиналған жұртшылыққа сөз арнаған Кентербери архиепископы осы талап жайында айтты. Бейбітшілікті жақтаушы көпшілікпен Лондонның Вестминстер аббаттығында, Трафальгар алаңындағы Нельсон бағанасы алдында болған кездесулерімізде де сөзіміз сол болды.
Осы ғасырдың соңына дейін тек Ақыл-сана жолымен жүруге күш сала бірігейік! Тоталитарлық идеологияны лақтырып тастап, Берлин дуалын қиратқан, Батыс пен Шығысты табыстырған уақыт, біздің назарымызды жалпыадамзаттық құндылықтарға бұрған, біздің жеріміз үшін, келер ұрпақтарымыз үшін ядролық қару-жарақсыз бейбіт өмір орнатуға мүмкіндік берген уақыт бізден осыны талап етуде. Қазақ парламентінің өкілі ретінде өз атымнан ғана емес, атом жарылыстарынан шексіз зардап шегуші қазақ халқының атынан сіздерді бейбіт өмір үшін күш біріктіруге шақырамын! Чернобылін радиация күйдіріп-жандырған беларусьтар мен украиндардың, «Жаңа жерді» мекендеуші солтүстік жұртшылығының да айтар сөзі осы дей аламын.
Ақылдылық – бірбеткейлік емес, уақыттың қадір-қасиетін түсіне білу. Уақытты өткізіп алар болсақ, ұлыдержавалық абырой-беделімізден айырылып, атом күліне көміліп қаламыз.
Біріккен Ұлттар Ұйымы келесі 1991 жылдың қаңтарында ядролық қару-жарақ мәселесін талқылайды, соның алдында мына біз ядролық қаруы бар елдердің үкіметтерін Ақыл-сана дауысын тыңдауға мәжбүр етуге тиіспіз!