Саясат • 21 Мамыр, 2020

Митингтер туралы заңның тиімді тұстары көп

440 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында Қазақстанның митингтер туралы заңнамасын жетілдіру туралы тапсырма берген болатын. Бүгінде «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасы қызу талқыланып жатыр.

Митингтер туралы заңның тиімді тұстары көп

Депутаттар талқысына түскен бұл жобада қандай артықшылық бар? Осы мәселеге тоқталғым келеді. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары еліміз егемендікке қол жеткізді. Алайда жетпіс жылдан астам уақыт тоталитарлық жүйенің таптаурынымен жүрген, еркіндікке енді ғана бой үйреткен жас мемлекет үшін бірден балталаса бұзылмайтын заң шығару оңай болған жоқ. Олардың қатарында осы митингтер туралы заңнама да бар. Яғни осыған дейінгі заңда митинг пен шерулерге, пикеттерге тиісті мемлекеттік органдардың рұқсатын алып барып қана шығуға болатын еді. Тіпті сол митингтерді ұйымдастырушының да, қатысушының да құқығы көрсетілмеді. Ал талқылауға түсіп жатқан заңның жаңа нұсқасында алдыңғы қатарлы дамыған еуропалық елдердің тәжірибесі ескеріліп отыр.

Осылайша бұрынғы заңда көр­се­тілгендей мемлекеттік органдардан рұқсат алудың керегі жоқ. Тек қандай да бір бейбіт жиынның өткізілетіні туралы хабарлама жасау қажет. Әр азамат өзінің пікірін, наразылығын білдіру үшін, митингке шығып, бейбіт жиындарға қатыса алады. Алайда белгілі бір тәртіп те болуы керек. Ұйымдастырылатын жиынның не митинг, не шеру, не болмаса пикет екенін, оның негізгі тақырыбын, оған қатысатын адамдардың санын айқындап алу қажет. Бейбіт жиынды өткізуге бел буған тараптың жауапты тұлғасы, жиынның тақырыбы мен оған қатысушылардың саны міндетті түрде хабарлануы тиіс. Неге? Себебі діни экстремистік ұйымдардың, топтардың, бір жыныстылардың шерулері мен митингтеріне жол беруге болмайды деп санаймын.

Бұл дегеніміз бір ғана жиынға қатысушылардың ғана емес, оған қатыспайтын, жиын айналасындағы адамдардың құқығын қорғау деген сөз. Тұрғындардың бір жаққа бара жатқан автобусын, жеңіл көлігін тоқтатып қоймау үшін жасалады бұл қадам. Сондықтан қандай да бір митингтер мен шерулерге, пикеттерге қатысқысы келмеген, қатыспайтын тұрғындардың құқығы бұзылмауы, кедергі келмеуі үшін де мұндай бейбіт жиындарды өткізуге қала орталықтарынан арнайы орындар белгіленбек. Бұл да дұрыс. Себебі осы айтылған жиындар кез келген орындарда өткізілетін болса тұрғындардың қалыпты өмірі бұзылып, даңғылдар мен жолдарды жабуға тура келеді. Тәртіп сақшылары мен жедел жәрдем, БАҚ өкілдерін шақырудың қажеттілігі пайда болады. Ал егер заңда көрсетілгендей нақты бір орны болса, ұйымдастырушылар тарапынан хабарлама келісімен барлық керек адамдар сол орыннан табылар еді. Сондықтан талқыланып жатқан бұл заң жобасының берері мол деген пікірдемін.

 

Серік АҚЫЛБАЙ,

Қазақстан Заңгерлер одағының төрағасы