Күн тәртібінде ЕАЭО мемлекеттерінің алдағы таяу кезеңдегі макроэкономикалық саясатына, 2019 жылы ЕАЭО халықаралық қызметінің негізгі бағыттарын жүзеге асыруға қатысты, сондай-ақ басқа да бірнеше мәселе қаралды. Отырыс күн тәртібінің негізгі мәселесі еуразиялық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын бекіту болуы тиіс еді. Бір айта кетерлігі, бұл ЕАЭО-ның интеграциялық бірлестік ретінде алдағы кезеңдегі дамуының бағытын белгілейтін және Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде интеграциялық үдерістерді одан әрі дамыту туралы Декларацияның ережелерін қамтитын 11 жүйелік блоктарға топтастырылған 330 шара мен механизмдерді бекітуді қарастыратын аса маңызды стратегиялық құжат.
Осындай маңызды стратегиялық құжатты қабылдау одақтың барлық қатысушыларынан салмақты және ойластырылған тәсілді талап етеді. Стратегияны іске асыру 13 халықаралық шартты, ЕАЭО-ның 60-тан астам нормативтік актіні әзірлеп қол қоюды, одақ туралы шартқа 25-ке жуық өзгерістер мен толықтырулар енгізуді, сондай-ақ ЕАЭО-ға мүше елдердің ұлттық заңнамасына өзгерістерді енгізуді көздейді.
Осы жылдың сәуір айында Стратегия жобасы қаралып, жалпы Үкіметаралық кеңесте мақұлданды. Алайда түпкілікті бекіту Одаққа мүше мемлекеттердің басшыларынан тұратын Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) отырысында келісілген шешіммен жасалынуы тиіс болатын.
ЖЕЭК отырысында сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаев ЕАЭО аясындағы ынтымақтастық қазіргі күрделі жағдайларда экономиканы қалпына келтірудің басым және негізгі элементі болып табылатынын атап өтті. Мәселен, қазіргі уақытта коронавирус пандемиясы нәтижесінде туындаған барлық шектеулер мен кедергілерді кезең-кезеңмен алып тастау мәселесі өзекті болып табылады. Экономикалық байланыстарды қалпына келтіру мен нығайту ЕАЭО цифрландыру саласындағы күшейтілген жұмыспен және көлік-логистикалық қызметтерді кеңейтумен сүйемелденуі тиіс.
ЕЭАО-тың сандық кеңістігін қалыптастыру бизнес-процестердің тиімділігін едәуір арттырады, тауарлар мен қызметтердің, жұмыс күшінің еркін жүріп-тұру кедергілерінің айқындығы мен жойылуына ықпал етеді, тиісінше интеграциялық бірлестік құрылған негізгі мақсат іске асырылуда. Цифрлы күн тәртібін іске асырудан алынатын экономикалық тиімділік барлық қатысушылардың экономикалық әл-ауқатына оң әсер етеді. Осылайша, Дүниежүзілік банктің сараптамалық бағалауына сәйкес, ЕАЭО-ны цифрландыру Одақтың ішкі жалпы өнімін 2025 жылға қарай ЕАЭО-ның барлық қатысушыларының жалпы күтілетін өсімін 10,6%-ға арттыруы мүмкін.
Мемлекет басшысы «2025 жылға дейін еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың стратегиялық бағыттарын анықтайтын» құжат жобасына ерекше назар аударды. Қ.Тоқаев Мемлекет басшыларының қарауына енгізілген Стратегияның жекелеген аспектілерін сынға алды. Атап айтқанда, Еуразиялық экономикалық комиссияның өкілеттіктерін негізсіз кеңейтуге қарсы пікір білдірді. ЕЭК өкілеттіктерінің шеңберіне ЕАЭО негізгі экономикалық мәселелерін реттеу және үйлестіру кіреді. Денсаулық сақтау, білім беру және ғылым сияқты салалардағы органның өкілеттіктерін кеңейту оның негізгі міндеттерінің фокусын ығыстырады. Бұдан басқа, сауда-экономикалық мәселелер бойынша екіжақты форматта келіссөздер жүргізу ЕАЭО мүше мемлекеттердің айрықша ерекшелігі болып қалуы тиіс. Қазақстан Президенті ЕАЭО органдарының құзыретінен тыс қалуы тиісті салалар бар екендігін атап өтті.
ЖЕЭК шешімімен барлық тараптар стратегиялық құжатты тұтастай мақұлдады, алайда Қазақстан Президентінің ұсынысы бойынша пысықтауға жіберілді және Кеңестің келесі отырысында қайта қаралатын болады, оны күзде мемлекеттер басшыларының кездесуінде көзбе-көз форматта өткізу жоспарланып отыр.
Зарема ШӘУКЕНОВА,
Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры