Әлемнің басқа елдерімен салыстырғанда Қазақстандағы вирус жұқтырғандар мен індеттің құрбаны болғандар саны айтарлықтай төмен болуы да соның айқын дәлелі, уақтылы қабылданған шаралар мен медицина саласы өкілдерінің ерен еңбегі.
Еліміздегі пандемияға қатысты жағдайдың тұрақтануын ескере отырып, Президент Қ.Тоқаев алдағы уақытта ұлттық экономиканы жандандыру қажеттігін ерекше атап өтті. Президент тапсырмасы бойынша Үкімет пен Ұлттық банк дайындаған экономикалық дамуды қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарды әзірлеп жатыр. Жоспарда ұлттық экономикада орын алған түбегейлі өзгерістер жағдайында оны басқарудың институционалдық және құрылымдық реформалары ескерілетін болады.
Коронавирус індетінен туындаған күрделі кезең еліміздің экономикасының осал тұстарын аңғартты. Әлемдік экономиканың дағдарысымен қатар елімізде де көптеген кәсіпорын мен бизнестің жұмысы тоқтап, жұмыссыздық көбейді. Жаңа жағдайда жұмыспен қамтамасыз ету және экономикалық тиімділікті арттыру үшін экономиканы әртараптандыру үдерісін жалғастырып, шағын және орта бизнеске барынша жағдай жасау қажет. Сонымен қатар адам капиталын дамытып, ұлтымызды бәсекеге қабілеттілік деңгейіне көтеру қажет. Осыған орай алдымызда білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларын да түбегейлі жаңғырту, саяси реформалар жүргізу міндеті тұр. «Бұл – біздің стратегиялық таңдауымыз», деді Президент.
Әлемді жайлаған індеттен кейін еліміз дамудың мүлдем басқа деңгейіне өтіп, әлеммен қатар жаңа жағдайда өмір сүретініміз бәрімізге айқын болып отыр. Ел алдында экономикаға және мемлекеттік басқару жүйесіне ауқымды әрі маңызды өзгерістер енгізу міндеті тұр. Біз әлемдік деңгейдегі «жасыл энергетика» және цифрлы технологияларға өту үдерісінен шет қалмай, оларды өз экономикамыз бен қоғамымыздың қажетіне жаратуымыз керек. Бұл міндетті атқаруға әрбір қазақстандық өз үлесін қоса алады. Ол үшін күнделікті өмірде қажетті санитарлық нормаларды ұстанып, отандық тауарлар мен қызмет түрлерін тұтынуға ұмтылып, ішкі туризмге артықшылық беріп, осал топтарға қолұшын созуымыз қажет.
Дағдарыстан тиісті сабақ алып, қателіктерді ескере отырып, даму үшін жаңа серпіліс ала білген елдер ғана қатардың алды болуға қабілетті. Ол үшін тұтас мемлекет, бірегей ел болып, әрбіріміз аянбай өз үлесімізді қосуымыз керек.
Алмас АРЗЫҚҰЛОВ,
Президент жанындағы ҚСЗИ-дің жетекші ғылыми қызметкері