Руханият • 21 Мамыр, 2020

Хакім һәм Хакімжан

384 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

1960 жыл. Кеңес өкіметі кеңірдегіңе кездік тіреп тұрмаса да ту сыртыңнан сақ көздерін қадап, сұқ саусақтарын шошайтып тұрған алмағайып заман. Егемендіктің елесі де жоқ ескі күндердің бірінде, азаттық аңсары жүрек төрінде атойлаған жас қазақ қою саз балшықты қолаға айналдырып, Алматының шеткері бір шеберханасында ақын тұлғасын алып тұғырға көтере бастады.

Хакім һәм Хакімжан

Мүсіншінің көз алдынан күніне мыңдаған бейне көшеді. Бәрі де ақын көңіл-күйінің әр сәтін дөп басатындай. Бірақ, ұлы ойшылдың дара тұлғасына, еңселі тұғырына, тұңғыш ескерткішіне құр қиял жемісі жеткіліксіз. Шайыр бейнесі шыншыл шығармашылығымен астасып, ақын айтқысы келген ең қастерлі сөз сәулетті тұғырда сәтті сәулеленбесе төккен тер, кеткен уақыттың барлығы зая.

Жас мүсінші ақын ескерткішін соғуды бастаған күннен өзінің жанын көбірек сыға бастағандай қамырықты күйге ұзақ түскен. Ұзақ уақыт баяу сырғиды.  Кесек тұлғаны кескіндеу бөлек, бәдіздеу тіпті басқа талап. Ұлы кемеңгердің келбетін кейіптеу – сол кемеңгерді тудырған ұлттың болмысын бітік тасқа қашаумен бірдей қадам. Тұтас ұлтты тұғырға қалай көтересің, сол биік арқылы сенің ұлтыңның ой-санасы, парасат-пайымы, білім-дәрежесі өлшенеді, мәселе сонда...

Қолында Мұхтар ағасының «Абай жолы» кітабы. Қиялында ақын биігі. Қайткен күнде оның кеудесін кернеген асыл мұрат аласармас асқарға иық артады. Мүсінші сол сәттен  ғана медет күткендей.

Жас Хакім – жалпыадамзат Хакіміне бетпе-бет қарап тағы тілдесті. Сыр ақтарды, ой көшірді, белгі күтті.

Ұйқысыз өткен есепсіз күндер мен түндер бір ғана көзқарасқа жұтылып кеткендей, «қалың ел, қайран жұрттың» ертеңіне  алаң қатпар-қатпар қалың қыртысты, қатулы қабаққа қайта-қайта айналып соғады. Тас мүсінде де табиғат бар. «Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла» дейтіндей ауыр тілдеседі. Бірде қатулы көрінсе, бірде келешекке үмітпен қараған кемел ой кескінделе қалады. Бодандықтың бұғауында отырып бұл көзқарастарды білдіртпей ғана астарлауың керек. Сәулет өнерінің өзіндік ерекшелігі де, өзіндік мехнаты да осы. Өнерлік қолтаңба, ұлт психологиясы, ақын драмасы, автор ишарасы барлығы-барлығы бір арнаға түйіссе құп, түйіспесе түгел еңбек әп-сәтте желге ұшады.

Тарих пен тас мүсін ортасында талант ұзақ сапар шекті. Том-том тарихтың шаң-шаң парақтарын зертхана ішінде аударып-төңкерген қолдар, шежірелі жырларды шеңбер ішінде ғана шиырлаған көздер бәрібір «Жалғыз беттік тарихтан» жаһанды билеп-төстеген жауынгер, білімдар рухты көксейді...

Бір ғана болмыстың бейнесі арқылы, бір ғана ақынның ажары арқылы, бір ғана кемеңгердің кісілік келбеті арқылы бұдан кейін келер бірнеше дәуірмен, бірнеше буын ұрпақпен тілдесу кішкентай қателікті кешірмейтіні белгілі. Ертең көпшілік алдына шығатын кесек мүсінді кемелдендіре беретіні де сол.

Ақын болмысы тас тұғырда сол жылы бой көтерді.

Жаңа тәсіл, дара өрнек, сауатты шешім.

 Зергерлік сипаты бөлек, терең пайым, таңқалдырар көрініс жұртшылықты содан бері тура алпыс жыл өтсе де бей-жай қалдырмай келеді. Ұлт тарихын ұғынықты тілмен баяндаған табысты тұғыр, ақынның халыққа деген сүйіспеншілігін қапысыз жеткізген мінсіз мүсінге Алматыға алғаш барған жылы сіздің де тағзым етіп, естелікке суретке түскеніңізге кәміл сенер едік. Ақын бейнесі алмалы шаһардың асқақ төрінде биікке ұмтыла өрлеп барады. Болашаққа бет түзеген ойшылдың сол қолына қолтықтай қысқан кітап бар.

Кісілік кітабы, ұлт әліппесі, шежірелі тарих беттері қатталған қалың мұқабалы жинақ.

Бізді жарқын болашаққа бастар айқын бағыт, адастырмас соқпақ сол кітаптың мазмұнында жатыр. Хакім айтқан бес асыл іс – сол кітаптың кілті.

Мүсіннің оң қолы желбегей жамылған шапанының шалғайында, ақын терең ой үстінде кетіп барады.

Шайыр шапанының шалғайында қазақ көктеп келеді. Сол шапанның шалғайында ұлт өсіп-жетіледі, ұлттық қадір-қасиет бойға сіңеді.

 Бұл жай ескерткіш емес, қазақ даласында жеке адамға қойылған алғашқы көлемді белгі.

Біз тілге тиек еткен тарихи ескерткіштен кейін ақын бейнесін небір мүсіншілер түрлі формада қалыптап келеді. Қалыптай беруі де заңдылық. Бірақ бас ақынымызға қойылған алғашқы мүсін ретінде жер бетіндегі барлық ескерткішке бағыт, темірқазық үлгі – осы тұғыр.

Бүгінде хакімнің ескерткіші әлемнің біршама нүктесінде тас тұғырға бекіп үлгерді. Алғашқы ескерткіштен кейінгі ескерткіш 1968 жылы Қарағанды облысы Егіндібұлақ ауданы Абай кеңшарында мүсінші П.Е. Куценконың қолтаңбасымен тұғырда түлеген екен. Одан әрі қарай Шығыстан – Батысқа, батыстан басқа құрлықтарға ақын бейнесі сұлу сөз, сәулетті ескерткіштер болып көше бастады.

Кемеңгердің тас тұғырлар мен алып сөрелерге қос қара томы мен еңселі тұлғасын әлі талай ұрпақ құрметпен орналастырады. Сол екі ескерткіш арқылы уақыттың өткені мен болашағына әлем сапарлайды, адамзат қазақ халқының жадына сол екі құндылық арқылы үңіледі.

Алайда тас мүсіндердің ең басында бәрібір жас Хакімнің шеберханасында шешімін тапқан 1960 жылғы алып мүсін тұрады.

Хакімнің Хакімге қойған ескерткіші. Еңбегі үшін ешкімнен ақы тілемеген Хакімжан Наурызбайұлының жанқияр ерлігінің ескерткіші. Тарих Хакімнің, талант Хакімнің тас тұғырдағы тұтас ұлтқа қойған қайталанбас қолтаңбасы – Абай ескерткіші.