Тарих • 31 Мамыр, 2020

Орал губерниясындағы ашаршылық ақиқаты

693 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік тізгінін өз қолымызға алып, егемен ел болғалы, тарихымызды жан-жақты зерттеп, белгісіз тұстарын ашу мүмкіндігі пайда болды. Кеңес өкіметі кезінде зерттеп, жариялау қиын болған, архив қорларында шаң басып жатқан құжаттарды көпшілікке таныстыруға қазір мүмкіндік мол.

Орал губерниясындағы ашаршылық ақиқаты

Коллажды жасаған Қонысбай Шежімбай, EQ

Жаңа заман тарихына көз жүгі­ртетін болсақ, ХХ ғасырдың бірін­ші жартысы халқымыздың демо­г­рафиясына аса ауыр зардабын тигізді. Оның басты себебі – екі мәрте айналып соққан алапат ашаршылық. Соның алғашқысы 1921-1922 жылдары болған нәу­бет еді.

Осы тақырыпты зерттеген тарихшылар нәубеттің бірнеше себе­бін келтіреді. Олардың ең бас­ты­сы Азамат соғысы болса, 1921 жыл­дағы қатты құрғақшылық және халықтың малы мен егістік жер­лерінен айырылуы жығылған үстіне жұдырық болды.

Аштыққа мейілінше қатты ұшы­раған губерниялардың ара­сында Орал мен Бөкей губер­ния­ла­ры да болды. Орал, Бөкей губернияларында құрғақшылықтан егін шықпай қалды, шыққаны жаз­ғы аптапта қурап қалды. Мал өсірумен айналысатын көш­пелі және жартылай көш­­пе­лі аудан­дардағы жайы­лым мен ша­бын­дық толық күйі­п кетті. Со­нымен қатар жер­гі­лік­ті ха­лық­тың өзіне қажет мил­лион­даған пұт астық Самара мен Сара­тов секілді губернияларға жөнел­тіл­ді. 1921 жылғы тамыз айынан бастап Орал және Бөкей губерниялары аштықтан зардап шеккен аймақтар тізіміне ресми енгізілді.

Бүгінде Батыс Қазақстан об­лы­­сының мемлекеттік архивін­де 1921-1922 жылдардағы ашар­шы­лық­қа қатысты көптеген құжат сақ­талған. Сондай құжаттардың бірінде «КирРОСТА» Орынбор Қырғыз өлкелік бөлімі тілшісінің Орал губерниясындағы ашар­шы­лық туралы «Ужасы голода в Ураль­ской губернии» (Орал губер­ниясындағы аштық алапаты) атты мақаласы жарияланған. Ол мақалада: Орал губерниясында құстардың, жәндіктердің, ит пен мысықтың, тіпті, адамдардың бірін-бірі жеу фактілері болғаны айтылған. Мысалы: Орал губер­ния­сы Елек уезі Ташла болы­сы Иртек ауылындағы бір тұр­ғын­ның үйінен жас баланың мүр­десі табылған: ыдыста жас бала­ның жүрегі, өкпесі, бауыры, сонымен қатар, қазанда жас баланың еті пісіріліп жатқаны баяндалады. Сонымен қатар Елек уезінде адам жеу фактісін тексеру жөнінде комиссия құрылған. Комиссияның тексеру жұмысы барысында, Грязно-Иртекск ауылында аштыққа ұшыраған халық барлық тірі мысық, итті жеп бі­ті­ріп, өздері өлудің аз-ақ алдын­да жүр­гендігі және оларға 2-3 аптадан кейін көмек көрсетілмесе, жергілікті халықтың барлығы қы­ры­латындығы, аштыққа ұшы­ра­ғандар тіпті, адам кейпінен айырылып, көлеңке секілді жүргендігі туралы хабарланады (БҚО МА, 19-қор, 1-тізім, 29-іс,42-46-бб.).

«Губстатбюро» мең­геру­ші­сі­нің 1921 жылы 30 қарашада берген ақпаратында, 1920 жылы ха­лық санағы жүргізіліп, жалпы Орал губерниясында 525 600 мың адам болғандығы көрсетілген. Сонымен бірге уездер бойынша ашыққан адамдардың саны туралы мынадай мәлімет бар: Орал уезінде – 38 мың адам (жалпы халықтың 30%-ы), Елек уезінде – 90 мың адам (жалпы халықтың 70%-ы), Жымпиты уезінде – 33 мың адам (жалпы халықтың 35,5%-ы), Калмыков уезінде – 42 мың адам (жалпы халықтың 70%-ы), Гурьев уезінде – 24 мың адам (жалпы халықтың 20%-ы) (негізі: БҚО МА, 19-қор, 1-тізім, 12-іс, 2-бет).

Сол зұлмат жылдары ата-анасынан айырылып, тұл жетім қалған балалар саны өсіп кеткен болатын. Калмыков, Жымпиты уездеріне аштыққа ұшырап, үйсіз қалған балалар сырттан толассыз ағылды. Балалар үйіне сырт аймақтардан күн сайын 30-50 бала қабылданып, бұл мекемелердегі адам саны 3-4 есеге артып кеткен. Мысалы, әр жетімдер үйіндегі бала саны 120-дан асып отырған. Орын жетіспеушілігі, балалар үйін­дегі салқындық, ластану, пара­зиттердің таралуы түрлі жұқ­па­лы аурулардың көбеюіне соқ­тыр­ды.

Балалар үйінде 1922 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 1500 адам есепте болған, оның 89-ы ауруға ұшырап, 69-ы қайтыс болған. Тастанды балаларды іріктеу және олардың үйсіз қалу себептерін айқындау мақсатында әлеу­меттік қамқорлықтағы апалы-сіңлілер мен ағалар инсти­туты құрылды. Үй-жайсыз қалған бала­лар­ға көмек көрсету мақсатында 200 адамдық орны бар 3 балалар үйі ашылды.

ХХ ғасырда Орал губерниясы халқының тең жартысы аштан қырылды немесе өзге өңір­лер­ге босып кетті. Қаншама шаңы­рақ­тың түтіні өшіп, ата-ана баладан айырылды. Қаншама бала жетімдік зардабын тартты. Бұл де­ре­ктер де Батыс Қазақстан об­лыс­­тық архивінде сақтаулы тұр. (БҚО МА, 12-қор, 1-тізім, 263-іс, 31-бет).

Осындай қиын-қыстау кезең­нен шығу үшін атқарушы комитет тарапынан көптеген шара ұйым­дастырылды. Аштыққа ұшы­ра­ғандарға көмек көрсету, аш­тықты тоқтату және алдын алу мақсатында Орал губерниялық комиссиясы құрылды. Көк­тем­гі егіс науқаны кезінде губер­ния­ның барлық жерінде екі апта­лық «Красный пахарь» (Қызыл диқан) акциясы, ауыл шаруа­шы­лығына қатысты конферен­ция­лар ұйымдастырылды. «Крас­ный пахарь» кезінде «Үгіт­ші және насихаттаушы» атты па­рақ­шалар мен арнайы анық­тама­лықтар әзірленген. Меди­ци­на­лық-санитарлық секциясы сани­тарлық-тазалау шараларын ұйым­дастырған.

Архив қорында сақталған гу­бер­­ниялық саяси ағарту бөлі­мінің үндеу хатында орта­лық­тан Орынбор, Ақтөбе және Орал губернияларына 1 млн пұт көлемінде дәнді дақыл жіберілгендігі айтылған. Соны­мен қатар осы құжатта Ук­раинадан Орал губерниясына тұрақты көмек аясында 23 вагон азық-түлік жөнелтілгені көр­се­тіл­ген (БҚО МА, 12-қор, 1-тізім, 151-іс, 2-бет).

1921 жылдың 25 тамызы мен 31 желтоқсан аралығындағы аш­тыққа ұшырағандарға көмек көрсету жұмыстары туралы Орал губерниялық комиссиясының есебі мен баяндамасында келе­сі­дей көмек көрсетілгендігі туралы айтылған: Орал қаласында 4450 адамға арналған өткізу па­рағы бар 5 асхана ашылды; аш­тыққа ұшырағандар қорына түсе­тін губерния ішінде салық жи­нау жұмысы ұйымдастырылды (негізі: БҚО МА, 19-қор, 1-тізім, 2-іс, 9-бет);

Кеңестік биліктің қатаң бақы­лауы­на қарамастан еліміздің кей­бір тарихшылары мен жазушылары тарихтың ащы шындығын болашаққа жеткізуге тырысты. Алайда бұл тақырыптың әлі де ашылмай қалған тұсы көп. Сол үшін біз зерттеушілер мен тарихшыларды құпиясы мен сырын ішіне бүгіп жатқан аштықтың ақи­­қатын зерттеп, халыққа жария­лау­ға шақырамыз.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз­дің тарихқа жіті көзбен қарап, өткен­ді ұмытпауымыз осындай нəубеттердің қайталанбауы үшін қажет. Халықтың қасіретті сəт­тері əрдайым елдің жадында болуы тиіс. Бұл ретте тұтас ұлт­ты жо­йып жібере жаздаған ашар­шы­лық ешқашан ұмытылмақ емес» деген болатын. Сондықтан да мұндай қасіретті ұлы жұттың елі­мізде және дүние жүзінде қай­та­лан­бауын қалаймыз.

 

Айжан САУҒАБАЕВА,

Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінің директоры

 

ОРАЛ