07 Сәуір, 2010

“ҚАЗАҚСТАНДЫҚ МАЗМҰНДЫ” ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ҒАНА ҰЛҒАЙТА АЛАДЫ

678 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Мемлекетіміздің қалыптасып, дамуына еңбегі сіңген кәсіби мұнайшы және жер­гілікті кәсіпкер ретінде мені Маңғыс­таудың мұнай өндірісі мен сервистік қызмет көрсету сала­сын­дағы қазіргі ахуал қатты толған­дырады. Елбасы Н.Назарбаевтың 2009 жылдың 29 желтоқсанында қол қойып, бекіткен “Қазақ­стан­дық мазмұн мәселелері туралы Қазақ­стан Республикасының кейбір заң актілеріне то­лық­тырулар мен өзгерістер енгізу жөнін­дегі” Қазақстан Республикасының Заңы жер­­­гілікті жерлерде өз дәрежесінде орындалмай отыр. Мәселен, Маңғыстауда өз бизнесін өркен­детіп жатқан Ресейдің “Юго-Восточная сервисная группа” (“ЮВСГ”) ком­паниясы, “Лукойл”-дың меншігіндегі “Қара­құдық­мұнай”, “North Buzachі”, “Арман” ЖШС сияқты бірнеше компа­ния­лар Елбасымыздың “қазақстандық мазмұн” саясатын аяқасты етуде. Олар тікелей Ресейдің саясатын жүргізіп, өз елінің ғана мүддесін көздейді. Біздіңше, қазақстандық мазмұн туралы заңды толыққанды, өз дәрежесінде жүзеге асырғымыз келсе, бұл кәсіпорындардың бас директорлары қазақстандық азамат болуы тиіс. Ал бізде, өкінішке қарай, олай болмай тұр. “Лукойл”-дың кадр саясаты “қазақ­стандық мазмұнға” мүлде қарама-қайшы. Оған қарасты компаниялар өзімізде дәл сондай дәрежедегі мамандар бола тұра, бар­лы­ғын Ресейден алып келеді. Ал осы салада ондаған жылдық тәжірибесі бар, қазақ­стан­дық мықты кәсіби мамандар жұмыссыз бос жүр немесе әлдебір шағын компаниялардың тех­ни­калық директоры қызметін атқарып, жалданып жүр. “Лукойл”-дың меншігіндегі жоғарыда аталған компаниялар бас дирек­тор­­лық қызметке немесе сондай жоғары лауа­зым­­­ды орындарға тек көз алдау үшін ғана кон­курс жариялайды да, арада аз ғана уақыт өткен соң “ондай қазақстандық ма­ман табыл­мады” деген сылтаумен өздерінің ресейлік аза­матын тағайындайды. Әйтпесе, бізде кезінде ондай үлкен жауапты қызмет­терді атқарған, мұнай саласының жілігін шағып, майын ішкен майталман мамандар жетіп артылады. Салыстыру үшін айта кетсек, Қытай мемлекеті сатып алған компаниялардағы жағдай олай емес. Мәселен, “Маңғыстау­мұнай­­газ” АҚ-тың бас директоры А.Айдар­баев – қазақстандық маман. Ал оның қаржы жөніндегі орынбасары – Қытай азаматы. Осындай талап тек қытайлықтардың менші­гін­дегі кәсіпорын­дарда ғана емес, барлық шетелдіктер иелік ететін компанияларда сақталуы тиіс. Жалпы, реті келіп тұрғанда айта кету керек, ресейлік­терге қарағанда, қытайлықтар өте нәзік те, шебер саясат жүргізеді. Олар ресейліктер сияқты дөрекілік пен өзімбілемдікке барып, бірден тізеге салып сындырмайды, әйтеуір өлкенің мүддесімен санасқан сияқты болып, шама келгенше “қазақстандық мазмұн” саясатының талап­тарын сақтауға тырысады. Осы мақаланы жазу кезінде менің ойыма осыдан 15 жыл бұрынғы жағдай түсіп отыр. 1995 жылы АҚШ-тағы Массачусетс штаты­ның университетін бітіргеннен кейін Техас штаты­на қарасты Даллас қаласындағы “ОРИКС Энерджи” қазақстандық жобалары­ның консультанты және директоры болып жұмыс істедім. Қазіргі күні Ресейдің менші­гі­не өтіп кеткен “Арман” қазақ-американ бір­лескен кәсіпорнының құрылуына атсалыс­тым. Сонда өлкеміздің өрелі азаматы, марқұм Нәсіпқали Марабаев екеуміз шетелдіктерді компанияның бас директоры Қазақстан аза­ма­ты, ал екінші директоры етіп америка­лық­ты тағайындауға, сондай-ақ алдымен жергі­лікті жердің мүддесін көздеп, мамандардың басым көпшілігін жергілікті жердің адамдарынан алуға көндірдік. Сөйтіп, “Арман” БК-нің алғашқы директоры Құралбек Келжанов та, одан кейін осы қызметті атқарған Құбайдолла Махутов та бүгінде мұнай саласында өзіндік орны бар мықты маман болып қалыптасты. Міне, қазіргі қақсап айтып жүрген “қазақстандық мазмұн” саясатын біз сонау өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында-ақ шетелдіктерге шегелеп тұрып түсіндіріп бергенбіз. Өкінішке қарай, “Арман” кәсіпорнын ресейліктер сатып алғаннан кейін бұрынғы біз салып кеткен соқпақтың талқаны шықты. Осындай оспадарлықтың салдарынан небір мықты мамандарымыз ешкімге керексіз болып, жерде қалып жатыр. Ал өмір бойы класс пен кабинеттен шығып көрмеген, асфальтта туып, автода өскен, ана тілінің қасиетінен мақұрым қалған, аудиториядан шығып, атқа мініп, таққа қол созған “жаңа” қазақтар бесіктен белі шықпай жатып билікке ұмтылады. Үстіміздегі жылдың қаңтар айында Президенттің біздің ведомстволардағы жап-жақсы лауазымдарда өздерінің не үшін отырғандарын да білмейтін бала-шағалар отыр деп ашына сөйлеуі де ­осы сөзіміздің айқын айғағы. Бізді жарылқап жарытпайтын осындай жас кадрларды, жалпы, еліміздің жоғарғы деңгейдегі басқару органдарындағы “бала-шағаны” қатаң сынға алған Президенттің бұл сөзінің жаны бар. Шындығында да, өмірінде өндірісті көрмеген ондай жастарды алыс аймақтардағы қайнаған қызу еңбектің майданына жіберу керек. Мен 1997 жылдан бастап қазіргі күні қанатын кеңге жайып, Қазақстанның бірден-бір іргелі сақтандыру компаниясы болып отырған “НСК” мұнай сақтандыру компания­сының негізін қалап, ең тұңғыш ұйымдас­тыру­шысы және президенті болдым. Сонда Қызыл­орда облысының Арал аймағындағы бір кенішті игеру кезінде сақтандыру жөніндегі келісім-шарт жасау үшін Жапонияға компанияның атынан бір адамды жіберу керек болды. Әуелгіде біз политехникалық институт­тың түлегі, бір жас маманды жібермек болып шешкенбіз. Артынан Алматыда оқитын жапон­дық маманнан кеңес алғанымызда, ол “Жапо­нияда ол сияқты жас мамандармен мүлде сөйлеспейді. Олар ақыл-парасаты кемеліне келген, көпті көрген, өмірлік іс-тәжірибесі мол адамдармен ғана тең дәрежеде қарым-қатынас жасайды. Сондықтан білімді де білікті, жасы үлкен адамдарыңызды жіберген дұрыс”, – деген ақыл айтты. Сөйтіп, оның алдында Күншығыс еліне сапарға шығуды жоспарлап отырмасам да, ойламаған жерден келіссөз жүргізуге мен өзім бардым. Сонда менің түсінгенім – Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония сияқты дамыған елдерде қазіргі біз сияқты әлі оң-солын танып үлгермеген шикіөкпе жас кадрларды емес, жасы жер ортасынан асқан, өмір көрген, тәжірибе жинаған, тоқтасқан адамдарды жоғары бағалап, олардың ой-пікірлеріне құлақ асып, қатты санасады екен. Міне, бізге де дамыған елдердің осындай озық тәжірибесін пайдалану қажет-ақ. Бізде жоғары оқу орнын бітіргенімен, мұрнына мұнайдың исі де бармайтын дүмбілез мамандар Астанадағы жайлы кабинеттерге жайғасып алған. Олардың көпшілігі – көкесі мен әкесі әлдебір мекемені тіреп тұрған кілең “текті” жердің балалары. Ал жергілікті жерлердегі мұнай өндірісінің отымен кіріп, күлімен шығып, іс жүзінде тәжірибелік шыңдалудан өтіп жүрген қарапайым қазақ баласының теориялық білімі жоқ, жоғары оқу орнында білім алуға көп ретте қолы жете бермейді. Содан келеді де осы саладағы ондаған жылдарға созылған дәстүр сабақтастығы үзіліп, білімді де білікті мамандар дайындау ісі тоқырауға ұшырады. Қазақстандағы кадр саясаты жолға қойылып, “Аджип”, “Шеврон” сияқты ірі кәсіпорындарды басқаруды да игеріп, шетелдіктермен иық тірестіріп, терезесі тең дәрежеде сөйлесе алатындай Отанымыздың озық ойлы, білікті мамандарын тәрбиелеу қажет. Реті келгенде айта кету керек, кезінде “Шевронды” Ник Зана деген түрік те басқарды. Түркия мұнай-газ саласында біз сияқты 110 жылдық тәжірибесі бар, өндірісі дамыған ел емес. Бірақ сонда да олар осындай алып кәсіпорынды басқаруға қабілет-қарымы жететіндей іскер тұлғаны арнайы әзірлеп, жан-жақты сыннан өткізіп, даярлап шығарды. Ал біз болсақ, “қазақ мұнайының бір ғасырдан астам тарихы бар” деп, аузымызды толтырып мақтанғанымыз болмаса, жиырма жылдан бері “Шевронның” есігінен де сығалай алмай жүрміз. Тағы бір айта кететін мәселе – жоғарыда аталған шетелдік кәсіпорындар сервистік қызмет көрсету саласындағы барлық жұмыс көлемін меншіктеп, монополиялап алған. Мы­салы, тендер жарияланған кезде “Лукойл”-дың меншігіндегі кәсіпорындар жеңіп шығатындай етіп, солардың мүддесіне сай, заңсыз талаптар қойылады да, соның салдарынан ол талаптарды орындай алмаған жергілікті қазақстандық компаниялар зардап шегіп, өздеріне тиісті нәпақасынан қағылады. Бір ғана мысал. Өткен жылы тендер жария­лаған “Қарақұдықмұнай” ЖШС бізге “Тен­­дерге қатысушы мекеменің 2007 жылы Ресей­де шыққан бұрғылау қондырғысы болуы тиіс” деген талап қойды. Біз бұл талаптың заңсыз­дығын айтып, өткен жылдың желтоқсан айын­да бұрынғы облыс прокуроры С.Ерім­бетов пен “Нұр Отан” ХДП Маңғыстау облыс­тық филиалына шағым түсірдік. Алайда, одан әлі күнге дейін ешқандай нәтиже болған жоқ. Ашығын айту керек, Ресейдің “ЮВСГ” (“Юго-Восточная сервисная группа”) компаниясы, “Лукойлдың” меншігіндегі “Қарақұдықмұнай”, “North Buzachі”, “Арман” ЖШС сияқты бірнеше сервистік компаниялар тікелей Ресейдің саясатын жүргізіп, өз елінің ғана мүддесін көздейді. Бұлардан ел бюджетіне келіп түсіп жатқан пайда да шамалы. Әсіресе, “Қарақұдықмұнай” ЖШС-нің қазақстандық жұмысшыларды жұмыспен қамтып, қазақстандық тауарды сатып алу мен қазақстандық қызметті пайдалану деген талаптарды орындау деңгейі біз сияқты сервистік компаниялар түгілі, республика Үкіметінің де көңілін көншітпей, Елбасының жүргізіп жатқан “қазақстандық мазмұн” саясатын аяқасты етіп отырған кәсіпорындар ретінде күні кеше Мұнай және газ (бұрынғы Энергетика және минералдық ресурстар) министрлігінің “қара тізіміне” ілікті. “Лукойл”-дың “Қазақойл Ақтөбе” ЖШС төңірегіндегі дау-дамай – өз алдына бір төбе. Біздіңше, бұл компаниялар таза қазақ­стан­дық мүддеге қызмет етуі тиіс. Тіпті біз айтар едік, олардың құрылтайшылары мен бас директорлары да қазақстандық мамандар болуы керек. Әйтпесе, бас офисі Ресейде неме­се Қытайда орналасқан, аты “қазақстан­дық” та, заты шетелдік компаниялардың тапқан табысынан ел қазынасына қара бақыр да түспейді, барлығы да шетел асып, жоқ болады. Сөйтіп, ел байлығы тапа-тал түсте талан-таражға түсіп, қала берді, қазақстандық ком­паниялардың аузы жырық болып, айналғанда өз елінде өгей күй кешіп қала береді. Сондай-ақ, “Өзенмұнайгаз” өндірістік бірлестігінің ұңғыларын жөндеумен және күрделі жөндеумен айналысатын “Бұрғылау” ЖШС, “Жөндеу” ЖШС, кезінде “Маңғыстаумұнайгаз” акционерлік қоғамының еншілес кәсіпорны болып құрылған “Ойл сервис компани” (“OSK”) ЖШС-нің де кәсіби біліктілігі өте төмен, қызмет көрсету деңгейі нашар болса да, аталған ірі компаниялардың айналасындағы тендерлердің бәрін ұтып, монополиялап алған. Қарап отырсаңыз, осы аталған мекемелердің бәрі біздің өлкеміздегі өндіріс алыптарының еркетотай баласындай болып, барлық жұмыс көлемін меншіктеп, монополиялап алған. Ал осы әрекеттер қаншалықты заңды? Айналып келгенде, соның салдарынан жергілікті қазақстандық компаниялар зардап шегіп, өздеріне тиесілі наны мен нәпақасынан қағылып отыр. Меніңше, жоғарыда аттары аталған шетелдік кәсіпорын­дардың барлығының да ең кемінде 50 пайыздайында қазақстандық үлес болуы қажет. Ендігі бір мәселе – еліміз тәуелсіздік алғалы бергі соңғы 19 жылдың ішінде соры қайнап, қайта-қайта қайта құрылымдауға (реорганиза­цияға) ұшыраған мұнай-газ саласының хал-ахуалы. Асылы, қаншама жылдар бойы қалыптасқан дәстүрі бар қазыналы саланы қайта құрылымдаудан өткізіп, “реформа” жасай беру – түсініксіз. Өйткені, мұнай мен газ саласының дүниежүзілік тәжірибеде қаншама ғасырлар бойы сыннан өткен қалыпты дәстүрі бар. Егер оны қаламасақ, күні кешегі Кеңес Одағының кезінен қалған жүйені бұзбай, сақтап қалуымыз керек еді. Айталық, кеңес өкіметі кезінде мұнай-газ өндіру басқар­масы–өндірістік бірлестік–мұнай және газ өнер­кәсібі министрлігі деген үш буыннан тұратын басқару әдісі болды. Сол жүйеде қаншама білікті кадрлар тәрбиеленіп, тұтас бір лек мамандар шоғыры қалыптасты. Елдің бүкіл мұнай және газ өнеркәсібін осы мамандар ұстап тұрды және өз кезегінде олар рет-ретімен келесі буын ұрпақтарды дайындап, баулып шығарып, эстафета таяқ­шасын келесі буынға беріп кетіп отырды. Сөйтіп, елдің ең бір өндірісті саласы қалыпты даму ырғағымен жұмыс істеп тұрды. Ал қазір қалай? Жаңағы 3 буынды басқару әдісі бірнеше рет бұзылып мұнай-газ өндіру басқармасы–Акционерлік қоғам­ның басқармасы–“ҚазМұнайГаз” Барлау-Өндіру” басқармасы–“ҚазМұнайГаз” АҚ–Мұнай және газ министрлігі болып бес сатылы басқару әдісі енгізілді. Ол аздай, осының бәрінің үстінен қарап, қаржы қазанының қақпағы мен құлағын ұстап отырған “Самұрық-Қазына” қоры деген өз алдына тұтас бір жүйе тағы бар. Сонда бұл алты буынды басқару сатысы болып шыға келді. Оның үстіне бұл жүйе де тұрақты емес. Әрбір екі-үш жыл сайын министр­ліктің өзі біресе айырылып, өз алдына жеке отау болып шығып, біресе қосылып, біреу­дің шаңырағында кірме күй кешіп, құбы­лады да тұрады. Күні кешегі “Өзен­мұнай­газдағы” шиеленіскен әлеуметтік жағдайдың астарында да осындай ойсыз қадамдардың әсері жатыр. Бұл – бұрыннан бар жүйемізді талқан қылып, қолда барымызды қор етіп, елдің мұнай-газ саласын құрту деген сөз. Сондықтан бұл саладағы жыл сайын қайта құрылымдап, сапырылыстырып жататын сансыз “реформаларды” тоқтатып, саланы дамудың қалыпты арнасына түсіру керек. Мұның бәрі – айналып келгенде, “қазақ­стан­дық мазмұн” саясатынан шығып кетіп отырған жәйттер. Сондықтан республика Үкіметі енді ғана қолданысқа енгізіліп жатқан қазақстандық мазмұн туралы заңның шикі тұстарын қайта қарап, әлі де болса жетілдіре түсуі және сол қабылданған заң талаптарының қатаң орындалуын қадағалауы қажет. Меңдеш САЛИХОВ, мұнайшы.