Бүгінгі таңда оқыту сапасы мен оқу бітіргеннен кейін жұмыспен қамтудың төмен деңгейіне қатысты көптеген сын айтылып жүр. Бұл проблемаларды шешу үшін жоғары оқу орындарын профильдеу қажет. Менің ойымша, саланы қажетті кадрлармен қамтамасыз ету үшін қазіргідей 22 университет емес, 3 аграрлық университеттің мүмкіндігі жеткілікті. Түлектерді мамандығы бойынша жұмыспен қамтуға Президенттің жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту туралы тапсырмасының орындалуы және тұтастай ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің кооперациясы жол ашады. Кооперативтер ауылды дамытудың әлеуметтік, экономикалық және саяси негізі бола алады.
Білім беру саласында жағымды жаңалықтар да бар. Мемлекет басшысы қолдауының арқасында қазіргі таңда екі аграрлық университетке – Ұлттық аграрлық және астаналық С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университеттерге «ғылыми-зерттеу университеті» мәртебесін беру туралы Үкімет қаулысының жобасы қарастырылып жатыр.
Ауылдық жерлерде инновацияны сәтті қолдану үшін білімді тарату жүйесі өте маңызды. Бірақ бүгінде ол да шашыраңқы күйде. Ауылдық жерлерде білім таратудың ұлттық жүйесін құру бойынша бағдарлама әзірлеп және оның бірыңғай операторы ретінде Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын анықтауды ұсынамын. Бүгінде ғылыми жетістіктердің өндірісте қолдану деңгейінің төмен болуы дәл осы білім тарату жүйесінің нашар дамуына, сондай-ақ нақты трансферт пен коммерциализацияның болмауына тікелей байланысты.
Өкінішке қарай, алдағы жылы аграрлық ғылымды қаржыландыру жоспарланған деңгейден 6 есе кем сомаға қысқартылып жатыр. Әрине, бүгінгі жағдайда бюджет шығыстарын азайту қажеттігін түсінеміз. Бірақ ғылымды орташа елдер деңгейінен 12,5 есе аз қаржыландыруды оңтайлы шешім деп есептемейміз.
Ғылыми кадрлардың санын көбейту мәселесі де өте өзекті. Соңғы 30 жылда 1 миллион тұрғынға шаққанда республикада ғылыми кадрлардың саны 2,5 есеге азайған. Бұл көрсеткіш бойынша біз ТМД-дағы серіктестеріміздің өзінен 1,5-2 есе артта қалып отырмыз.
Жастар үшін ғалым болудың тартымдылығын арттыру үшін мынаны ұсынамын: біріншіден, мемлекеттік тапсырыс аясында магистранттар мен докторанттар үшін оқу құны мен стипендия мөлшерін арттыру мүмкіндігін қарастыру қажет. Бұған тіпті, мемлекеттік тапсырыс аясындағы олардың санын азайту арқылы да қол жеткізуге болады; екіншіден, «Болашақ» бағдарламасы аясында ең жақсы шетелдік ғылыми орталықтарда аграрлық ғалымдарға тағылымдамадан өту шараларын қарастыру; үшіншіден, ғылыми мекемелерді базалық қаржыландыру көлемін ұлғайту; төртіншіден, ғылыми жабдық импортын салықтық және кедендік ынталандыру мәселесін шешу.
Төлеутай РАХЫМБЕКОВ,
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» ҰАҚ басқарма төрағасы