Осы бір жүректі ауыртар әңгімені Момбек ағаның әжесі кемсеңдей жылап отырып әңгімелеп беріпті. Жазушыны осындай естеліктерден кейін «қазақ мұндай апатқа қалай ұрынды, анасы туған перзентінен безетіндей, пойыздың астына тастап жіберердей бұл неғылған сұмдық, неге ресми тарих ол туралы жақ ашпайды?» деген ой мазалайды. Ашаршылық туралы жазылған «Зобалаң» тарихи шығармасының авторы Момбек Әбдіәкім өткен ғасырдың сексен төртінші жылдары Саудакентте бір ақсақалмен әңгімелесе келе жөн сұрасқан. Қазығұрт ауданы Атбұлақ ауылынан екенін естігенде ақсақал мұны құшақтап, көзіне жас алса керек. Ашаршылық жылдары салынып, құрылысы аяқталмай қалған Шымкент пен Ташкенттің арасын жалғайтын төте темір жол Атбұлақ арқылы өткен. Сонау Сарысу жерінен ашаршылықта тентіреп келген ақсақал сол жерде жұмыс істеп, жан баққан екен. Осы теміржолда мыңдаған қазақ бір күндік тамақ үшін жұмыс істеген. Оның ішінде жазушының әкесі де бар. Момбек Әбдіәкімнің бұл тақырыпқа келуіне де осындай естеліктер себеп болыпты. Әлгі темір жол құрылысы аяқталмай қалған. Темір жол 1927 жылы РСФСР Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарып жүрген Тұрар Рысқұловтың бастамасымен жоспарланған екен. Т.Рысқұлов оны 1922-1924 жылдары Түркістан республикасын басқарып жүрген кезде қолға алған. Шымкент – Ташкент төте теміржолын Түркісібтің бір тармағы ретінде салу көзделген. Құрылысы 1931 жылы басталып, 1934 жылы аяқталуы тиіс еді. Жоспар бойынша шойын жол Шымкенттің іргесінен басталып, Қазығұрт тауының етегіне қарай тартады. Жаңаталап, Жарбастау, Атбұлақ ауылдарын кесіп өтіп, одан әрі Ташкентке дейінгі жазық даланы қуалап, Өзбекстан шекарасындағы Көктерекке барып тіреледі. Одан әрі Ташкентке дейін жалғау Өзбекстан өкіметіне тиесілі болған.
«Ақсақалдар бертінге дейін осы құрылыс басталар кезде Рысқұловтың ауылдарды аралап, жергілікті халыққа осы теміржолдың маңызын түсіндіргенін айтып жүретін. Неге аяқталмай қалғаны осы уақытқа дейін белгісіз. Тарихи құжаттарда осы құрылыс үшін 77 адамның ұсталғаны, оның 60-ының сотталып, 17-сінің атылғаны туралы деректер кездеседі. Бірақ осы темір жол жүз мыңдай қазақты аштықтан аман алып қалды. Жан-жақтан босып келген мыңдаған адам бір мезгіл тамақпен жан бақты. Бүгінде темір жол құрылысының қалдықтары, бетон көпірлердің қалқиған сұлбалары әр-әр жерден байқалады. Бұл Оңтүстік өңірінде ашаршылықтан қалған, «Мәдени мұра» бағдарламасының картасына енген бірден-бір ескерткіш», дейді жазушы Момбек Әбдіәкім.
Жазушының айтуынша, ашаршылық туралы архивте жарытымды деректер жоқ. Тіпті сол кездегі Қазақстаннан шығатын газеттер де бұл туралы ештеңе жазбапты. Қайта Өзбекстаннан шыққан баспасөзде қазақтардың босып келіп жатқаны, аштан қырылғаны туралы деректер кездеседі екен. Жалпы, қазақ жеріндегі бұл зобалаң бір айда немесе бір жылда келген жоқ дейді жазушы. Ол 1928 жылы байлардың малын тәркілеуден басталған. Бір ғана сол кездегі Сырдария губерниясы, бертіндегі Оңтүстік Қазақстан облысынан 1200 адамның малы тәркіленіпті. Көптеген адам атылған, жер аударылған. Одан кейінгі шаруашылықты ұжымдастыру жалған ұрандармен, өтірік мәлімет берумен жалғасты. Өзара жарыс деген ойлап табылды. Ана колхозда 100 қой болса, мына колхоз одан озу үшін 200 деп көрсетті. Сол кездегі қазақ зиялыларын бір-біріне айдап салған, осы ашаршылықтың жүйесін жасап берген қужақ Голощекиннің пәрменімен сол жылдары Қазақстанда 14 ет комбинаты жұмыс істеген. Яғни, малдың бәрін етке айдаған. Егіс егуде де осындай әсіре белсенділік, көзбояушылық орын алды. Ақыр аяғында жоғарыдан жоспарды орындау туралы тапсырма келген кезде шолақ белсенділер халықты талап-тонауға кіріскен. «Қайдан тапсаң, одан тап, қаптың түбін қақ» деген сөз осы кезде пайда болған.
– Өзге ұлттардың ашаршылыққа ұрынғаны туралы деректер де, естеліктер де жоқ. Мұрағаттарда Голощекиннің «пәлен ауылдарда орыстар мен өзбектер тұруы себепті халықтың мүлкі тәркіленбесін» деген сөздері қалып кеткен. 1931 жылы өткен бір жиналыста «Біз Кеңес Одағын құруда қазақ халқын аямаймыз, бұл халық оянғанша аяушылық болмайды, бірақ біздің істеген ісіміздің архивтерде қалып кетпеуін қатты қадағалаңдар» деген. Голощекиннің осы екі сөзінің мұрағатта қалай сақталып қалғаны таңғаларлық. Өзбектер тұратын Сайрам сияқты ірі елді мекендердің көшелері аштан өлген қазақтардың мәйітіне толып кеткен. 14 жастағы қыздарын нанға, ұнға сатқандар да кездескен. Осы зобалаң жылдары көптеген қазақ өзге ұлттарға сіңісіп кетті. Аштық жылдары Арыста, қазіргі Төлеби ауданында балалар үйі ашылды. Округтің орталығы Шымкентте неге ашылмағаны түсініксіз. 1930 жылы көтерілістер Кеңес өкіметінің озбыр саясатына, талап-тонауға қарсы ұйымдастырылды. Бұл халықтың ашу-ызасынан туындаған. Ашаршылық жылдары бұрынғы Алаш Орда үкіметінің азаматтары да халық үшін шырылдады. Жоғарыға хаттар жазған. Бірақ оның бәрін НКВД мұрағаттан тазалап тастаған, – дейді Момбек Әбдіәкім.
Сол жылдары аштықтан қырылған қазақтардың саны жөнінде әртүрлі мәліметтер айтылады. Бұл бағытты да зерттеген жазушының дерегінше, 1927 жылы Сырдария губерниясында халық санағы жүргізілген. Осы санақ бойынша 1,5 миллион қазақ, 7 миллионнан астам мал есепке алынған. Мирзоян келгеннен кейін 1934 жылғы санақта 700 мыңнан асатын адам көрсетілген. Яғни, 1932 жылы құрылған Оңтүстік Қазақстан облысында (бұған қазіргі Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласының аумағы кірген) кемінде 700 мыңнан астам халықтың орны жоқ. «Оның біразы шетелге ауып кетті десек, өңірде шамамен 400 мыңдай қазақ өлген болуы мүмкін. Халқы Шымкент – Ташкент төте теміржолының құрылысына қатысып, ашаршылықтан аман қалған туған ауылым Атбұлақта 1927 жылы 111 үй болса, 1934 жылы 77 үй қалған. Егіншілікке бейім облыстың өзінде осыншама қазақ қырылса, күні тек төрт түлікке қараған, ашаршылықтың тырнағы қатты батқан Қазақстанның орталығында қанша адам аштан өлгенін өзіңіз ойлай беріңіз», дейді жазушы. Сондай-ақ Момбек Әбдіәкім кейбір зерттеушілердің «қазақ аштыққа өзінің жалқаулығынан ұрынды, сол кезде егін екпепті, тіпті судағы балықты да ұстап жеуді білмепті» деген сөздерімен мүлдем келіспейді. Аштықтан бақа-шаян, шөптің тамырын теріп жеген қазақтың балық жеуді білмеуі мүмкін емес деп есептейді. Ашаршылыққа терең үңілмеген, орашолақ пікірлерге, шаласауатты тарихшысымақтардың саяз пікірі мен деректеріне қынжылады. Қалай болғанда да қазақ тарихындағы ең қасіретті кезең туралы кешенді зерттеу жүргізіп, тиісті бағасын беру бүгінгі тарихшылардың міндеті.
Түркістан облысы