Ұлттық кеңестің үшінші отырысы да, адамдардың көптен күткен мәселесіне арналды. Яғни адами капиталды дамыту және оның сапасын арттыру, білім беру, ғылым және денсаулық сақтау салалары мәселелері кең талқылаудан өтті.
Білім беру – кез келген мемлекет үшін экономикалық дамудың қайнар көзі болып табылады. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысынан кейін осы саланың өзекті мәселелері айқын көрінді ғой деп ойлаймын. Бүгінгі күнге дейін, білім беру саласын халыққа қызмет көрсету деңгейінде қабылдадық. Тіпті оған бой үйретіп, әуестеніп алдық десем де артық емес шығар. Шындығына келгенде, білім беру – болашақтың даму кепілі. Білім – адам капиталының негізі. Сондықтан да білім беру – ауқымы кең. Ол Қазақстан халқының мемлекетті нығайтуына, оның дамуына белсене араласуына жол ашады.
Қоғам қалай өзгерсе – адамзаттың өмір сүру ортасы да кеңейеді, өзгеріске ұшырайды. Әлемде білім беру саласы жаңа деңгейге көтерілетіндігі болжануда. Бұл тек қана бір мемлекеттің деңгейінде шешілетін үрдіс емес.
Жаңа заман – жаңа талаптар қойып отыр. Осыған орай, ғалымдарымыз бен мамандарымыз форсайт зерттеулер жүргізіп, отандық білім беру жүйесін ұлттық құндылықтар негізінде дамытқаны жөн. Осы саланың жаңа моделін жасау қажет.
Күні кеше өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі отырысында Президент Қ.Тоқаев білім беру саласының негізі стратегиялық міндеттері жөнінде ерекше ой айтты. Кеңес мүшелерінің ұсыныстары ескерілді. Яғни адами капитал – даму стратегиясының өзекті критерийі болмақ.
Қазақстан азаматы мемлекетке, оның дамуына өз үлесін қоса алатындай маман болуы қажет. Ол үшін Қазақстан азаматтары экономиканы дамыту жұмысына белсене араласуы тиіс. Өйткені білімді, білікті адам ғана экономиканың дамуына үлес қоса алады.
Президент Қазақстанның білім беру саласы дамыған елдерден артта қалып отырғанына назар аударды. Мұның себептері неде? Менің ойымша, білім беруді реформалауда жүйелілік болмады және оны қаржыландыру төменгі деңгейде қалды. Мына деректерге назар аударалық. Қазақстанда әр оқушыға арналған жылдық бюджет дамыған елдерге қарағанда 10-14 есе аз екен.
Айтылған сыннан қорытынды шығару, мемлекеттік атқару органдары ғана емес, заң шығарушы биліктің – Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының да қызметін жандандыруға бағыт беруге тиіс деп есептей-
мін.
Мемлекет басшысы білім беру жүйесін, адами капитал қажеттіліктерін заманауи талаптарға сай құруды талап етіп отыр, үлкен міндеттер қойылды. Болашақта 800-ден астам жаңа мектеп салынбақ. Бұл үрдіс мемлекет- жекеменшік әріптестігі негізінде жүзеге асырылатын болады.
Қазақстан халқына Жолдауында Президент ауыл мен қала мектептерінің деңгейін көтеруді мемлекеттік саясаттың басым бағыттары ретінде қарастырған болатын. Ұлттық кеңес отырысында осы мәселе тағы да үндестік тапты. Қала мен ауыл мектептерінің арасындағы алшақтықты жоюдың стратегиялық мәні бар. Орын алған олқылықтарды болдырмау үшін жүзден астам жаңа мектеп-интернат салу, мұғалімдердің еңбекақысын көтеру, педагогикалық мамандық студенттері үшін шәкірт ақыны 42 000 теңгеге дейін көтеру көзделген.
Жоғары мектептің білім сапасын жолға қою – өзекті мәселе. «Дипломдарды оңды-солды таратуға» жол берілмейтін болады. Әрине жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігі арттырылады.
Ғылымы дамыған ел – іргелі мемлекет! Оны өркениетті елдер деңгейінен көріп отырмыз. Қазақстан да осы бағытта дамитын болады. 2025 жылға қарай ғылымға бөлінетін қаржы ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) 1% құрамақ. Ең бастысы, бұл қаржылар әлеуметтік қажеттіліктер тұрғысынан қарастырылмайды. Ол – білім, ғылым саласының экономикаға әкелетін инвестициясы ретінде бөлінетін болады.
Қазақстан ғылымының әлемдік деңгейге жетуі үшін барлық мүмкіндіктер жасалынбақ. Республика ғалымдары әлемнің жоғары деңгейлі зерттеу орталықтарында тағлымдамадан өтеді. Медицина, биология және жасанды интеллект саласының ғылыми мамандарын қалыптастыруға мүмкіндік ашылады.
Медициналық, биологиялық зерттеулер, агроөнеркәсіптік ғылым, «жасыл» технология, энергия тиімділігі сияқты бағыттағы ғылым өрістей түспек.
Мемлекет басшысы өз сөзінде іргелі зерттеулермен айналысатын ғылыми ұйымдарға қолдау көрсету туралы тапсырмалар берді. Бұл зерттеулер бір реттік гранттық конкурстарға қарамастан үздіксіз жүзеге асырылуы тиіс.
Қоғамның қозғаушы күші – жастар. Оларды ғылымға тартуға, докторантурада оқытуға ерекше мән берілді. Болашақта докторанттардың шәкіртақысы 150 мың теңгеге дейін өспек. Осындай мемлекеттік қамқорлық жас ғалымдарды ынталандыруға, ғылымға көптеп келуіне мүмкіндік беретініне сенімдімін.
Білім және ғылым министрлігіне цифрлы экожүйені дамытуға саларалық ғылымның дамуын үйлестіру міндеті қойылды.
Президент сөзіне орай, білім мен ғылым, еңбек ресурстары, зияткерлік және біліктілік бәсекеге қабілетті болып дамитыны күмән келтірмейді. Өйткені заман мен қоғам үнемі өзгерісте болады. Ғылым да заманның жаңа сұраныстарына шұғыл бейімделуі керек. Ол үшін әр ғалым ізденіп, білімін жетілдіріп отыруы қажет.
Рухани жағынан кемелденген, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген жас ұрпақ, жаңа заманның жаңа адамдары ретінде мемлекетті дамытуға өз үлестерін қоса алады.
Қазір – инфокоммуникация, технология заманы. Бұдан Қазақстан да шет қала алмайды. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы осы бағытта дамитын болады. Республика азаматтары, оқытушылары мен студенттері әлемдегі үздік білім беру ресурстары мен оқыту технологияларына қол жеткізе алады.
Адами капитал – мемлекеттің қозғаушы күші. Міне, Президент қойған жоғары талаптар зияткерлік әлеуеті жоғары, экономиканы дамыта алатын ұлттық кадрларымызды қалыптастыруға жол ашады.
Мемлекет басшысы баяндамасында айтылған міндеттер мен ой-тұжырымдар адами капиталдың негізінде жүзеге асатын болады. Бұл замана сұранысы, уақыт талабы.
Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ,
Парламент Сенатының депутаты