Қазақстан • 30 Мамыр, 2020

Қазақстандық жолаушы тасымалдаушылардың табысы 40%-ға азайды

191 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстанда төтенше жағдай енгізілгеннен кейін тұрақты 117 маршруқа, нақты айтқанда ҚХР, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Моңғолияға транзитті жолаушылар тасымалы, сондай-ақ автокөліктің барлық түрлерімен халықаралық жолаушылар тасымалы мен көлік логистикасы уақытша тоқтатылды. Бұл отандық тасымалдаушылардың табысының 40%-ға азаюына алып келді. Қалыптасқан ахуалды реттеу үшін қазір көптеген мемлекеттерде карантин режімі жеңілдетіліп, нарықтағы стейкхолдерлер (мүдделі тарап) біртіндеп кәсібіне кірісті. 

Қазақстандық жолаушы тасымалдаушылардың табысы 40%-ға азайды

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жұқпалы дерттің шарықтау шегі артта қалғанымен оның екінші толқынына дайын болуы керектігін ескертті. Соған қарамастан, тасымалдаушылар кез келген сын қатерге дайын екендіктерін және жолаушыларға қауіпсіз қызмет түрін ұсынудың жан-жақты жолдарын қарастыратындарын алға тартты.

«Карантин кезінде халықаралық, облысаралық және қалааралық, сондай-ақ қалалық қоғамдық көліктердің қозғалысына тыйым салу арқылы жолаушы тасымалдаушы кәсіпорындар тығырыққа тіреліп, кірістің едәуір бөлігін жоғалтты. Мәселен, табыс 40% - ға төмендеді. Жолаушы тасымалдаушылар да басқа кәсіпкерлер сынды қиын жағдайға тап болып отыр», - деді «Батыс Қазақстан автобус паркі» ЖШС директоры Марат Әбдірахманов.

Бұл экономикалық қыспақтан шығудың амалы ретінде кәсіпкерлер дағдарысқа қарсы енгізілген салықтық преференцияларды алумен қатар қалалық және қала маңындағы әлеуметтік маңызы бар бағыттарда жолаушылар тасымалын іске асыратын компанияларға әкімдіктер тарапынан субсидия төленсе деген ұсыныстарын білдірді. Аймақтық жергілікті атқарушы органдар 2020 жылға арналған субсидияның көлемін 36 млрд теңге шамасында белгілеген. Жоспар бойынша бұл сома 71 млрд теңгені құрауы тиіс еді. Осы ретте субсидиялау Алматы, Ақтөбе, Қостанай және Маңғыстау облыстарында қарастырылмағандықтан аталған өңірлерде көлік компаниялары жабылудың аз-ақ алдында тұр. Қалған аймақтарда қоғамдық көлік иелері жолаушылар ағынының төмендігіне қарамай, белгіленген бағыттарда қызмет көрсетуді жалғастырған.

«Бізге субсидия аудай қажет. Бүгінде компаниядағы көліктердің жүктемесі 50%-ды немесе 38 бағыттағы автобустарды құрап отыр. Бұл орайда күнделікті түсім көліктерді күтіп ұстауға, жанар-жағармайды сатып алуға, сондай-ақ еңбекақы төлеу қорының шығындарын өтеуге әрең жетеді. Біздің компания 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Штатта 180 көлік жүргізушісі, 21 кондуктор жұмыспен қамтылған. Алайда қоғамдық көліктердің қозғалысы тоқтатылғанына байланысты қызметкерлердің еңбекақысы сақталмайтын демалысқа жіберуге мәжбүр болдық. Шығынның біраз бөлігін табысын жоғалтуға байланысты тағайындалған 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлем есебінен өтеуге тура келді», - деді «Көкшетау автобус паркі» ЖШС бас директоры Әсия Шаримова.

Пандемия қалалардағы жолаушылардың ағынын айтарлықтай төмендеткен. Айталық, Алматыда қоғамдық көлікпен қатынайтын халықтың қарасы 10 есеге (күніне 1,4 млн-нан 140 мың адамға дейін) азайыпты. Осы орайда қалалық және қала маңындағы бағыттарда 12,5 мың автобус жұмылдырылғанын және салада 60 мыңнан аса адам жұмыс істейтінін айта кету керек. 

Биыл «Атамекен» ҰКП еліміздің іскерлік ортасы және мемлекеттік органдармен бірлесіп, қалалық жолаушылар тасымалын дамытуға бағытталған кешенді шараларды әзірледі.

«Кешенді шараларды дайындау Мемлекет басшысының 24 қаңтардағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған тапсырмасына сәйкес қолға алынды. Бұл жоспар жолаушылар тасымалының тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған әрі оны бекіту биылғы мамыр-маусым айларында жоспарланған», – деді «Атамекен» ҰКП Логистика және тасымалдау департаментінің директоры Мұрат Әмрин.