Әдебиет • 01 Маусым, 2020

Қараманнан шыққан қайыршы

1556 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Бидәулет тумысынан кедей адам еді. Бала күнімнен көз ал­дымда. Шошаңдаған бес еш­кісін айқайлап ары қуып, бері қуып кіжінетін де жүретін. Кейін үлкендердің әңгімесінен ес­туімше арғы аталары да иіні жарып тон кимеген, ауы жарып ат мін­беген адамдар болған секілді. Оны бір жылы жазғытұрым жалданып Масғұттың үш жүз қойын төлдеткенде Бидәулеттің өзі де айтыпты. Жеріген қой, жағызған қозы дегендей егіздете топырлап туып жатқан қалың төлді игере алмай кеткен Бидәкең, «Осы жүн­ді жауды жүзге жеткізе алмай жеті атам күйіп кетіп еді, осы­лар қалай мың қырылтып ай­дап жүреді осы? Құдай-ау, мы­на­ның малының қысыр қал­ған бірі жоқ па? Енді текесі лақ­тап, қошқары қозылайтын шы­ғар!» деп күйінген екен дейді. Сол Бидәкең туралы әңгіме ғой бұл.

Қараманнан шыққан қайыршы

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, EQ

Қорасының алдында өзінен өзі зір­кіл­деп тұрған Бидәулетке бір күні көр­шісі әрі құрдасы Құнаш жақындап келіп әдеттегіден өзгеше бәсең үнмен сыр­ласқысы келген адамдай жақын тарта сөй­лепті:

– Бидәк, осы саған көптен бері бі­реңе айтайын деп жүр едім, – дейді ғой.

– Айта бер, жер алыс болып қолың жетпей жүр ме еді? – депті Бидәк.

– Бұрын да жібектей есіліп тұрғаны шамалы ғой, деседе соңғы бір-екі жылда сенің мінезің қатты өзгеріп кеткен секілді. Болар-болмас нәрсеге сонша ашу­ланып, елуге жетпей әшейін бір шарқая шалға айналып барасың. «Әкәу бұл бұрын тым мұндай емес секілді еді» деп қоям. Не болып жүр осы саған? – деп мұңданыпты.

– Кедейліктен қажып кеттім, Құнаш. Балалар жас, бұл кедейлік адамды ти­тық­­татып тамтығына жетеді екен ғой, жа­лығып кеттім тіпті, – деп оның да тізе­сі­ дереу бүгіле кетіпті сонда.

– Демалып ал онда, – депті Құнаш құрдасы қыжыртып.

– Мынаның астына барып бірақ демалатын шығармын, – деп қолындағы ағашпен жерді шұқылапты Бидәк.

– Қайтесің енді, кедейлік жалықсаң шешіп тастар киім емес, шыдайсың да, туыстарың бар әйтеу.

– Е, е, туысыңнан бір серкеш алып көр, сонысын бұлдап бір жаз жұмыcқа салады. Онан да жатың жақсы.

– Жат жарылқай ма, Бидәк-ау.

– Оның да жолы бар шығар, ойлану керек, – депті Бидәулет.

Бидәкеңе туыстары көмектеспейді емес, көмектеседі екен. Бірақ дәл берге­­нін бұлдамаса да, анау-мынау тір­лі­гіне жәр­демге шақырады ғой, соған өзі қияң­қы, қырыс адам кейде ша­мыр­қа­нып, істе­се де күңкілдеп, бұрқыл­дап жү­ріп істей­ді екен.

Оның Құнашқа «жақыныңнан жа­тың жақсы» деуінің ар жағынан бір бәлелі ой бас көтеріп келе жатыпты. Оны ол кезде құрдас көршісі де, туыс жақындары да білмеген.

Ол уақытта, Бидәулет екеуіміз туып-өскен Алтайда «қазақ қайыр сұрайды», «қазақтан қайыршы шығады» деген ой жан баласының түсіне кірмеген. Алайда анда-санда өзге бір ұлттардың өкілі мойнына дорба салып, ел аралап қайыр сұрап жүретін-ді. Сақалдары кеудесін жапқан қария кісінің қайыр сұрап жүргенін көргенде таңырқап әрі қорқып «қайыршы келе жатыр» деп қашушы едік. Ал, олар ешбір қазақтың үйінен құр шықпайтын. Бірі асқа тойдырып, бірі ақшасын салып беріп қонақтай аттандырып жатушы еді.

Осы жағдайды көріп, біліп жүрген Бидәулет албастының ойына бір күні жамандық түсіпті. «Тым болмаса қазақ та емес, қайдағы бір қаңғыбастардың да қалтасын толтырып жіберіп жатыр ғой, мен сұрасам неге бермеске» деген үмітті қиял миына кіріп алып­ты да күні-түні маза бермепті. Осы ойы­на іштей бекім жасаған сайын шақыр­ғанның жұмысына бармай, өзінен өзі шалқақтапты. «Мой­ны­ма оюлы тоқыма қоржынымды салып алып тартып кетсем қайтеді?» деген ой не қоя алмай, не іске асыра алмай өзі қа­жып біткен жанын ай емес, жыл бойы қажапты. Өз жоспарынан өзі зәрәзап болыпты.

Содан, не керек, тағы бір туысы қайта-қайта жәрдемге шақыра берген бір күні «бұл да сол былтыр күзде берген ақсақ тоқтысын бұлдап отыр» деп шамданған Бидәкең ойындағы әлгі шаруа­сына шарт бекініпті. Талай-талай оқталып тартынып қала берген, тартынып қалған соң тағы мазасыз күй кешкен ол, бұл жолы бастамасам, Бидәулет атым өш­сін деп, өз-өзіне серт етіп, орнынан секіріп тұрыпты.

«Шешінген судан тайынбайды». Бірақ, судың да кез келген жеріне қо­йып бер­мей, ыңғайлы жерінен түсу керек қой. Оны енді жыл бұрын ойлап қойған екен. Қайыр сұрауды өз ауылынан бастаса елдің бәрі күледі ғой, «Ойбай Бидәулет жынданып кетіп­ті» деп қашатын шығар, кім біледі. Сон­дықтан қоңыр күздің бір күнінде оюы­ның тамтығы ғана қалған ескі қ­ара дорбасын сол иықтан қиғаштай оң мы­қынның тұсына салып алып, өз ауы­­лынан кейін тағы үш ауылды артқа тас­тап, тоз-тоз боп төртінші ауылдың ше­ті­не ілініп, «биссіміллә» деп бастайды ғой.

Ол кезде, иә қазір де Бидәулет екеу­міз туып-өскен сол ауылда ешкім үй сыр­тынан айқайламайды. Тура келіп есіктің тұтқасынан тартып ішке енеді. Әсіресе, ауыл ішінің адамдары сондай емін-еркін араласады. Шаруасы болса айтып, шаруасы болмаса отырып шәй ішіп, өз­ге де кісісі көп мол дастархан болса ары-­беріден әңгіме қозғасып дегендей са­­ғат­­тап отырып қайтады. Енді бізден кейінгі төртінші ауылдың салты өзгеше емес қой, Бидәулетіміз шеттеу тұрған бір үйдің ашық жатқан қақпасын ақыре-е-ен ғана аттап кіріпті. Аттап кірсе бес-алты адам ауладағы тәпшан тақтайда малдас құрып шәй сораптап отыр екен, бұ кісі ассалауды соза қоя беріпті, отырғандар шетінен әлик салыпты. Сонымен не керек, «келіңіз, келіңізбен» кеукеулеп төрге бірақ шығарыпты. Күзді күнгі қою сүттен қатқан күрең шайды екі қауып ұрт­тағанда қаншама жерден жаяулап қақтығып келе жатқан Бидәкеңнің жұқа шекесі шып-шып терлепті. Енді қазақ жөн сұраспай отыра ала ма?

– Қайдан келе жатырсыз? – дейді өзіне жақын отырған біреуі.

– Тараты деген ауылдан, – дейді Би­дәкең өз ауылынан тағы бір-екі ауыл ары апарып.

– Ойпырмай, сонша алыс жақтан жүр екенсіз ғой, шәй алыңыз, – дейді кесе алып беріп отырған үй иесі .

– Таратыға барып тас лақтырсаң Тас­бидің басына тиеді деп естиміз, өзіңіз қай ел болдыңыз? – дейді бір еңгезердей жуан қара.

– Иә, Тасби Сүйіннен тарайды ғой, біз Текейде Шәліден тараймыз.

– Ойпыр-ау жақындап келесің ғой, Шәлінің ішінде қайсы? – деп еңгезердей қара ентелей жақындайды.

– Шәлінің ішінде Ботабаймын.

– Мә, міне сенің туысың екен ғой, – дейді жуан қараға үй иесі.

– Иә, қызық болып жатыр, тұра тұр, жә содан Ботабайдан қайсы? – дейді жуан қара тіпті ентелеп.

Бидәулет саса бастайды. «Турасын айтсам ба, айтпасам ба?» деп сәл ойланып барып, рудың әу баста дұрысын айтқан соң аяғын жалтарудың мүмкін емес екені есіне түсіп барып:

– Ботабайдан Қараман, – дейді.

Сонда әлгі еңгезердей дәу орнынан іркіле қозғалып кеп Бидәулетті құшақтап қайта амандасады. Отырғандардың бар­лы­ғы табысқан туыстарға кеукеу айтып мәре-сәре, еңгезердей қара мәз-мәйрам. Би­дәулет жан-жағына қарап жапақ-жа­пақ етіп ерекше қуанған болып ол отырады.

Бұлар сөйтіп қауқылдасып жатқанда иығына сүлгі салған ұл бала келіп, өзінің оң қол жағынан жағалатып қолға су құя бастайды. Әне-міне дегенше ет те ке­леді. Буы бұрқырап алға келген үлкен та­бақ­тың Бидәулетке қараған жағында төңкеріліп жуан қойдың жамбасы жатыр. «Әумин» деп қол жайған үй иесі «батаны кім береді?» дегендей бәріне қарайды. Бәрі Бидәулетке қарайды. «Құдайы қонақсыз ғой, сіз беріңіз, сіз беріңіз». «Қонақ емес, қайыршы едім» дейтін емес, қатты сасқан Бидәкең «әһ» депті де демін ішіне тартып не де­рін білмей бір қауым уақыт үнсіз қа­лыпты. Отырғандар үдірейе бәрі қарап қалған. Мойын тамырлары адырайып қызарып кеткен Бидәкең бір кезде барып «Құдай жарылқасын, Аллаһуакпар» деп демін үзе ауыр күрсініп бетін сипайды. Құдайы қонақтың мына күйіне қарап «Аллаһуакпардың» аман-есен шыққанына шүкір дегендей отырғандар да бір-бір терең тыныстапты. Енді қайт­сін, ауылында да қайбір алдына табақ тар­тылып күнде бата беріп жүрген адам дей­сің, жат жерде, қапелімде, жаңағыдай жағ­даймен жүргенде, батаға осы да жарайды да.

Сонымен, еркек қойдың жамбас майын ортан жіліктің ойынды етімен қа­баттастыра тау жуасы туралған тұз­дыққа малып-малып қарбыта асап отырып Бидәкең неше түрлі ойға беріліпті. Шындығында құдадай күтіліп отырған мына қалпын қайыршылыққа қиғысы да келмей қалыпты. Жәй ғана тамағын ішіп, басқа жаққа кетіп бара жатқан адам ретінде аттанып кеткісі келіпті. Оған неше жылғы теперіш, былтырдан бергі ой қайтадан қайырып әкеп қайыршылықтың даңғыл жолына сала беріпті. «Дәл мына дастархан басында «қайыршы едім» демей-ақ қояйыншы» дейді іштей шарадай үлкен кесенің жалпақ бетін жылт-жылт еткізген қар­сақжон сорпаны сораптай бір тартып жі­беріп. «Айт, мына семіз туысың бай секілді ғой, бай болмаса не жеп семірді дейсің, жалғыз өзі-ақ жарылқай салар мүм­кін, айт» дейді қайыршы даңғылына қай­та түсе қалған сәті. «Ал, туысым ал», «жеңіз, құдайы қонақ, жеңіз» деп мыналар жік-жапар, бірінен бірі өтіп бәйек болады.

Арпалыспен отырып ас желінеді. Оң қолының бес саусағын бес-алты рет салғанда алажаздай қусырылып жүрген қу тырнағын былқылдатып жіберген еркек қойдың қолға жұққан жамбас майын сүрт­кісі келмей біраз отырған Бидәулет сәл ғана сәтке естанды бір рахат күй ке­шіп барып майлыққа қолын созады. Дас­тар­хан енді басы таудың қызылбұйра аршасымен ықылық ата отырып тіс шұқып, құдайы қонақтың әңгімесін ары қарай сұрайды ғой.

– Сонымен, бұ жақта қандай шаруамен жүрсіз?

– Бұ жақта ма?..

– Иә, құда-жегжат дегендей жақын­да­рыңыз бар ма?

Бидәулет тағы біраз үнсіз қалады. Ол үн­сіз қалған сайын бәрі «не дер екен, не ғып жүр екен» дегенге онан сайын аң­сар­лары ауып қадала түседі. Әлі сол бая­ғы арпалыстың біріне жеңдіре алмай отыр­ған Бидәулет төменге тартып, ішіне түсіп кеткен үнін зорлана шығарып:

– Мен жөнімді айтайын... мен қайыр­шымын, қайыр сұрап жолға шығып едім, – дейді. Отырған жұрт ортасына жай түс­кендей бір-біріне ошарыла қарайды. Сөйтіп барып қайыршыға бір, қара дәуге бір қарайды. Өзі қара түсі онан сайын қарақошқылданып түрі түсініксіз бір қорқынышты көрініске айналып кеткен дәу орнынан атып түрегеліп Бидәулеттің кеңірдегінен бірақ алыпты. Кеңірдегін бір сығып, екі жағасынан қымқыра ұс­­тап тік көтеріп: «Қайыршысы несі ит­тің баласы! Бүкіл қазақтан шықпаған қайыр­шы енді Қараманнан шығайын деді ме? Тап бүгін сені мылжалап өлтірмесем әкем­нен тумай кетейін, Қараман түгілі қазақ болмай кетейін!» деп сілкілегенде Би­дәулеттің аяқ-қолы өлі адамдыкіндей ебедейсіз ербеңдепті. Жұрт арашаламақ болса да, жараған бурадай жапырған қа­ра дәу ешкімге бой бермей Бидәулетті қақ­падан сүйреп алып шығып, көкала қой­дай қылып сабап, желкелеп отырып үйіне алып кетіпті. Құрақ ұшып «құдайы қонақ» күткен үй үрпиісіп қала беріпті.

Ертеңінде бұл ауылдан екі атқа екі қой өңгерген екеу Бидәулеттің ауылына тартыпты. Кешегі қара дәу ашуы бір арындап кетсе айнала ауылын алақанында бүріп жіберетін айтулы азамат екен. Бидәулеттің бүкіл туыс ер адамдарын шақырып алып көздеріне шұқыпты. «Неге жібересіңдер? Мына арам сідік күллі Қараманның сүйегіне «қайыршы» деген мөр басып бере жаздады ғой! Енді бұлай істесе мұның ғана емес, айтпады демеңдер екі-үшеуіңнің бастарыңды кесіп суға лақтырам!» деп ақырыпты. «Бер­мей отырғамыз жоқ, беріп жүрміз, өзі де бір мал басын құрай алмайды» деп міңгірлепті біреуі. «Бүйтіп кетіп қала­рын қайдан білейік» депті тағы бірі. Ақыры не керек, қара дәу екі күн жатып туыс­тардан жиырма шақты ұсақ малды Би­дәкеңнің қорасына қамап беріп ауылына аттанған екен.

Ел ішінде әңгіме жата ма. Бұл ауылдан қара дәу кеткенше ол ауылдағы оқиға да жетіп үлгеріпті. Малға толып қалған қорасының есігін бекітіп жатқан Бидәулетті көрген Құнаш құрдасы анадай жерден айқайлап:

– Ау, Бидөк, амансың ба? Сен бір сапар­ға шығып келді дей ме? – деп кү­леді екен.

– Әй, сапары құрсын, бері кел, сапар болғанда Меккеге барып келді деймісің. Не дұрыстап өздерің бермей, не елден алғызбай діңкені құрттыңдар ғой. Бұл қазақтың ішінде қайыршы болып та жан сақтай алмайды екенсің ғой, – деп қарқ-қарқ күледі дейді Бидәкең.

– Әй, құрдас-ай, Қожанасырсың ғой, Қожанасырсың! Бүйтіп сапарлап кететініңді кім білген. «Сонда ол қа­йыр­шының көршісі кім екен?» де­се қия­метте менің де атым аталып жүр­месін, андағы қораңа мен де бір тұяқ кір­гізіп жіберейінші, – деп Құнаш та өз қорасына беттепті. Ел ішіне жеткен­ сөз енді жата ма? Бидәкеңнің әлгі ісі «Бермесең Бидәулет құсап қайыр сұ­рап кетем», «Бидәкеңше қайыр сұрап қалмайын» деген секілді тәмсіл болып жұрт аузына ілінеді де кетеді. Енді оған тоқтау бар ма?

Төрт-бес жылдан кейін баяғыда «құдайы қонақ» болған ауылдағы оқи­ғаны Құнаш құрдасына басынан аяғына дейін тәптіштеп айтып берген Бидәулет дәу қара туысына сыртынан рахмет айтып, «мыналар мені малдың басын құрай алмайды» дейді, малдың басы топтанса құралады, екі ешкі, бір тоқтыдан мал құрала ма екен?» деп күледі екен. «Сол туысыңның ауылына барып қалсаң бір түрлі болатын шығарсың ә?» – десем, Би­дөгім «түйе пішкен жеріне жоламайды» дегендей содан бері ол ауылға кірмек түгіл маңына жолмай кеттім» деп ыржың-ыржың етеді» дейді Құнаш құрдасы. Осыдан үш жыл бұрын ауылға барғанымда көрдім, сөйткен Бидәкең қойының санын «жеті атам жеткізе алмады» дейтін жүзге де жақындатып қалыпты. Ендігі жеткізген де шығар...

 

Ұларбек Нұрғалымұлы