Қоғам • 01 Маусым, 2020

Төрт жүзге жуық ауыл ғаламтордың игілігін көреді

237 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнер­кәсібі министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері 393 ауылға талшықты-оптикалық бай­ланыс желісі салынған. Бұл ауылдық елді мекен­дерді жоғары сапалы интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі ауқымды жобаны іске асырудың нәти­жесінде мүмкін болды.

Төрт жүзге жуық ауыл ғаламтордың игілігін көреді

Аталған жоба 2018 жылдан бастап мемлекеттік-жеке меншік әріптестік қағидаты бойынша іске асырылуда. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бұл жобадағы серіктестері, еліміздің ірі байланыс операторлары. Дәлірек айтсақ, «Қазақтелеком» АҚ, сондай-ақ құрамына «Транстелеком» АҚ  мен «SilckNetCom» ЖШС енген консорциум бар.

«2020 жылдың соңына дейін байланыс операторлары өз қаражаты есебінен 20 мың шақырымнан астам тал­шық­ты-оптикалық байланыс желілерін салып,  1250 шал­ғай ауылдағы мектеп, аурухана мен әкімдікке кең жолақты интернет желісіне қосылу мүмкіндігін ұсынады. «Оптикалық – талшықты» жоба іске асырылғалы бері 2065 аурухана, мектеп, шұғыл әрекет ету қызметі, әкімдік және т.б. жұмыс істейтін 706 ауылға желі жүргізілді. Сонымен қатар ауылдарда талшықты-оптикалық желілер болған жағдайда ұялы бай­ланыс операторларына өздерінің базалық стансаларын орна­туға және ауыл тұрғындарын сапалы мобильді интернетпен қамтамасыз ету мүмкін болмақ. Елімізде іске асырылып жат­қан екінші жоба аясында ұялы байланыс операторлары 2020 жылдың соңына дейін 250-ден астам адам тұратын барлық ауылға мобильді интернетті жүргізуге  міндеттелді. Бұл ретте ТОБЖ жобасын жүзеге асыру нәтижесінде  құрыл­ған инфрақұрылымды ұялы операторлар 3G/4G технологияларын қолдану үшін белсенді пайдаланбақ», делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Осылайша, 2020 жылдың соңына қарай жоғары жылдам­дықты интернетпен қамтамасыз етілген  елді мекендер саны 5 163 жетеді. Бұл елді мекендерде тұрып жатқан халық саны ел тұрғындарының 99,3%-на тең.