Руханият • 01 Маусым, 2020

Анамның ұмытылмас бейнесі

1372 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мен асыл анамды жиі есіме аламын. Анамның жылы жүзі, мейірімді бейнесі жүрегімде жатталып қалғаны соншалық, әр кез есіме түскен сайын көз алдыма қиын кезеңдерді басынан кешкен, көз жанарында қайғы мен үрейдің іздері қалған қайратты және қайсар анамның бейнесі тұра қалады. Ажарын айқыштаған терең әжімдер мен ағарған шашы көрген қасіретін дәлелдеп тұрғандай. Анамның жүрегі де тілім-тілім болған шығар, себебі өмірінің соңына дейін көрген зардабын ұмыта алмай кетті ғой.

Анамның ұмытылмас бейнесі

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Тағдырдың басына салған қасіреті анамның бойынан қайсарлық пен төзімділік қасиеттердің бой көтеруіне себеп болған сияқты. Бала кезімде анам­ның өткен өмірін есіне алған сәттерде, кәдімгі бір жас баладай иегі дірілдеп, кемсеңдеп жылап, ойлы да терең көз­дерінен ащы тамшыларды селдей ағы­зып, күйінгенін көргенде, мен де қосылып бірге жылаушы едім...

Отбасымызда балалардың кен­же­сімін, мен өмірге келгенде анам 39 жас­та болған, анам әкеме қарағанда әжептәуір егде көрінетін болғандықтан мені егде жасында туған екен деп ойлаушы едім, бірақ оны кейін түсіндім, анамның өмір жолы қасірет пен қиын­шылыққа толы ауыр болғандықтан екен ғой...

Анамның мінезі қатал, адалдықты жақсы көретін, өзінен де, өзгеден де жауапкершілікті талап ететін. Қимылы ширақ, ойы жүйрік, бір кез тыныш отыра алмайтын, қашан көрсең де еңбектенуден жалықпайтын еді. Мен анамның жайбарақат отырған кезін көрмеппін, жұмыстан шаршап келсе де, бізді тамақтандырғаннан кейін қо­лына қалам алып, жазу жазып отыратын, болмаса газет-журнал, әдеби кітап оқитын – ол табиғи тектілігінің белгісі деп түсінемін.

 «Әттең жоғары білім ала алма­дым!», – деп қатты күйінген сәттері де есімде. Жоғары білімі болмаса да орыс тіліне өте жетік, айтқан сөзі мен жазған хат­тары әр кез дұрыс шешімін тауып жататын.

Жаздың жаймашуақ күндерінің бірінде анам үйде жалғыз өзі оңаша қалған кез еді, бір топ қағазды алдына қойып, көп үңіліп отырды. Тіп­ті менің қасында отырғанымды да сез­бегендей. Мен де тыныштықты бұз­бадым, анамның жанында үн-түнсіз отыра бердім. Бір мезетте әкесінің суретін кеудесіне басып анам үлкен бір толғаныстың үстінде тапжылмай отырған бойы үнсіз қалып, жансыз мүсінге айналып кеткендей болды. Шаршаңқы жүзінде көз жастары сорғалап, селдей ақты. Оны түсінбеген мен сол мезетте анамды құшақтап «Мама, неге жы­лайсың, жыламашы, сенің көз жасыңды көргім келмейді», – деген жыламсыраған даусымды естіген анам әңгіме тиегін ағытты.

«Мен әкемді сағынамын, мен де сен сияқты әкемнің баласымын ғой, бірақ тағдыр бізге бірге болуды жазбады, күнделікті күйкі тірлікпен өмір өтуде, бірақ бүгін суреті қолыма түскен кезде мен оны кеше ғана көр­гендей сезімде болдым, сол жанымда жатталып қалған бейнесі осы сурет­тегідей әлі көз алдымда. Осындай оңаша қалған сәттерде әкеммен іштей сөйлесемін. Дәл қазір балалар үйінде көрген қиын­шылықтарымды айтып отыр­ғанмын, егер әкеміз жанымызда болса, біз сондай жағдайға ұшырар ма едік? Әттең, оның жоқтығы жанымызға батты ғой дей келе әңгімесін жалғастырды.

 1937 жылдың 10 қазан күні әкем тұтқынға алынды. Анам жылаудан көз ашпады. Мен сол уақытта 12 жаста болатынмын. Мереке мен Еділ далада ойнап жүрген, Ғалия 2 жастағы кішкентай нәресте болатын, апақ-сапақта у-шу болып қалдық. Балалардың үлкені болғандықтан анама басу айтып, балаларды үйге шақырдым. Өзім де жылап жүрмін. Әкем сол күні қатты шаршап келіп еді, енді не болады?

Арада біраз күн өткен соң әкеммен кездесу болады деген хабар алдық. Қатты қуандық, бірақ қуанышымыз көпке созылмады, ол кездесу де бізге бұйырмады. Ол ол ма, анамыздан да айырылатын күн басымызға түсті. Мені, Мереке мен Еділ үшеумізді Семей қаласындағы жетімдер үйіне, ал Ға­лияны Алматы қаласындағы кіш­кентай нәрестелер үйіне бөлді. Амал жоқ, басымызға түскен қасіретке көндік. Балалар үйінде шашымызды тақырлап алып тастады. Сондағы жылағаным-ай, «қыз баламын ғой, шашыма тиіспеңдерші деп жалынып едім», аямады. Сондағы бір орыс әйелдің: «Сенің жасың үлкендеу екен, інілеріңе ие бол, әйтпесе үшеуіңді үш жаққа жіберуі мүмкін», – дегенін естігенде шошып кеттім. Ең болмаса інілеріме ие болайын деп іштей өзімді қайрадым. Орыс тілін жақсы игерген болатынмын, бәріне жалынып, жылап-сықтап бауырларымнан айырмауларын сұрадым. Бір күні жаңағы орыс әйел, мені шақырып алып: «сендердің фамилияларыңды ауыстырмақшы, жыла, жалын, фамилия­ларыңды сақтап қалыңдар» деп ақыл айтты. Екі інім кішкентай, олар түк түсінбейтін, «қашан үйге барамыз» деп мені мазалай беруші еді. Оларды алдап, уатудан басқа амалым бар ма еді? «Шыдайық, бізді әке-шешеміз міндетті түрде алып кетеді», – деп балалық зор үмітпен айтушы едім, өзімді де, оларды да солай жұбататынмын. Балалар үйінің директорына қайта-қайта барып, фамилиямызды өзгертпегенін сұраудан жалықпадым. Інілерімді де үйретіп қойдым. «Әкемізден айырылдық, енді бізге қалғаны оның фамилиясы ғана, енді оған тиіспеңіздерші» деп жалындым ғой, еңіреп. Ақыры бізді аяды ма, білмеймін, одан кейін бұл әңгіме до­ға­рылды. Бүгін сол есіме түсіп әкеме соны айтып отырғаным ғой» – деді анам.

Ой, қандай сұмдық, қандай қатыгез заман, қандай аянышты тағдыр деп ойладым. Бұл анамның көп әңгімесінің бірі ғана. Жан түршігерлік жағдай. Өз алдына отбасы бар, балалы-шағалы болса да әкесі мен анасы және бауырларының орны толмай тұр ғой, қайран анам, қалай бәріне шыдадың екен...

Бағанадан бері әңгіме қозғап отыр­ған Рәзия анамның әкесі – қазақ совет әдебиетінің кірпішін қалаушы, 1937-жылдың құрбаны болған жазушы Бейім­бет Майлин. Балалары тарыдай шашылып, шаңырағы бір күнде ойран болған отбасының тағдыры осы күнге дейін ұмытылар емес. Анам әкесі туралы көп естеліктер жазып, жарыққа шығарып жүрді, бірақ айтылмай қалған кейбір сырларын көп­шілікке жеткізу енді біздің мойнымызда деп түсінемін. Анам әкесі туралы жазылған мақала, тіпті газет қиындыларын бір асыл дү­ниесіндей сақтап, әр кез қайталап оқып, жылап отырушы еді. Енді сол қасиет бізге де дарыды. Атамыздың жарқын есімі қазақ халқы үшін ұмытылмас із қалдырды. Оның жазу стилі және көтерген тақырыптары әйел теңдігі мен қарапайым халықтың тұрмысы туралы болатын. Қазіргі кезде, ата, сіздің арманыңыз орындалды, біз қазір бақыттымыз деп айтқым келеді. Соны­мен қатар ұрпақ жалғасын табуда, ата, сіз біз үшін, анам үшін тірісіз!

 

Ләззат СЕЙІТЖАНОВА

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше