Коллажды жасаған Қонысбай Шежімбай, EQ
Президент архивінен басқа архивтердің барлығын Мәдениет және спорт министрлігіне бағындыру – қисынсыз реформаның көрінісі. Біздің ойымызша, Премьер-Министр мен Үкімет аппаратына тікелей бағынатын Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы «ҚАЗАРХИВ» республикалық басқармасы құрылып, оған барлық республикалық және жергілікті архивтер желісі бағындырылуы тиіс. Архив басқармасының басшысында арнайы білім және мемлекеттік мүдде тұрғысынан әрекет ететін білік болғаны жөн. Әлі есімде, кезінде, Хасанаев Марат сынды мықты архив маманы болған еді. Бұл саланы сондай мықты мамандардың бірінің басқарғаны жөн деп білеміз. Өкінішке қарай, сол ағамыздан кейін Орталық мемлекеттік архивін әртүрлі сала мамандарының басқарып келе жатқанын көзіміз көріп жүр.
«Қазархив» басқармасын құру идеясы бізге көктен келген жоқ. Жеке басқарманың қажеттігі осы жүйе тарихын саралау барысында айқындалып отыр. 1921 жылдың 1 қыркүйегінде ҚАКСР Ағарту халкоматының Академиялық орталығына бағынатын Орынбор-Торғай архивінің негізінде Республиканың Орталық өлкелік архиві мемлекеттік мекемесі құрылды. Міне, осы кезден бастап, Қазақстанда орталықтандырылған архив жүйесінің қалыптасу тарихы басталады. 1922 жылы 24 қаңтарда ҚАКСР Ағарту халкоматының Коллегиясы аталған архивтің ережесін бекітіп, тарихи маңызы бар құжаттарды жинау мен сақтау жүйесі жолға қойылды. Ал 1923 жылы 7 ақпанда Қазхалкомкеңес төрағасы Сәкен Сейфуллин «Кеңестік және кооперативтік мекемелердің ҚКСР Орталық архиві мен оның бөлімдеріне архив материалдарын өткізу тәртібі туралы нұсқаулығын» бекітіп, қор жинақтаудың бірыңғай тәртібі жасалды. 1923 жылы 26 сәуірде ҚазОАК-нің №39 қаулысымен «Қырреспубликаның Орталық Архиві туралы ереже» және №40 қаулысымен «Губерниялық Архив Бюролары туралы ереже» бекітіліп, Орталық архив ҚазОАК қарауына берілді және бір мезетте РКФСР Орталық архивінің бөлімі болып есептелді.
1924 жылы қазанда Түркістан Республикасы ұлттық территориялық аумақтарға бөлінгеннен кейін, ТАКСР-ге қарасты болған Сырдария және Жетісу облыстық архивтері ҚАКСР Орталық архиві жүйесіне қосылғанымен, сол кездегі осы екі үлкен облыстың (қазіргі төрт облыстың) 1918-1924 жылдардағы тарихына қатысты маңызды құжаттар Өзбекстан республикасында қалып қойды. Кеңес заманында бұл құжаттардың көпшілігі жабық болса, кейінгі жылдары өзбек тарабы архивтерін тарс жауып, қазақ тарихшылары түгілі, өзбек тарихшыларының өзін кіргізбей отыр. Бұл да шешуді қажет ететін өзекті мәселе!
1930 жылы Орталық архив ҚазОАК қарамағындағы ҚАКСР Орталық архив басқармасы (ОАБ) болып қайта құрылып, оған республикадағы барлық архив істерін басқару жүктелді. ОАБ-ын жоғарғы мемлекеттік билік органы болып табылатын ҚазОАК Президиумы тағайындайтын меңгеруші басқарды. 1936 жылы 15 қаңтарда ҚазОАК бекіткен жаңа ережеге сәйкес, ОАБ ҚазОАК Президиумы жанындағы Ғылым комитеті қарауына берілді. Бұл кезде Ғылым комитетін С.Меңдешев басқаратын еді. ОАБ-на облыстық, округтік және аудандық атқару комитеттерінің жанындағы архив бюролары бағындырылды.
Автономиялы Қазақ Республикасының одақтас республика болып қайта құрылуынан кейін, 1937 жылы 10 ақпанда ҚКСР ОАБ-ы ҚАКСР ХКК жанындағы Қорықтар мен тарихи ескерткіштерді қорғау басқармасының қарауына берілді. Бір қызығы, бұл кезде тағы да басқарма бастығы С.Меңдешев болатын. Бұл да өз кезегінде арнайы зерттеуді қажет ететін тарихи тақырып болып табылады.
1937 жылы мамырда басталған жаппай қуғын-сүргін шараларының заңды нәтижесі ретінде, 1938 жылы 14 қыркүйекте ОАБ мен оның жергілікті органдары ҚКСР Ішкі істер халкоматы қарауына берілсе, 1939 жылы 14 мамырда ОАБ-ы ҚКСР ІІХК-ның архив бөлімі болып қайта құрылды. 1942 жылдың қаңтарынан бастап ҚКСР ІІХК-ның архив бөлімі – мемлекеттік архивтер бөлімі болып қайта аталса, 1944 жылы 4 ақпанда ҚКСР ІІХК-нің Мемлекеттік архивтер басқармасы болып, 1946 жылы 11 ақпанда ҚКСР ІІХК-нің Архив басқармасы болып қайта құрылды. Яғни 1937-1953 жылдардағы сталиндік жаппай қуғын-сүргінге ұшыраған қоғам және мемлекет қайраткерлерінің, мыңдаған жазықсыз адамның істері ІІХК қарауында болды.
1953 жылғы 5 наурыздан кейін ішінара басталып, КОКП-ның ХХ съезінен кейін жаппай жүргізілген ақтау шараларынан кейін, қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың істері мен оған қатысты құжаттар мен материалдарды толығымен ІІМ-нен бөлініп шыққан Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (1954 жылы) қарауына алу жұмыстары аяқталған соң, 1960 жылы ҚКСР ІІМ-нің Архив басқармасы (АБ) ҚКСР Минкеңесінің қарауына толығымен өткізілді.
1972 жылы 27 қарашада ҚКСР Минкеңесінің АБ-ы ҚКСР Минкеңесі жанындағы Бас архив басқармасы (БАБ) болып қайта құрылып, оның қарауына Орталық мемлекеттік архивтің ғылыми-техникалық құжаттары, ҚКСР кино-фотоқұжаттары мен дыбыстық жазбаларының орталық мемлекеттік архиві, 19 облыстық мемлекеттік архиві мен облыстық архивтердің 30-дан астам филиалдары берілді.
ҚКСР-нің 1990 жылы 20 қарашадағы «Қазақ КСР-де мемлекеттік өкімет пен басқару құрылымын жетілдіру және Қазақ КСР Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңымен ҚКСР Минкеңесі ҚКСР Минкабинеті ретінде қайта құрылған соң көп ұзамай, 1991 жылы 18 сәуірде бұрынғы БАБ-ы ҚКСР Минкабинеті жанындағы Бас архив басқармасы (1991-1993) болып қайта құрылды. Бас архив Минкабинеті тікелей басшылық ететін ҚР-ның мемлекеттік басқару орталық органы болып табылды. Орталық мұрағаттар жүйесін Орталық мемлекеттік архив, Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар және дыбыс жазба архиві, Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттар архиві құрады.
Министрлер кабинетінің 1993 жылғы 17 мамырдағы қаулысына сәйкес, БАБ Минкабинеті жанындағы Мұрағаттар және құжаттама бас басқармасы (Бас мұрағат басқармасы) 1993-1995) болып қайта құрылып, осы жылы 2 желтоқсанда басқарма туралы ереже бекітілді. Осы кезеңде тәуелсіз Қазақстандағы архив ісінің дамуына М.Хасанаев кәсіби маман ретінде көп еңбек сіңірді. 1974 жылы Мәскеудің тарихи-архив институтын бітірген соң, 1974-1979 жылдары Орталық мемлекеттік архивте ғылыми қызметкер, инспектор, аға инспектор болса, 1979-1994 жылдары архив директоры болып істеген кәсіби маман 1994-1996 жылдары Бас мұрағат басқармасының бастығы болып жұмыс істеді. Осы кезеңде жабық жатқан көптеген қор ашылып, тарихшылардың назарына ұсынылды. Ұлттық архив қорын қалыптастыру мен сақтау, оларды есепке алу мен тексеру, қор құжаттарын пайдалану мен ғылыми тұрғыдан жариялау үрдісі қалыптасты. Тікелей Үкімет қарамағында болғандықтан, басқарма басшысының мәртебесі – архив ісін өз деңгейінде ұйымдастыруға, архивке қажетті қаражат көздерін бөлуге ыңғайлы болған еді.
1996 жылы 29 қазанда Бас мұрағат басқармасы таратылып, оның қызметі Орталық мемлекеттік мұрағатына берілді. Бұл қадам – архив ісінің артқа кетуіне елеулі ықпал етті. Одан кейінгі уақытта Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Мұрағаттар мен құжаттаманы басқару жөніндегі комитеті (1999-2004), Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитеті және тағы басқа сан құбылған архив жүйесін басқару органы, ақырында, 2014 жылы 23 қыркүйекте бекітілген «Мәдениет және спорт министрлігі туралы ережеге» сәйкес мүлдем жойылып, орталық мемлекеттік архивтер осы министрлікке, жергілікті архивтер жергілікті атқару органдарына бағындырылды.
Осындай реформалардың әсерімен, архив ісі бұл саланы терең түсіне бермейтін министр мен жергілікті жерлердегі әкімдіктердің құзырына беріліп, архив ісінің ақсап жатқаны байқалады. Көптеген архивте құжаттарды сақтау тәртібіне сәйкес дезинфекциялау жұмыстарының өз деңгейінде жүргізілмегеніне біраз жылдың жүзі болыпты. Сондықтан да осы саланың қыр-сырын білетін және архив ісінің мемлекеттік тарихи маңызын түсінетін, үкімет мүшесі болып табылатын кәсіби маман басқаратын Үкімет жанындағы «Қазархив» басқармасын құру жөн деп білеміз.
Екіншіден, архив – мемлекеттің өткен тарихы ғана емес, оның болашақ даму жолын айқындауға, оның территориялық тұтастығы мен мемлекеттік негізінің берік болуына қызмет ететін жүйе! Мысалы, 1924 жылы Қазақ республикасы ТАКСР-нен өзіне қосылуы тиіс жерлердің 1/3-нен айырылып қалса, бүгінгі таңда 1925 жылғы аумағының шамамен 25 пайызына жуығынан айырылып қалғанын байқауға болады. Міне, осы мәселенің, күні кешегі Сардоба су қоймасының жарылуынан болған апаттың ақиқатын білу үшін де архивтің маңызы зор. ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы Өзбекстан мен Қазақстанға қарасты су пайдалану жүйесі мен су жолдарының карталары Қазақ су шаруашылығы басқармасы қорында жатыр.
Сондай-ақ Орталық мемлекеттік архиві қорында сақталған ХVІІІ ғасырдан бүгінгі күнге дейінгі құжаттар – біздің мемлекеттік қауіпсіздігіміздің де негізі болып табылады. Архив қорындағы құнды территориялық карталар, су шаруашылығы жүйесінің карталары, геологиялық барлау карталары, ауыл шаруашылық жерлерінің қорына қатысты карталар аса құнды. Мұндай карталар арнайы рұқсаты бар зерттеушілерге ғана берілетін мемлекеттік құпия болуы тиіс. Әсіресе Мемлекеттік жоспарлау комиссиясының қорындағы құжаттар шетелдік тарихшылар түгілі, арнайы рұқсаты жоқ өзіміздің тарихшыларға да берілмеуі тиіс деп есептейміз. Өкінішке қарай, мұның барлығын да шетелдік зерттеушілер үшін ашып қойдық.
Архив құжаттарын цифрландыруды ЖШС-не беру бастамасының астарында тек қана «қаржы игеру» мәселесі жатқан жоқ. Біз мұны айқын ұғынып тұрмыз. Өткен ғасырдың 90-жылдары АҚШ-тың Гувер институты Ресейдің негізгі архивтері қорларын тегін цифрландыру арқылы цифрландырылған құжаттарды түгел өздерімен бірге алып кеткені бүгінде ешкімге құпия емес. Архив құжаттарын цифрландыру бастамасы аясында біздің сырымыз бен қырымызды түгел білуге бағытталған сұрқия саясат бұғып жатқандай. Сондықтан біз осы мәселеге ерекше назар аударып, ұлттық архив қорын талан-таражға салуға жол бермеу қажет деп есептейміз.
Үшіншіден, архивтердегі бүкіл құжатты бас жоқ, көз жоқ цифрландыру дұрыс емес! Ол үлкен шығын әрі мағынасыз жұмыс. Себебі мазмұны бір немесе көшірме құжаттар өте көп қайталанады. Біздің ойымызша, әрбір архив жанынан арнайы ұлттық комиссиялар құрып, сол комиссиялар шешімімен құжаттарды цифрландырған жөн.
Төртіншіден, архивтердегі құжаттарды жаппай цифрландыруға ұшан-теңіз ақша жібергенше, қажетті құжаттарды басып-шығару және жариялауға маңыз берген дұрыс. Мысалы, Қазақстан Президентінің архивіндегі Кироргбюро – Кирбюро – Киробком – Киркрайком – Казкрайком – ЦК КПК құжаттарын баспадан басып шығаратын кез жетті деп есептейміз. Бюро мен секретариат мәжілістерінің хаттамаларын Ресейдегідей басып шығару аса қажет. Сонымен қатар партконференциялар мен съездердің стенографиялық есептері мен оларға дайындалған есептік материалдар жинақтарын, пленумдардың стенографиялық есептері мен қаулыларын, материалдар жинағын түгел шығаратын кез жетті. Ақшаны осы салаға жіберген жөн. Сол сияқты Орталық мемлекеттік архивіндегі ҚазОАК пен Қазхалком хаттамаларын түгел басып шығару қажет. Сондай ҚАКСР Кеңестері съездерінің, ҚазОАК сессияларының, ҚКСР Жоғарғы Кеңесі мен оның сессияларының стенографиялық есептері мен оларға дайындалған материалдарды, қаулы-қарарлары мен шешімдерін түгел басып шығару қажет деп есептейміз.
Мұндай жұмыстарды ұйымдастыру үшін, «Архив – 2025» бағдарламасы аясында қаражатты тек шетелдік мұрағаттардан құжат жинауға ғана жұмсай бермей, өзіміздегі құжаттарды ғылыми айналымға тартып, тарихи сана мен мемлекеттік идеологияны қалыптастыруға ықпал ететін зерттеу жұмыстарын жүргізген жөн.
Міне, осындай жұмыстар ұлт тарихын ғылыми танудың жаңа белесіне жол ашып, архив құжаттарын цифрландырудың жарқын үлгісі болмақ. Өйткені біздің еліміздің архивтеріндегі жариялау бөлімдерінің жұмысы өте әлсіз. Архив құжаттарын жариялауды өз деңгейіне көтеру керек деп ойлаймыз.
Сәбит Шілдебай,
Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі,
тарих ғылымдарының кандидаты