Пікір • 03 Маусым, 2020

Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау – тарихи борыш

595 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін мемлекеттік комиссия құру туралы айрықша бастама көтерді. Бұл – қаймақтарымызды қалқып алған кер заманның тұтас өмірімізге тигізген зарарын тереңнен зерделеуіміз үшін аса қажет.

Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау – тарихи борыш

Аталған тақырып ел тарихына бейжай қарай алмайтын азаматтарды көптен толғандырып жүрген мәселе еді. Тәуелсіздік жылдары тақырыпты жан-жақты қамтуға бағытталған бірқатар шара қолға алынды. Баспасөз беттерінде мақалалар мен зерттеулер жаппай жарық көріп, биік мінбелерден ұсыныстар да айтылды. Дегенмен, ұлт қасіретімен ұршықтасып жатқан мәселеде әлі де шешімін күткен, толымды зерттеуді қажет ететін, мемлекеттік деңгейде қолға алынуға тиіс тұстар жоқ емес еді. Мемлекет басшысы осыны дер кезінде түсініп, бәріміз бірауыздан қолдайтын игі бастама көтеріп отыр.

Кезінде Жоғарғы Кеңес депутаты, атақты ғалым Манаш Қозыбаев жетекшілік еткен арнаулы комиссия солақай саясаттан теперіш көріп, жазықсыз құрбан болған қайраткерлерді ақтауға ауқымды үлес қосты. Алайда барлық зерттеу нәтижелері заң шеңберінде көрініс таба алды деп тағы айта алмаймыз. Сондықтан зерттеу жұмыстарын әлі де жалғастыру қажет. Жай ғана жалғастырып қоймай, нәтижеге қол жеткізуге тиіспіз. Бұл тарих пен ұрпақ алдындағы борыш.

Бір мәселеге ғана жекелей тоқтала кетейін. Қуғын-сүргін құрбандары туралы айтылғанда әскери тұтқындарды назардан тыс қалдырмауымыз керек. 1939-1945 жылдары Финляндия, Германия, сол секілді Еуропа елдерінде тұтқында қалған қаншама боздақ саясат пен соғыстың құрбаны болды. Жүйесіз жүйенің кесірінен жапа шекті. Тұтқындар лагерінде өмірін қиып, азаппен жан кешті. Ресейде Президент қаулысымен саяси қуғын-сүргінге ұшыраған әскери тұтқындар 1995 жылы толық ақталды.

Адамзат баласына алапат қасірет әкелген Екінші дүниежүзілік соғысында із-түссіз кеткен боздақтарымыз қаншама. Оларды жақындары мен ұрпақтары әлі де іздеп, тым құрыса жерленген жерін біліп, бір уыс топырағын әкелсек деп үміт етеді. Арнаулы орындарға жыл сайын осы мақсатта мыңдаған хат жазылады. Жеңіс мерекесіне 75 жыл толса да майдангерлерді іздестіру мәселесі өзектілігін жойған жоқ.

Бүгінгі таңда Білім және ғылым министрлігі қаржыландырып отырған «Екінші Дүниежүзілік соғыстағы қазақтар: шетел архивтеріндегі тың деректер» атты тарихи-зерттеу жобасына жетекшілік етіп жүрмін. Үш жыл ішінде біз жиырмаға жуық шетелдік мұрағаттан және әлемнің бірқатар еліндегі кітапханалар мен музей қорларында сақталған деректерге қол жеткізіп отырмыз. Осынау тың деректерді зерттей келе, тақырыпты жаңа қырынан танып, сырт елдердің лагерьлерінде өмір бойы қалып, сонда қаза болғандардың қасіретті тағдыры туралы мағлұматтармен ұшырастық. Мәселен, Франция, Италия, Германия секілді Еуропа елдерінде жан қиған қандастарымыз жетерлік. Шетелдіктер бүгінгі күнге дейін біздің елдің сарбаздарының қабіріне, ескерткіштеріне құрметпен қарайды.

Ұлттың азаттығы жолында, ел қауіпсіздігі жолында, халықты ағарту жолында өмірін берген өр тұлғаларды ешқашан ұмытпауға тиіспіз. Оларды ақтау, лайықты баға беру тарих алдындағы міндетімізді орындау ғана емес, қазақ халқының қандай қайсар ел болғанын әлемге әйгілейтін іс.

 

Гүлнара Меңдіқұлова,

тарих ғылымдарының докторы, профессор