Аймақтар • 03 Маусым, 2020

Атырау: Ата-анадан ақша не үшін жиналады?

1016 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өзге жақты қайдам, бұл өңірде ата-аналардан ақша жинау әлі де тиылған жоқ. Неге? Жиналған ақша қайда жұмсалады? «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің бастамасымен өткен онлайн-конференцияда  мектеп директорлары мен ата-аналар комитетінің 92 мүшесі бұл мәселені кеңінен талқыға салды.

Атырау: Ата-анадан ақша не үшін жиналады?

– Өткен жылы 1 мыңға жуық ата-ана мен мұғалімдер арасында анонимді сауалнама жүргіздік. Соның нәтижесінде мектептерде  ақшаның 65%-ы  ата-аналардың бастамасымен жиналатынын білдік. Ал, 35%-ы мұғалімдердің ұсынысымен жиналады екен. Жиналған ақшаның 30%-ы мұғалімдерге сыйлық алуға, 38%-ы мектептерге қажетті материалға, 32%-ы оқушыларға арналған түрлі мерекелік шараларды өткізуге жұмсалып келген. Осыған орай сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 4 рет түсіндіру жұмысын жүргізді. Соның нәтижесінде ата-аналарға ақшасын қайтарып бердік. Тіпті биыл оқушылар қашықтан оқып жатса да, ата-аналардан ақша жинауға байланысты хабарлар түсті, -деді «Атырау –адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Әлфия Әдиева.

Оның мәлім етуінше, былтыр ата-аналар 32 рет шағым айтыпты. Ал, биыл ата-аналар  сондай 14 хабарламамен шектеліп отыр.

Ал, облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ақкенже Исанбергенованың айтуынша,  ата-аналардың арасында ақша жинауға қатысты  әңгіме де, наразылық та байқалады. Бірақ, соңғы үш жылда ата-аналар білім беру басқармасына бірде-бір рет шағым айтпапты.

– Мектеп түлектерінің кешін өткізуге тиым салынды. Соған орай мұғалімдер арнайы бұйрықпен  танысқаны және оны орындауға міндетті екені туралы қол қойған, -деді Ақкенже Исанбергенова.