Руханият • 04 Маусым, 2020

Тарих таразысындағы төрт жайт

347 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

(Жалғасы. Басы 106-нөмірде)

Халықты Совет өкіметіне қарсы қою үшін жер-жердегі троцкийшілдерге бай-кулактарды қолдағы байлықтарын қорғауға, билікке бағынбауға астыртын үгіттеу туралы нұсқау берілгені сөзсіз. Бұлай деу себебім: журналшы жолым басталған жылдары «ашаршылық», «халық жауы» туралы жазуды ойладым. Ол сұмдықтар жайында сан қилы сөздерді мен де естіп өстім ғой. Жазуды ауылымыздың көнекөз, кәріқұлақ ақса­қалдарымен әңгімелесуден бастадым. Бес қарт бар еді, солардан естігендерім: Біз­дің өңірде «колхоздастыру» жүргізіле бастаған 1931 жылдың жазында ауылға жоғары жақтан «ұжымдастыруды қолдау насихатын жүргізу үшін» келген қаратаяқ қазақ жігіт жұртты жинатып, «Совет өкіметінің коллективизация саясаты халыққа жақсы болатыны» жайында құлшына сөйлейді де, жиналыстан кейін, іңірде, Жамабек байды және алты орташаруаны оңашалап алып, оларға: «Совет өкіметінің беті жаман! Мен мұны сіздерге ғана айтып отырмын, көпшілікке айтуға болмайды, сотталып кетемін. Бұл өкімет «колхоз болу дұрыс» деген алдаумен малдарыңды түгелдей тартып алып, ортаға салады. Көнбегендеріңді жер шетіндегі итжеккен деген, мұз басып жатқан айдалаға айдап сорлатады! Ол ол ма, дүние-мүліктеріңе қоса қатындарың мен қыздарыңды ортақ етіп алады! Сол қиянатты естіген қазақтар «Сәбетке бұ­йырғанша, ит-құсқа бұйырсын!» деп, малдарын сай-салаға апарып қырып салған, өзенге тастап, ағызып жіберген. «Адамның тілінен аспандағы бұлт айналады» деген – сол. Советке іштей қарсы арандатушылар табиғаттың тарынуынан басталған ашаршылықты солайша асқындырыпты.

 

Тарих таразысындағы төрт жайт

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Сол бір зобалаң, алапат заманның өзім естіген осы шындығы «халық жауы» деп тұтқындалған Тұрар Рысқұловтың 1937 жылы шілде айының 3-і күні тергеуші Нейманның: «Директивы, которые Вы получили от Рыкова, Вы начали осуществ­лять?» деген сұрағына қайтарған жауабынан да көрінді. Ол жауап: «Да. Во-первых, в целях срыва коллективизации крестьянского хозяйства и сеяния недовольства среди масс населения против Советской власти, я от имени Рыкова предлагал организовать через кулацко-байские элементы ряд перегибов, особенно в отношении бедных и середняцких хозяйств. Я также предлагал организовать массовый убой скота, порчу семян, сельского хозяйства инвентаря. Я должен признать, что эти предложенные Рыковым мероприятия этой части проводились нами уже с конца 1919 года. Наша подрывная работа с сельским хозяйством продолжала развиваться по тем же линиям, которые были указаны Рыковым» (Болатбек Нәсеневтің «Халық жаулары» кітабынан).

А.Рыков Қазан революциясына қа­тысып, Ленинмен, Сталинмен бір­ге партиялық, үкіметтік жоғары басшы­лықта болса да, кейінде Троцкийді жақ­таған. Т.Рысқұлов онымен Мәскеуде, КСРО Ұлттар істері халық комиссариатын­да бір­ге қызмет істеген.

Свердлов та, Рыков та, олармен әм­пей басқалар да «нағыз революцияшыл» Троцкиймен саяси ауа райына қарай ашық та, астыртын да кеңесіп жүр­ген. Совет өкіметіне, халыққа қарсы зұлым­дықтары үшін елден қуылған Троцкий Ресейдегі пиғылдастарына хат жазып, нұс­қау беріп отырған.

Қастандықшыл Тройкийдің досы Сверд­ловқа қай мәселеде, қандай «ақыл-кеңес» бергенін де білу қиын емес. Бұл екеуі туралы жазылған деректі кітаптар жеткілікті.

Соңғы жылдары «КСРО-да қолдан жасалған аштық («голодомор») болды» делініп жүр. Ол терминді Біріккен Ұлттар Ұйымы деңгейінде сөз еткен кісі – тәуелсіздік алған Украинаның пре­зиденті В.Ющенко. Ол әзірлетіп, қол қой­ған құжат қаралып, Украинада қолдан жасалған аштық болғаны БҰҰ бөлімі деңгейінде қуатталады. Оны әуелде Ре­сей де, Қазақстан да құптаған, бірақ көп ұзамай, Ресей Федерациясының басшылары қойған қолдарынан бас тартты. Өйткені «ол аштықтың жасалуына Советтік Ресей айыпты делінгенін мойындауы қате болыпты». Жалпы ашаршылық жайында: БҰҰ, Еуроодақ, ЮНЕСКО, басқа да халықаралық ұйымның негізгі құжаттарында «Украинадағы аштық қол­дан жасалды» деген ресми ұйғарым жоқ көрінеді.

В.Шамбаровқа тағы да жүгінелік:

«...Советке және орысқа қарсы зұ­лым­­­дық саясат Украинада туған жоқ. «Қол­­дан ашаршылық жасау» Үшінші рейхта, Геббельстің кеңсесінде ойдан шығарылды. Украина ұлтшылдарының шет ауған екінші толқынындағылар Екін­ші дүниежүзілік соғыста гитлерлік Германия жағында болды да, неміс нәсілшілдерінің информациялық соғыс тәжірибесін үйрене бастады. Оларды британдық және америкалық арнаулы қызмет орындары қолдады. Герман ұлтшылдарының бай тәжірибесі батыс «демократиясының» өкілдеріне өмірлік қажеттілік еді, өйткені олар да Жаңа Дүние жасауды көздеді. Сонымен британдық белгілі барлаушы Роберт Конк­вест «советтік айуандық жүйені әшкерелеумен» айналысты. Ол 1947 – 1956 жылдары Ақпараттық-зерттеу орталығының Ми-6 бөлімінде (жалған ақпар тарату бөлімі) істеді де, одан кейін ресми жұмысты доғарып, Советке қарсы кәсіби «маман тарихшы» болуға кірісті. Американың Орталық барлау басқармасы оның әдеби қызметін бірден қолдап, соның нәтижесінде ол: «Власть и политика в СССР», «Советские депортации народов», «Советская национальная политика на практике» және басқа кітаптарды жазды. Оның атағын дабырайтқан негізгі кітабы 1968 жылы шыққан «Большой террор: Сталинские чистки 30-х» болды. Оның ойынша, Сталин билігі жасаған ашаршылықта 20 миллион адам өлген. Ол 1986 жылы «Жатва скорби: советская коллективизация и террор голодом» деген, 1932-1933 жылдардағы ашаршылық туралы кітапсымағын шығарды.

Совет Одағына, орыс халқына жауық­қан Конквест те, Мейс және бас­қа­лар да дәлел еткен «ғылыми тәсіл» Со­вет Одағының ішкі-сыртқы өшпен­ді­лері таратқан сан түрлі өсекті және орыс­­қа қарсы А.Солженицын мен В.Грос­с­манның кітаптарын пайдалану болды. Х.Костюк, Д.Соловей сияқты украиналық ұлтшылдардың шимайларын да ескерді. Солайша «қаруланған» Мейс Америка Конгресінде «Украинадағы қолдан жасал­ған аштықты зерттеу комиссиясын» құра алды, бірақ жолы болмады, зерттеуді әділ жүргізгендер өздеріне табыс етілген құжаттардың барлығы нақты дерексіз, құр ғана сөз, аты-жөнсіз жалақорлық екеніне көз жеткізді. Канадалық зерттеуші Дуглас Тоттл «Фальшивки, голод и фашизм: миф об украинском геноциде от Гитлера до Гарварда» деп атаған ғылыми кітабында Конквестің көпе-көрінеу жалақорлығын бастан-аяқ әшкерелеген.

Конквестер «Украинада қолдан жа­сал­­ған аштықта» қырылғандар санын бірі 5 миллион десе, әрқай­сы­ның «қиялы» әржаққа тартып, 25 мил­лионға дейін жеткізісті. Ал Украи­на мұрағаттарының сол жылдары жинақтал­ған ресми деректерінде 1932 жылы 668 мың, 1933 жылы 1 миллион 309 мың адам­ның өлгені жазылған. Демек, жиыны 5 немесе 25 миллион емес, 2 миллион шамасы...

Украинада ашаршылық неліктен бол­ды?

Аңызқұмарлар «астықтың болма­ғанынан» дегенді бетке ұстайды. Ресми дерек Украинада: 1930 жылы 1431,3 мил­­лион пұт; 1931 жылы 1100 миллион­ пұт; 1932 жылы 918,8 мың пұт; 1933 жылы 1412,5 миллион пұт астық өнді­ріл­­ге­нін, одан мемлекетке жоспарлы тап­­сы­рылғанды шығарып таста­ғанда, Украина­ның 30 миллионға жуық хал­қының жан басына 1932-1933 жылдары орта есеппен 320-400 килограмнан айнал­ған.

Ашаршылықты тиянақты зерттеу­шілер оның негізгі себебі табиғи қуаң­шы­лықтың болуында деп тұжырым жасады. Мысалы, Ресейде астық шықпай қалған 1891 жылы 2 миллионға жуық, 1900-1903 жылдары 3 миллион, 1911 жылы 2 мил­лион­ адам өлгенін анықтады.

Ал 1932-1933 жылдардағы ашар­шы­лыққа «адамның қатысы» болғанын ешбір зерттеуші жоққа шығарған емес. Бірақ Троцкий мен Свердлов құр­ған қылмысты топтың «еңбектерін» ескер­мейді. «Қолдан жасалдыға» жүгінсек, ол зобалаңға бір ғана Сталинді, Совет өкіметін кінәлі ету шындыққа жанас­пайтынын аңғарған боларсыздар. Совет өкіметі ашаршылықтың бетін қайтаруға мүмкін болған шараның бәрін қолданды. Бірақ жергілікті басшылық кереғарлық жасап отырған. Кейінде анықталғандай, одақтас республикалар партия ұйымдары хатшыларының көбі троцкий-свердловшылдар болған.

Совет өкіметі 1932 жылы мамыр айы­ның 6-сы күні елде астық дайындау жос­парын төмендету жөнінде декрет жария­лаған-ды. Конквест оны «білмепті» де, оның есесіне Ресейде 1918-1921 жыл­дардағы аштықта көшелерде, далада өліп жатқан адамдардың суреттерін «1932-1933 жылдардағы суреттер» деп беруді ұмытпапты.

Жалпы аштық сол жылдары КСРО-да ғана емес, дүние жүзінің бірнеше елінде: АҚШ, Польша, Румыния, Чехословакия, Ис­пания, Венгрияда болыпты. Мысалы, 30-шы жылдары: Америка Құрама Штаттарында 6,5 миллион, Англияның өзі мен отарларында 7 миллион, Үндістанда 4 миллион адамның аштан өлгені туралы дерек бар...

Әу баста троцкийшіл болған, меніңше сол пиғылын жылмақайлықпен жасырып өткен Н.Хрущевтың: «Сталин ашар­шылықты әдейі ұйымдастарды, өзі­не оң қарамаған халықтарды сөй­тіп бағын­дыр­ды; Сталин елдің, партия­ның өміріне қатысты өте маңызды мәсе­лелердің көбін айлап ескермей, қарамай отыра беретін», деп лаққаны бар.

Біздің бүгінгі жазғыштарымыздың біреуі: Сталиннің орысша тәрбие алғанын, орысша жазғанын, орысша ойлағанын, өзін орыспын дегенін, тіпті түсті де орыс­ша көргенін баяндап (сірә, екеуі бір төсекте ұйықтап, бір түсті бөліп көріп те жүрген-ау?!), Хрущевтың Сталинге қазақ халқы жайында «жанашырлық пікір айтқанын ғажап дерек» етіпті. Ал алаяқ «көсемнің жанашыршылығы» былай еді: «Мен Сталинге: «Қазақ халқының халі ауыр, аштан қырылу қаупі бар», деп едім, ол: «Сол сары пәлекеттерден сөйтіп құтылмай болмайды» деді». Өзі дүлейлене атын қойған Целиноградқа келгенінде Хрущевтың көлгірсіп көбейткен көп өтірігінің көбігі – сол. Ал біздің жазғыш ол көкезу «көсемінің» сол 1932 жылы қайда, кім болғанын білуді керек етпепті. Керек етсе, Мәскеу қалалық партия комитетінің 2-хатшысы, Қазақстанда болмаған, қазақты көрмеген Хрущевтың 1-хатшыдан аттап өтіп Сталинге барып, «қазақтардың адвокаты» болып сөй­лей алмағанын білер еді. Ол кезде «Наш Никита Сергеевич» (Хрущевтың билігі жылдары жағымпаздар шығарған фильмнің аты) Мәскеудің асты-үстінен «халық жауларын» итше тіміскілеп іздеп, аласұра қара тізім жасау­дан қолы босамай жүрген. Кейінгі ресми зерттеу деректері Хрущев Украина компартиясының басшысы, Мәскеу облыстық және қалалық комитеттерінің 1-хатшысы болған жылдарында «халық жауларын әшкерелеуде» 1-ші орында болыпты. Оның әміріндегі «үштік соты» жиыны 220 мыңнан астам «жауды» тұтқындатып, оның төрттен бірін аттырған.

Былтыр қаңтар айында біздің интер­нет-сайттардың бір-екеуінен Мирзоянды сағынып жүрген рухани шикілердің әлі де бар екенін байқадым. Жас мөлшері немереммен шамалас журналист жігіт (аты-жөнін атамай-ақ қояйын) Қазақ­стандағы 1932-1933 жылдардағы ашар­шылық жайында айта отырып, Мирзоян­ды сонау ағаларынша «мырзажаншылап»: «...қолынан келсе, одан да көп жақсылық жасар еді» депті. «Одан да көп жақсылығы» немене екен? Ол бізге ондаған жемтіктесін жетектеп келмей, үйірлеген жылқы, табындаған сиыр, отарлаған қой айдап келіп пе? Әлде Голощекин – «қужақтың» астықты, сонша малды тығып тастап кеткенін естіп, іздеттіріп тауып, жинаттырып алып па?!. «Мырзажаншылдар» Кремльдің одақтас республикалар басшылығына кеңес беруі нәтижесінде бізге жан-жақтан аз-аздап болсын астық, мал жеткізіліп берілгенін «білмейді». Олар сол жылдары бізде әлі де болса аман, намысты ағаларымыздың ұсынысымен, тікелей байланысымен Мәскеу құптап іске асқан кейбір игі істерді де – «Мырзажанның қамқорлығы» деседі. Ой-хой, әсіребілгіштік-ай!..

Қаражүрек Мирзоян, егер сұрқиялық­тары үшін өзі тұтылып қалмағанда, иә, «одан да көп жақсылық жасап», тұт­қындаттырған мен аттырғандарының санын еселеп көбейтер еді. Ол Қазақ­станды билеп-төстеген кезінде 110 мың­ «халық жауын» тұтқындатып, оның 25 мыңын аттырғаны белгілі. Бұл цифр­лардың да тиянақты емесіндей, 1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбан­дарының саны да әлі нақтыланған жоқ. Біз­дің «зерттеушілер» 2,5 – 4 миллион қазақ аштан өлді десіп жүр.

Ресей 1897 жылғы өткізген халық санағында, Мұхаметжан Тынышбаевтың есебінше, Қазақстанда 6 миллион адам болған. Одан: елде аштықта көз жұмған­дар – 1,7 миллион.

Қытай мен Моңғолияға ауып кеткендер – 1,2 миллионнан астам.

Іргелес республикаларға көшкендер – 795 мың.

Яғни елде қалған халық – 2 миллион 305 мың.

Қазақ ССР Халық-шаруашылық есеп басқармасының мәліметі бойынша, 1936 жылы республика халқының саны
3,3 мил­лионға жеткен (ол ауып кет­кендердің аман-есен қайтып орал­ған­дары және ішкі өсім есебінен жиын­тықталған болар).

АҚШ Орталық барлау басқармасының Совет Одағына айтақтаған жалдамалы жазғышы болған Конквестің әш­кереленуі «қолдан жасалған аштық» деу­ді жоққа шығармақ емес. Ал кімдер жасады дегенде, соңғы жылдары әдетке айналғандай, Совет өкіметін, И.Сталинді айыптай жөнелеміз, иә, Троцкий мен Свердловты аузымызға алмаймыз. Ашар­шылықтың «тысы» қайсы, «астары» қайсы, оны ажыратуға құлық жоқ.

Сионистер аспандата мадақтап, кейде Лениннен де жоғары қойып жүрген Свердлов халықтың қаһарына ұшырап, ызалы топтың ереуілі кезінде таяқтан қаза тапты. Біржарым сағатқа созылған қақтығыста Свердлов мұз жапқан алаңда ес-түссіз жатады. Мәскеуге шалажансар жеткізіліп, қаншама емделсе де, де­несінің қабынуы қайтпай, бір жылдан соң дүние салып тынды.

Совет Одағын, оның құрамында бол­ған елімізді жайпап өткен 1932-1933 жылдар­дағы ашаршылық туралы жазуда сыңар­жақтылыққа ұрынудан сақтанған жөн болар.

3. «Қызыл қырғынның» басы мен аяғы

Бүгінде кешегі КСРО тарихын бұтар­лап, өзінің қалыбына салып алып, өзгелерге қай мәселені қалай айту-жазу керектігін уағыздаушы «тарихшылар» көбеймесе, азаяр емес. Ресейде де, шет елдерде де. Ал ресейліктер біздегі еліктегіш-солықтағыштарға көке болып алды. Олар квас ұсынса, біз онысын қымыздан артық көріп сыңғытамыз. Хрущев-солженицыншылдар кез келген тақырыпта бірдеңені көңірсітсе: «Міне-мінеки, осылай жазу керек!» деп жалау­латтық. Сол сыңайда бүгіннен мысал келтірсем, былтыр ресейлік бір «ғұламаның» мақаласымағы «Жас Алаш» газетіне басылды. Автор: «Соғыс­та қазақтар майданнан кету үшін аяқ-қолдарын өздері ататын» деп жәдігөй­леніпті.

 «Оқымыстылар» КСРО тарихында «қызыл қырғын» деген атпен қалған 1937-1938 жылдардағы нәубетті де ауда­рып-төңкеруде.

«Халық жауы» деген атауды 1859 жылы француз журналшысы Жан Поль Марат шығарыпты. Кейінде: Г.Ибсеннің, В.Лениннің, Л.Троцкийдің, М.Горькийдің... айту-жазуларымен қалыптасып кеткен. Тарихқа үңілсек: ешбір елде ешкім ешқашан өзінің хал­қына жау болған емес, дұрысы – «би­лік­тің жауы». Рас, халықты мүлде алым­сынбаған әулекілер де болды, солардың бірі – Гитлер: «Егер мен құрыр болсам, онда неміс халқы да құрысын, ол маған лайық бола алмады!», деп шабыныпты.

Миллиондаған тағдырды тәлкек ет­кен зұлымдық туралы айта беру оңай да, оның ұшығын табу қиын. Осы­ны ойлағанда, мәселен, патшалық Ресей­дің құзырындағы ұлттар мен ұлыс­тарға бостандық алып берген, еңбегі қаналудан құтқарған В. Лениннің мынау бұйрықтары «тым қызық» (үзінді):

«Тіршілік үшін емес, байлар мен арам­тамақтарды, буржуазияның интел­лигенттерін жою үшін күресу... оларды сәл-пәл қылмыстары үшін де жазалау керек... Бір жерде түрмеге отырғызып... бір жерде дәретхананы тазалаттырып... үшіншісін карцерге отырғызып, одан соң сарғылт билет беріп... төртіншісін ұстаған жерде атып тастау керек... Жазалау сан түрлі болған сайын жалпы тәжірибе молаяды...» (1918 ж., маусым);

«Пенза. Губерния атқару комитетіне: ...Кулактарға, поптарға және ақгвардия­шыларға қарсы жаппай аяусыз қырғын жүргізілсін; күдіктілер қала сыртындағы концентрациялық лагерьлерге қамалсын» (1919 ж., желтоқсан);

«...Менің күмәнсіз тұжырымым бо­йын­ша, біз дәл қазіргі сәтте діни қара­жүзтік­терге шешуші де аяусыз соққы беріп, қарсылығын жаныштауға тиіспіз, олар оны ондаған жылдар бойы ұмыта алмайтын болсын... Реакцияшыл дін өкілдері мен реакцияшыл буржуазия өкіл­дерін қаншама көп қырсақ, соншама жақсы болады» (1920 ж., тамыз);

«...Ғажап жоспар! Дзержинский еке­уің жеріне жеткізіңдер. «Жасылдар» бо­лып (кейін соларға жаба саламыз), 10-20 шақырым ілгерілеп, кулактар мен поптарды, помещиктерді дарға асамыз. Біреуін дарға асқанға 100 000 сом сыйлық береміз...» (Республика революциялық әскери кеңесі төрағасының орынбасары Э.Склянскийге.1920 ж., тамыз);

Бір «қызық» жайт: Ленин де, Троцкий де «аяусыз» деген сөзді жиі қолданыпты. Ленин­нің бұл жарлықтары бүкіл Кеңес Одағы шегінде жүзеге асырылып, мысалы, бізде мешіттер жауып тасталып, молдалар қуғындалды.

Кейінірек жер-жерде діни салада түр­лі бұрмалаушылық болып жатқанына көзі жеткен Сталин 1939 жылы қараша айы­ның 11-і күні Ленин жарлығының күшін жою туралы шешім жасаған (П.Доро­хин­нің «Сталин и религия» кіта­бынан).

«Қызыл қырғын» деген сөзді алғаш эсер З.Коноплянникова айтыпты. 1906 жылы сотқа тартылғанында: «Үкіметтің қанды ақ қырғынына біздің партия қызыл қырғанмен жауап беруді ұйғарды», депті. Троцкий 1917 жылы желтоқсанның 17-сі күні кадеттерге үндеу жазып, рево­люция жауларына қарсы қызыл қыр­ғынды аяу­сыз және еселеп күшейтіп жүр­гізу керек­тігін екілене айтыпты. Ал қызыл қырғынды заңдастырған күш иесі Бүкіл­ресейлік орталық атқару комитетінің төрағасы Я.Свердлов екен. Ол Ленинге жасалған қастандыққа және Петроград Төтенше істер комиссиясының төрағасы Урицкийдің өлтірілуіне жауап ретінде қызыл қырғын жасау туралы 1918 жылы 2 қыркүйекте қаулы шығарған.

 

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

 

    (Жалғасы бар)