Алқалы жиынды сөз бастаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Самұрық-Қазына» қоры ел дамуында маңызы рөл атқаратынын атап өтті.
– Биыл біз ауыр сынақтарға тап болдық. Коронавирус пандемиясы жаһандық экономикалық дағдарысқа әкеп соқты. Әлемдік экономика мен сауда өсімі тоқтады. Бұл факторлардың барлығы біздің экономикамызға кері әсерін тигізіп отыр. Осы орайда біз қалыптасқан күрделі ахуалға тез бейімделуге және дағдарысты еңсеруге септігін тигізетін экономиканың негізгі драйверлерін айқындауға тиіспіз. Сәуір айында біз дағдарыстан кейінгі кезеңде экономикамызды қалай көтеру керек екенін талқыладық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев нақты шаралар жөнінде мәлімдеме жасады. Үкімет экономикалық өсімді қалпына келтіру жоспарын бекітті. Бұл шаралар дер кезінде қабылданды және қазіргі ахуалға сай орындалып жатыр, Экономикамызды әрі қарай дамытуда «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры басты рөл атқарады. Қазақстанның барлық негізгі компаниялары осы Қордың құрамына кіреді. Қор компанияларының жиынтық активтері 28 трлн теңгені құрайды. Бұл – ЖІӨ-нің 40%-ы. Мұнда 300 мың қызметкер жұмыс істейді. Қиындықтарға қарамастан компаниялардың бәрі жұмысын жалғастырып жатыр. Өткен жылғы Қор көрсеткіштерінің өсу қарқыны биыл резерв құруға мүмкіндік бергенін байқап отырмыз. Енді компаниялардың тиімділігін арттыру үшін нақты шаралар қабылдау қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Кеңес отырысында күн тәртібіне сәйкес Қордың қазіргі жұмысы мен жаңа бастамалары, отандық шағын және орта бизнесті қолдау іс-шаралары, тапсырмалардың орындалуы жан-жақты қаралды. Аталған мәселелер жөнінде алдымен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов баяндама жасады.
– Әлемдік экономикада орын алған рецессия мен қауіпті індеттің кеңінен таралуы Қорға кіретін компаниялардың ағымдағы жұмысына айтарлықтай ықпал етті. Осыған орай компаниялардың тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар шаралар қабылданып, іске асырылып жатыр. Covid-19 пандемиясы, мұнай бағасының төмендеуі, ұлттық валюта бағамының өзгеруі теріс әсерін тигізді. Қордың таза кірісі биыл 1,2 трлн-нан 167 млрд теңгеге дейін төмендемек. Ең көбі «ҚазМұнайГаз» 80%-ға дейін кірісін жоғалтады деп күтіліп отыр. Әуе және темір жолдарының жолаушылар айналымы көлемі 40%-ға дейін азаймақ. Осыған байланысты бірқатар шаралар қолға алынды. Қаржы резерві құрылды, 8 млрд сыртқы қарыз өтелді. Қазір жағдайда біздің компанияның күрделі операциялық шығындарын 429 млрд теңгеге оңтайландырдық. Мұның бәрі белгілі бір қаржы резервін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Бұл энергетика, мұнай-газ, уран, телекоммуникация, пошта және басқа да салалар кәсіпорындарының жұмыс істеуін, өндірістік персоналды қысқартусыз сақтауды және қызметкерлерге жалақыны уақтылы төлеуді қамтамасыз етеді, – деді Ахметжан Есімов.
Оның айтуынша, аталған іс-шаралармен қатар осынау қысылтаяң шақта ұлттық экономиканы және отандық тауар өндірушілерді қолдау бағытында көптеген жұмыс жүргізіліп жатыр. Біріншіден, сатып алу тетіктерін жетілдіру қолға алынды. Бұл – бір көзден ашық тендерге өту. Осы уақыт ішінде ұлттық әл-ауқат қоры бір көзден сатып алу көлемін 5 есеге төмендетіп және ашық тендерлердің көлемін 5,5 есеге арттырыпты. Мұндай қадамдар 376 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік берді.
Келесі бағыт холдинг ішіндегі сатып алуды оңтайландыру болды. Бұрын холдинг ішінде 4,5 мың позиция болса, ол 21 есе төмендеген. Ал сатып алу көлемі ақшалай 1,9 трлн болса, қазір – 0,5 трлн теңге. Бұл бәсекелі ортаға 819 млрд теңге беруге жағдай туғызды. Мұндай сатып алуларға 17 мың бизнес субъектісі қол жеткізді және Қор компаниялары 52 млрд теңге үнемдеді.
Екіншіден, «Самұрық-Қазына» осы жылды қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау жылы деп жариялап, бірқатар шараларды нақтылаған. Олардың бірі офф-тейк келісімшарт механизмі мен импортты алмастыратын өнім тапсырысына кепілдік беру құралы болды. Осы ретте біздің елде өндірілмейтін, бірақ компаниялар үшін қажет тауарларға талдау жасалып, біраз жұмыс атқарылған. Қор «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп жаңа өндірістер құру бойынша инвестициялық жобаларды қарастырды. Енді екеуі бірге 3-5 жылға ұзақ мерзімді офф-тейк келісімшарт жасаспақ. Жаңа өндірістерді құру үшін инвестиция көлемі 218 млрд теңгені құрап, 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Биыл назарда болатын үшінші бағыт – жұмыс істеп тұрған қазақстандық кәсіпорындарды қолдау. Бүгінгі таңда Қорға қарасты кейбір компаниялар күрделі қаржылық жағдайға байланысты тапсырыс берген қажетті тауарларының құнын төлей алмай отыр. Сондықтан «Самұрық-Қазына» портфельдік компанияларға 50 млрд теңге бөлді. Ал ол компанияларға тауарды өзіміздің кәсіпорындар жеткізіп береді екен. Бірақ Қор портфельдік компанияларына қаржыны қайтарымды негізде берген.
Сонымен қатар Ахметжан Есімов бірқатар ірі компаниялардың ахуалына тоқталып, инвестициялық бағыттағы жұмыстарды да сөз етті.
– Коронавирусқа, қашықтан жұмыс істеуге қатысты жағдай кейбір мүмкіндіктерді анықтады. Атап айтқанда, басқару деңгейін қысқарту қажет екенін бірнеше рет айттыңыз. Ықшамды, әрі тиімді аппараттарды қалыптастыру мақсатында басқару деңгейін 6-дан 3-ке дейін қысқарту арқылы барлық компанияның ұйымдастыру құрылымдары қайта қаралды. Басқарушы директорлар саны 89-дан 44-ке дейін екі есеге қысқарды. Департамент директорлары 308-ден 255-ке дейін, ал бөлім басшылары 259-ден 65-ке дейін қысқартылды. Қазір «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясында тиімсіз шығыстарды оңтайландыру және қысқарту бойынша көп жұмыс жүргізіліп жатыр. Ұқсас компаниялардың оң тәжірибесі зерделенуде. Компания басшылығы кейбір активтерді Қордың Корпоративтік орталығына тікелей бағынуға беру туралы ұсыныс енгізеді. Өз тарапымыздан бұл тәсілдерді дұрыс деп санаймыз, – деді «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы.
Бұдан кейін сөз алған Премьер-Министр Асқар Мамин Үкімет «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен бірлесіп, экономикалық өсімді қалпына келтіруге және тұрақты дамуды қамтамасыз етуге бағытталған кешенді жоспар әзірлегенін атап өтті.
– Осы жоспар бойынша жыл соңына дейін іскерлік белсенділікті ынталандыруға, жұмыспен қамтуды қолдауға және халықтың табысын арттыруға бағытталған жүйелі, салалық шаралар іске асырылады. Жалпы кешенді жоспарда көзделген шаралар 6 млн-нан аса адам қамтылған бірқатар салалардың қалпына келуіне мүмкіндік береді. Үкімет пен Қордың кешенді жоспары аясында бірлескен жұмысының маңызды бағыты – өнеркәсіп, көлік пен логистиканы, цифрландыруды дамыту, импорт алмастыру мүмкіндігін іске асыру, шағын және орта бизнестің экономикадағы рөлін күшейту, – деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, жаһандық ІЖӨ-нің өсу әлеуетінің күрт қысқаруы, әлемдік сауда және сыртқы сұраныс көлемінің рекордтық төмендеуі, сауда-өнеркәсіптік протекционизмнің күшеюі жағдайында «Самұрық-Қазына» ұсынып отырған іс-шаралар отандық тауар өндірушілерді қолдаудың әжептәуір тетігіне айналады. Бұл қатарда Қордың сатып алуларына отандық өндірушілердің қолжетімділігін кеңейту, қолданыстағы бизнесті қолдаудың жаңа тетіктерін енгізу, ішкі сұранысты қанағаттандыруға бағытталған жаңа өндірістерді құру жөніндегі бағдарламаларды іске асыру елімізде дамудың қосымша кеңістігін қалыптастырады.
– Бұл ретте Қордың қарапайым заттар экономикасы салаларын қолдау мақсатында жүзеге асырып жатқан шараларына бөлек тоқталғым келеді. Осы салалар бойынша ішкі әлеуетті күшейту – ұлттық экономиканың өзін-өзі қамтамасыз етуін және ұзақ мерзімді тұрақтылықты сақтау шеңберіндегі негізгі міндет. Аталған санат бойынша Қордың сатып алуларындағы қазақстандық өндірушілердің үлесі өткен жылғы 75%-дан биыл 94%-ға дейін артты. Әсіресе жеңіл өнеркәсіп, тамақ, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру салалары бойынша отандық тауар өндірушілер белсенділік танытты. Бүгінде машина жасаудағы отандық өндірушілердің үлесінде үлкен өсім байқалды, – деді Асқар Мамин.
Бұған қоса Премьер-Министр ұлттық әл-ауқат қорының жекешелендірудің кешенді жоспарын іске асыру мерзімін неғұрлым қолайлы кезеңге ауыстыруға қатысты ұсыныстарын қолдады, сондай-ақ Қордың індет қаупі төніп тұрған кезде қашықтан жұмыс істеу тәжірибесіне оң баға берді. Бүгінде 23 мемлекеттік орган бұлтты құжат айналымына қосылған. Жалпы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің 70%-ы қашықтықтан жұмыс режиміне көшкен.