Қоғамдық көлік жүйесіндегі жаңғыру
Осы күрмеуі қиын мәселені шешу үшін әр жылдары жергілікті әкімдік тарапынан бірқатар шаруалар атқарылды. Алайда, бәрібір мегаполистің қоғамдық көліктерін жаңартып, жаңа бағыттарды көптеп ашу ісі кешеуілдеп келді.
Осыдан біраз бұрын Шымкент қаласы әкімдігі шаһардағы қоғамдық көліктерде жол жүру ақысын электронды форматқа көшіру туралы хабарлаған болатын. Қытайлық шағын автобустар мен ресейлік газельдерде қысылып-қымтырылған тұрғындар бұған әу баста сенімсіздік танытты. Енді осы жаңашылдық ақиқатқа айналатын күн алыс емес. Бұл туралы кейінірек тоқталамыз.
Иә, қаладағы қоғамдық көлік жүйесі сын көтермейтіні рас. Алайда бұл бағытта жұмыс мүлдем тоқтап тұр деп те айта алмаймыз. Қалай десек те, ескірген техникалар кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр. Бүгінгі таңда, шаһарда 78 бағытта 25 көлік компаниясы жолаушы тасымалдаумен айналысады. Күнделікті 1 166 кесте бойынша 1 621 автобус жолаушы тасымалдайды. Оның 886-сы үлкен автобус болса, 280-і шағын автобус. Соның ішінде осы бағыттардағы 1 621 автокөліктің 708-нің пайдалану мерзімі 7 жылдан асып кеткен, яғни біршама ескірген.
Ел Үкіметі бекіткен «Автобустық тасымалдауды дамытудың 2018-2020 жылдарға арналған кешенді бағдарламаcы» негізінде 2019 жылы «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы орташа сыйымдылықты, дизель отынымен жүретін (Евро V) отандық 300 автобусты лизингке алды. Автобустар «Shymkent Bus» ЖШС-на жалға берілді. Соның нәтижесінде қаладағы жаңа автобустардың үлесі 7 пайыздан 25 пайызға дейін артты. Қоғамдық көліктерді жаңарту ісі кезең-кезеңімен іске асырылып жатқанының жарқын бір мысалы осы.
Сонымен қатар шеткері аудандар тұрғындарының қатынасын жақсарту мақсатында әлеуметтік маңызы бар 28 маршрут ашылды. Бұл бағыттар Ақжар, Ақтас, Шапырашты, Өтеміс, Ялта, Жыланбұзған, Айнатас, Абдулабад, Достық, Алтынтөбе, Жаңаталап, Көкбұлақ және басқа шағын аудандарға қатынайды.
Биыл сыйымдылығы үлкен, газбен жүретін отандық 590 автобус алу жоспарланып отырғанын айта кетейік. Яғни жақын арада қала ішіндегі бағыттармен жүретін жаңа автобустардың үлесі 25-тен 55 пайызға дейін артатын болады.
Халық саны артқан сайын қалада қоғамдық көлік қатынасының өзектілігі де артатыны түсінікті. Былтыр Шымкентте жолаушылар көлігімен 1 667,6 млн жолаушы жүріпті, бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда жолаушылар тасымалының көлемі 0,2 пайызға артқанын байқатады.
Бүгінгі таңда «Диспетчерлік қызмет орталығы» қаладағы маршруттарға диспетчерлік қолдау көрсету бойынша маңызды жұмыс атқаруда. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының және әлемнің өзге де әсем қалаларының қоғамдық көлік саласындағы озық тәжірибелерін енгізу мақсатында биылдан бастап аталған орталықты кәсіби мамандармен және материалдық тұрғыда нығайту жоспарлануда.
Әкімдіктің салалық басқармасы тарапынан жолаушылар көлігінің қозғалысын бақылау үшін қоғамдық көлік порталы іске қосылғанын да атап өткен жөн. Бұл портал Open API қағидатына негізделген және Яндекс сервисімен біріктірілген, барлық дерек «Яндекс.Көлік» қосымшасы арқылы беріледі. Нақты бір уақытта қала бойынша жұмысқа жұмылдырылған қоғамдық көліктің жалпы саны, күткен автобустың қай маңда келе жатқаны, аялдамаға шамамен қанша минутта келетіні сынды ақпараттарды жолаушылар осы порталдан қарап алуына болады.
Таяуда шаһар басшысы Мұрат Әйтенов әкімдікте қоғамдық көлік жүйесіне өзгерістер енгізу туралы жиын өткізіп, нақты жоба-жоспарларымен бөлісті. Маңызды кездесуде «Astana LRT» компаниясының жауапты өкілдері қала басшысына Шымкенттегі қоғамдық көлік кешенін модернизациялау бойынша жасалған тұжырымдаманы таныстырды. Тұжырымдамада қарастырылған жұмыстардың бір парасына тоқтала кетейік. Жалпы, қоғамдық көліктің жұмысын жақсарту бір бағыттан ғана тұрмайды, сондықтан қазіргі таңда саланы жан-жақты дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Сол үшін қоғамдық көлікті жан-жақты модернизациялау, жолаушыларды тасымалдау қызметін жақсарту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көліктің ұтқырлығы күшейтіледі. Биыл қолданыстағы маршруттар желісі жаңартылып, жолаушылар көлігін дамытудың кешенді кестесі әзірленді. Оны қазіргі таңда «Астана LRT» ЖШС жүзеге асыруда.
Жаңа жүйе бойынша қоғамдық көліктердің жұмысы жақсарып, тиімділігі артады. Атап айтқанда, автобустарды мобильді қосымша арқылы бақылауға болады, жол ақысын электронды төлеуге мүмкіндік туады, жаңа бағыттар ашылады, цифрлы және интеллектуалдық жүйе енгізіледі.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов бұл тұжырымдаманы мақұлдап, жаңа жүйеге кезең-кезеңімен көшуді және белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
– Бұл жүйе қала ішінде кептелістің азаюына, халықтың діттеген жеріне тез жетуіне, қоғамдық көлік жүйесіндегі жемқорлықтың алдын алуға, «Smart city» жүйесіне тезірек көшуге мүмкіндік береді, – деді Мұрат Әйтенов.
Аталған тұжырымдама тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де үлкен септігін тигізетінін айта кеткен ләзім. Енді жүргізушілер арнайы курстардан өтіп, кондукторлардың қызметі қатаң тексерілетін болады.
Сондай-ақ диспетчерлік жұмыстардың жолға қойылуының нәтижесінде автобустар арасындағы жиілік сақталады, жүргізушілердің аялдамаға тоқтамай жүйткіп өте шығуына жол берілмейді. Бұдан бөлек, сауда орталықтары, мектеп және басқа да адамдар көп шоғырланатын жердегі аялдамалар реттеледі, шағын аудандарға қатынау жеңілдейді.
Жоғарыда айтқанымыздай, электронды билет беру көп ұзамай іске қосылуға тиіс. Қазіргі таңда оны «QazSmartTrans» ЖШС өзінің қаражаты есебінен жүзеге асырып жатыр. Бұл жүйе шілде айының аяғында іске қосылады.
Жалпы, электронды билеттің артықшылықтары аз емес. Айталық, осыған дейін жолаушылар тарапынан тасымалдаушы компанияларға қанша шағым айтылса да, заңды тұрғыдан белгілі шара қабылданған оқиғалар аз, оны жүзеге асыратын тетіктер қарастырылмаған. Жолаушылар шағым айтқан тасымалдаушылар жауапты мамандардың ескертуінен кейін де жұмысын түк болмағандай одан әрі жалғастыра береді. Ал субсидиялау енгізіліп, цифрлы жүйеге бет бұрғаннан кейін тасымалдаумен айналысатын компанияларға қойылатын талап та күшеймек. Олардың тәулігіне қанша адам тасымалдағанын арнайы база арқылы бақылап, жолаушылар тасымалы тарапынан түсіп жатқан табыс әділ, анық есептелмек.
Егер жолаушыларды тасымалдайтын көліктер субсидияланбаса, онда қоғамдық көлік жүйесін жаңғыртуды жүзеге асыру мүмкін емес деуге болады. Қала әкімінің осы жұмысқа жауапты орынбасары Махсұт Исахов пікірімен бөліскен еді.
– Жолаушы тасымалдаушы компаниялар қанша табыс табатынын білмейміз. Кезінде осы жаңа жүйені Алматы қаласында іске қосқанда, бюджетке түсетін салық көлемі бір жылда 1,2 есеге дейін артқаны анықталды. Халықтың электронды төлемге қызығушылығын арттыру және ыңғайлы болуы үшін бір ерекшелік қарастырылған. Мәселен, картамен төлейтіндер үшін жолақы 70 теңге болса, қолма-қол ақшамен 100 теңге төлейді. Электронды түрде төлеудің де жеңілдіктері қарастырылған, – деді ол.
Көлік картасының бағасы – 500 теңге. Оның 4 түрі бар: жалпы пайдаланатын карта, оқушылардың картасы, студенттік карта және тегін жүру картасы. Осы жүйені енгізуді қолға алған «QazSmartTrans» ЖШС картаны Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған тыл еңбеккерлеріне, «Батыр ана», «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталғандарға мен І топтағы зағип жандарға тегін таратады. Электронды жүйенің жолаушыларға тиімді тағы бір тұсын айта кетейік. Жолаушы діттеген жеріне жету үшін екі автобусқа отыруы қажет делік. Картасы бар адамдар бір автобустан екіншісіне 40 минут ішінде ауысып мінетін болса, екінші мәрте жолақы төлемейді. 40 минуттық межені 1 сағатқа дейін ұзарту қазір талқыланып жатыр.
Өндіріс өрісі кеңейіп келеді
Соңғы жылдары мегаполисте өнеркәсіп саласы қарқынды дамып келеді. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2019 жылы 562,3 млрд теңгені құрап, 2018 жылмен салыстырғанда 15 пайызға артқаны осының бір көрінісі деуге болады. Аталған саладағы үлесі 85,7 пайызды құрайтын өңдеу өнеркәсібінде 481,8 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 13,9 пайызға артқанын да айта кетейік.
Жуырда шаһар әкімі Мұрат Әйтенов осы өңдеу өнеркәсібіндегі жетекші «Оңтүстік» индустриялық аймағына барып, бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Ондағы кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларды атап өтіп, іскер азаматтармен пікір алмасты.
2019 жылы аталған индустриялық аймақта құны 974 млн теңгеге 3 жоба іске қосылды. «Тассай» индустриялық аймағында 23,1 млрд теңгені құрайтын 6 жоба іске қосылды, 312 жаңа жұмыс орны ашылды. Аймақтардағы жер телімдері 100 пайыз жобаларға толып, әрі қарай дамыту мақсатында 306 гектар жерге жаңа «Жұлдыз» индустриялық аймағын құру жұмыстары басталды.
Бүгінгі таңда 306 гектар жер телімін мемлекеттің қарамағына беру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жаңа индустриялық аймақтың инфрақұрылым жүйесі 2 кезеңде жүргізілмек. І кезеңде – 76 гектар (2020-2021 жылдары), ІІ кезеңде – 230 гектар жер (2021-2022 жылдары) жаңа жобаларға беріледі. Сонымен қатар аймақтың техника-экономикалық негіздемесі әзірленуде. Бұл жерде негізінен құрылыс, металлургия және жиһаз өнеркәсібін дамыту көзделген.
Кәсіпорындар экономиканы әртараптандыру ісінде тірек күшке айналу керек екенін айтқан қала басшысы өндіріліп жатқан өнімнің экспортын арттыруға басымдық беруді атап өтті. Сонымен қатар өндіріс көлемін ұлғайтуға және кәсіпкерліктің даму бағытына қатысты бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.
Индустриялық аймаққа барған қала басшысы «Шымкент темiр» ЖШС-ның болат құю зауытының жұмысымен танысты. 2018 жылы iске қосылған өндiрiстiң жалпы құны – 5,9 млрд теңге. Жылына 250 мың тонна өнiм шығаруға қауқарлы кәсiпорында 300-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Зауыт ТМД елдерiнде баламасы жоқ, заманауи құрылғылармен жабдықталған. Өндіріс ошағы толықтай қуатына көшкен кезде жылына 1 млн тонна өнiм шығарады, 2100 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
Әкім танысқан тағы бір нысан – «Ferrum-Vtor» ЖШС-ның болат құю цехы. Жобаның құны 1 млрд 244 млн теңгені құрайды, онда 235 азамат жұмыспен қамтылған. Мұнда еуропалық стандарттарға сай және баға жағынан тиімді тот баспайтын болат металл шығарылады.
Бұдан бөлек, Мұрат Әйтенов алюминий сым шығаратын цехын, бетон құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындарды аралап көрді. Айта кетейік, «Оңтүстік» индустриялық аймағында осыған дейін жалпы құны 41 млрд теңге болатын 66 жоба жүзеге асырылып, 4 мыңнан астам жұмыс орны құрылған.
«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан тағы бір ірі кәсіпорын – «АГФ Групп» тігін фабрикасы. Аталған мекеме 1,5 млн-ға жуық өнімді экспортқа шығаратынын айта кеткен жөн. Фабрика ресейлік IKEA компаниясының дүкендеріне төсек жабдықтарын тігуде. Жеңіл өнеркәсіп саласында 10 жылдан аса табыс тауып жүрген компания экспортқа шығаратын өнім көлемін жыл санап арттыра түсуде.
2013 жылы өз өнімдерін экспорттай бастаған компания жасанды емес мата шығарады, табиғи материалдан комбинезон, мектеп формасы, әскери киімдер мен халат тігеді. Аймақтағы төсеніштер, жастықтар мен көрпелер өндіретін ең ірі тігін фабрикасы осы – «АГФ Групп».
Бұл кәсіпорын заманауи үлгідегі тігін машиналарымен, жапон және әлемдік брендтердің үтіктеу және кесу құрылғыларымен жабдықталған. Қазір компанияны экспортқа бағдарланған деп атауға болады. Себебі, өндірілген өнімдердің 90 пайызы шетелдік тұтынушыларға жолданады.
Елімізде төтенше жағдай жарияланып, карантин режімі енгізілген соң маска тапшылығын байқаған кәсіпорын бетперде тігумен айналысып, елдің сұранысын өтегенін атап өткен ләзім. Карантин кезінде компания тұрғындарға 3 мыңнан аса масканы тегін таратты. Тігін фабрикасының басшысы Гаухар Насырованың айтуынша, компанияның жұмысы негізінен төсек-орын жабдықтары мен киімдер шығаруға бағытталған. Өткен жылы бұл фабрика «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауында «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясын жеңіп алды.
Бүгінде елімізде жеңіл өнеркәсіп саласы өрге басқанымен, тоқыма өндірісінің адымы өте баяу. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында тоқыма өндірісіне қажет жіп иіру, киім тігу, өңдеу жұмыстарының жаңа технологиясы енгізіле бастады.
Жалпы, индустриялық аймақта ісі ілгері басқан кәсіпорындар көбейіп келеді. Алғашқыда әскери және арнайы киім тігумен айналысатындар көп болды. Ресейге мектеп оқушыларының киімдерін экспорттады. Бертін келе фабрика табиғи шикізат – түйе жүнінен, қой жүнінен жасалған көрпе-төсек бұйымдарын тігуге кірісті.
– 2016 жылдан бастап, бізідің мекеме швециялық «Икея» компониясымен бірлесіп жұмыс істей бастады. Өніміміздің 99 пайызы Ресейге, Еуропаға жіберіледі. Өзіміздің брендті шығару жұмысымен айналыстық. Қазір «Аруа», және «Суаф» деген екі брендіміз бар, – дейді кәсіпорын директорының орынбасары Шолпан Оразова.
Бүгінде Шымкенттегі кәсіпорын Қазақстан бойынша конвейерлік ағында қолданбалы материалдар шығаратын ең ірі тігін фабрикаларының бірі саналады. Кәсіпорында 250 адам жұмыс істейді. Бәрінің тәжірибесі мол, кәсіби шеберліктері шыңдалған. Келешекте мақта кластерін дамыту арқылы тоқыма өнеркәсібін жетекші салаға айналдырсақ деген мақсаты бар.
– Халыққа сапалы, қолайлы, бағасы қолжетімді бұйым шығару үшін бізде көп жағдай жасалған. Киімді пішу, тігу, сараптама, жинақтау операцияларының әрқайсысының сапа талаптары болады, – дейді технолог Әлима Серік.
Кәсіпорын толықтай Швецияның озық үлгідегі технологиясымен жабдықталған. Соған сай өнім көлемі 3 есеге артып отыр. Фабрика алдағы жылы тағы бір өндіріс цехын ашуды жоспарлауда.
ШЫМКЕНТ