Туризм • 08 Маусым, 2020

Мәдени туризмге мән беретін кез

1332 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Әлемді шарпыған пандемия бізге көп нәрсенің қадірін ұғындырған секілді. Карантинде біраз уақыт үйде қамалып отырып, кейін таза ауада серуендеуге рұқсат берілгенде, «Шіркін, өз еліміздің табиғатына, өз жерімізге жетер дүние жоқ екен ғой», десті талай жұрт.

Мәдени туризмге мән беретін кез

 

«Алтын Адамды» қашанғы аяққа таптаймыз?

Иә, енді қазақстандықтар шет­елге баруды мүлде доғармаса да, бұрынғыдай құмартпайтыны анық. Бұл – ішкі туризмді ілгерілетуге үлкен мүмкіндік. Туризмнің түрі көп. Соның бірі – мәдени туризм. Сол мәдени туризмді дамытуға қолайлы өңірдің бірі – Шығыс Қазақстан. Жидебай дейсіз бе, Берел дейсіз бе, Шілікті дейсіз бе, Ақбауыр дейсіз бе, Қоңыр әулие үңгірі дейсіз бе, Қиын Керіш дейсіз бе, жіпке тізе берсек, алысқа кетерміз, осынау қасиетті мекендердің барлығы облыс аумағында орын тепкен. Несін айтасыз, көрсе, көз тоярлық, көңіл тебірентерлік ғажайып жерлер. Алайда осы жерлерде алыс-жақыннан ат арытып келуші жұртқа тиісті жағдай жасалған ба? Осы сұрақ ойқастап алдымыздан шыққанда тағасыз тасқа салған тұлпардай тасырқап қалатынымыз рас.

Иә, өңірде туристерді апаруға, ұялмай көрсетуге болатын тарихи жерлер жетерлік. Мәселен, Катонқарағай ауданындағы Берел жазығына сондағы ғажайып жәдігерлерді көру үшін жыл сайын 50 мыңға жуық турист келеді. Қазір Берелге жұрт Алтайдың жұпар ауасымен тыныстай, әсем табиғатын тамашалай отырып шаршамай, шалдықпай жетеді. Себебі бұрынғыдай емес, жол әжептәуір түзелген. Жолай Оралхан Бөкей, Қалихан Ысқақ, Дидахмет Әшімхан сынды таланттар дүниеге келген ұлы таудың қолатындағы ауылдарды көреді. Маусым айында бұғылардың мүйіз кесу науқанын тамашалауға да мүмкіндік бар. Мұзтауға барамын десеңіз де еркіңіз. Бірақ ол жаққа жетудің маша­қаты көп. Әрине, Алтайдың артық­шылығы, ең әуелі – ғажайып табиғаты, сосын тамырлы тарихы. Туристер осы үшін де Алтайға асығады. Абай ауда­нын­дағы Абай, Шәкәрім сынды ұлылар мәңгілікке тыныс тапқан Жидебайға да қазір қиналмай барасыз. Семейден шық­қан соң Күшікбай кезеңіне бір тоқтап, қысы-жазы ағып тұратын мұздай бұла­ғына жуынып, бір сергіп, одан әрі Мұх­тар Әуезовтің туған мекені Бөріліге бір аялдап, ұлы Абайдың кіндік қаны там­ған Сырт Қасқабұлақ, Еңлік-Кебек ескерт­кіші мен Құнанбай бабамыз ұрпақ­тарымен жерленген Ақшоқыға бір ме­зірет етсеңіздер, Жидебайға қалай жеткен­деріңізді өздеріңіз де білмей қаласыздар.

Бір сүйінерлігі, Сырт Қасқа­бұлақ пен Ақшоқы биыл 175 жыл­дық мерейтой аясында абаттандырылып, көгалдандырылып жатыр. Келуші жұрт демалатын, зиярат жасайтын орындар әзірленуде. Бұған дейін жұрт Сырт Қасқабұлақ пен Ақшоқыға соқпастан бірден Жидебайға тартса, енді бағытын сәл өзгертіп, біз атаған мекендерге аялдайтыны анық. Тарбағатай ауданындағы Ырғызбай әулие кесенесіне келу­шілер қатары да аз емес.

Әсіресе әулие атындағы жыл сайын қазақ күресінен өте­тін халықаралық тур­нир Бар­қытбел баурайына турис­тердің көп­теп келуіне әсер ететін. Биыл пан­де­мияға байланысты үл­кен спорт­тық шараның өтетін-өтпей­тіні әзір­ге белгісіз. Бұл тарихи орындар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Шығыс Қазақстанның киелі жерлері» картасына енген.

Алайда осы тізімге енсе де, туристердің келуі үшін тиісті жағ­­­дай жасалмай отырған жер­лер де бар. Соның бірі – Зай­сан­ ауда­нындағы Шілікті жазы­ғы. 2003 жылы белгілі архео­лог Әб­деш Төлеубаев осы жазық­тан ел тарихындағы үшінші «Ал­­тын Адамды» тапқан болатын. Жер­гілікті жұрт «Бәйге тө­бе» (оның астында бабалары жат­қа­нын қайдан білсін?!) атап кеткен қор­ғаннан сол кезде 4303 дана алтын бұйым шығып, ес­кертк­іш құнды жәдігерлерінің мол­дығымен елді таңдандырған еді. Осыдан 3 жыл бұрын жұмыс сапарымен Зайсан ауданына жол түскенде Шіліктінің даңқын шы­ғарған «Алтын Адам» табылған жерге тағзым етпегеніміз жөн болмас деп қасиетті орынға соққаным бар-ды. Сондағы көрініс әлі күнге дейін көз алдымда. Қорған Жалши ауылынан 2 шақырым жерде ор­наласқан екен. Тарихи мекенге ал­ғаш рет табан тірегендіктен іштей «Алтын Адам» табылған жер со­на­дайдан менмұндалап көзге түсетін шығар, сырты қоршалып, арнайы белгі қойылған болар» деп ойлағанмын. Алайда ауыл тұрғындарының бірі арнайы апарып көрсетпесе, сырттан келген жұрт байқамай, елемей өте шы­ға­тындай жай төбелердің бірі се­кілді көрінгені рас. Ауылдағы аға­йынның бабалар сүйегі жерленген қорымның үстіне күл төбе­нің үстіне шыққандай көлік­пен емін-еркін шыға беретіні де көңіл­ге кірбің түсіргенін несі­не жасырайық?! Бұл жер әлі сол қалпында тұр. Сырты қоршал­мағандықтан жергілікті жұрт «Ал­тын Адам» табылған қасиетті төбені аяққа таптап жүр. Осыдан біраз жыл бұрын облыс әкімі Даниал Ахметов осында аспан астындағы музей салынатынын айтып еді. Әзірге құрылыс жұмыс­тарының бас­талғаны байқалмайды. Алайда былтыр Шілікті қорғаны филиал ретінде «Берел» қорық-музейіне қосыл­ғанын естігенбіз.

 

Ерекше ескерткіштерге толы Елеке сазы

Шығыс Қазақстандағы соңғы жыл­дары құнды жәдігерлер шы­ғып, ел назарын аудара бастаған тарихи жерлердің бірі – Тарбағатай ауданындағы Елеке сазы жайлауы. Елеке сазы ескерткіштерін ең ал­ғаш зерттеген тарбағатайлық ар­хеолог Ерден Оралбайдың ай­туынша, бұл аумақта 300-ден астам қорған бар. «2018 жы­лы ұстазым, белгілі археолог Зей­нолла Самашев Елеке сазы жай­лауынан тоналмаған «Алтын Адамды» тапты. Осыдан кейін бұл жаққа елдің назары ауа бастады. Расында, Елеке сазының туристік әлеуеті жоғары. Жоғары болатыны, мұндағы ескерткіштер сан алуан. Құрылыстары да өзгеше. Қола дәуірінен бастап сақ, ғұн-үйсін, көне түркі дәуіріне дейінгі ескерт­кіштер шоғыры орналасқан. Мұн­дай ескерткіштер елімізде си­рек кез­деседі. Екіншіден, бұл жер­дің табиғаты да ғажап. Жайлау ғой. Сарқырап өзен ағып жатыр. Де­малыс үйлерін салып, жаз ке­зінде бие байлап қойса, қандай ғажап! Мені археолог ретінде алаңдататын бір дүние, қазір тонаушылар көп. Дәл қазір Елеке сазында күзет болғандықтан олар бара алмай жүр. Ертең не болары белгісіз. Сондықтан бұл жер мем­лекет қамқорлығына алынып, қаз­ба жұмыстары жүргізілген қор­ғандар қоршалып, Берелдегі сияқ­ты қорық-музей ашылса, жақсы болар еді», дейді археолог.

Елеке сазы Тарбағатай ауда­ны­ның орталығы – Ақсуат ауы­­­лынан 90 шақырым жерде ор­на­ласқан. Жолы тәуір деуге кел­мейді. Археолог Ерден Орал­бай осы жолды әзірге асфальттамаса да тегістеп, ретке келтірсе, ақы­рындап туристерді әкеле беруге болады деген ойда. Оның ойын­ша, Тарбағатай ауданының та­рихи орындары негізінде ту­ристік маршрут түзуге болады. «Мәселен, туристер ең әуелі Ыр­ғызбай әулие кесенесі мен Бөрі Тос­тағанды тамашалап, содан соң Елеке сазына барса болады. Қажет болса, оларды Елеке сазының бер жағындағы қыстақтарға тоқтап, машинадан түсіріп, әрі қарай атпен апару да көп қиындық тудырмайды. Сонда олар табиғатты да тамашалауға мүмкіндік алар еді» дейді ол.

Елеке сазынан «Алтын Адам­ды» тапқан белгілі архео­лог Зей­нолла Самашев бұл жақ­қа ту­ристерді тарту үшін инфра­құ­ры­лым дұ­рыс болуы қажеттігін айтады. «Еле­ке сазы жайлауының аума­ғы өте үлкен. Барлығын қор­шау мүмкін емес шығар. Ең әуелі қазылған қорғандарды жақ­сы­лап қоршауымыз керек. Әрине бірінші кезекте «Алтын Адам» шыққан қорған қоршалып, үс­тіне Берелдегідей саркофаг­ са­лынса, жақсы болар еді. Осы орай­да біз арнайы жоба әзір­­­леп, облыстық Мәдениет бас­­­қар­­­масына тапсырғанбыз. Ұсы­­­ны­сымызды облыс әкіміне де айт­­­қанбыз. Былтыр осы аумақтан көне түркі кезеңіне тиесілі кешен табылды. Бұл, енді ғажап ес­керткіш. Елімізде баламасы жоқ. Қазба жұмыстарын биыл жал­ғастырамыз. Сөз жоқ, бар жағдайды жасаса, Елеке сазы турис­­тер үшін таптырмайтын орын­ға айналатыны анық. Жақсы жар­нама керек. Туризмге жан-жақ­ты қараған жөн. Ғылыми туризм деген де бар. Бұл жаққа Өс­кемен арқылы ма, Аягөз арқылы ма, әлде Ақсуат арқылы ма, әй­теуір арнайы маршрут қажет. Жол бойында кемпингтер, тамақ іше­тін жерлер болса, туристер неге келмейді?! Мәселен, Берелге адамдар ағылып келгенімен жай ғана балалар балмұздақ алып жейт­ін дүкен жоқ. Ұсақ-түйек деп қарамай, осы жағына да мұқият мән беру керек. Елеке сазы үшін бәрінен де маңыздысы, бұл жерде қорық-музей ашылуы қажет. Ең әуелі осы мәселені шешкен жөн», дейді археолог.

 

Жер астындағы Жетіжар қалашығы

Облысымыздағы көп жұртқа әзірге беймәлім, бірақ құпиясы мол тарихи орындардың бірі –  Бес­­қарағай ауданының Жетіжар ауылының маңынан табылған, Беғазы-Дәндібай мәдениетіне жа­татын көне шаһардың орны. Бұл – бұдан 3-3,5 мың жылдан ас­там уақыт бұрын, Троя соғысы ке­зінде, сонау қола дәуірінде Шы­­­ғыс Қазақстан жерінде, Ер­тіс­тің жағасында тұрғызылған қала­шық. Бұл тарихи мекенді кере­кулік археолог, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті археологиялық зерт­теулер орталығының директоры Виктор Мерц бірнеше жылдан бері зерттеп жүр. Жиырма жылға жуық уақыттан бері осы іспен жа­нын сала шұғылданып жүрген ғалымның сөзіне сенсек, шамамен біздің дәуірімізге дейінгі XIII-XIV ғасырларда тұрғызылған, кейінгі қола дәуіріне тиесілі ежел­­гі протоқалашық Қазақстан ғана емес, оңтүстік-батыс Сібір ай­ма­ғындағы осындай үлгідегі ескерт­кіштер арасындағы ең ірі қоныс саналады. Археологтің пайы­мынша, еліміздің аумағында қола дәуірі кезінен сақталған мұн­дай қалашық жоқ. В.Мерц осы уақытқа дейін тек Жеті­жар қонысының өзінен 500-ден ас­там қыш, тас, сүйек және қола бұйымдарды тауыпты. Ал Жеті­жар ауылына жақын Қа­ра­оба жерлеу кешенінен 50 мың­­ға жуық қыш сынықтарын кез­дестіріпті. Бесқарағай жерінен табылған құн­ды жәдігерлердің барлығы қазір Павлодардағы жо­ғарыда аталған оқу орнының архео­логиялық зерттеулер орта­лығында сақтау­лы тұрған көрінеді. «2018 жы­лы Бесқарағайға Ан­глия­­ның Кем­бридж универ­сите­ті­нен Дэниел Лоуренс есім­ді әріп­тесі­міз келіп, Жетіжар қо­ны­сы­на гео­физикалық зерттеу жүр­гізді. Соның нәтижесінде ар­хео­логия­лық аумақтың нақты өл­ше­мін анықтадық. Сөйтіп ес­керт­кіш­тің 100 гектардан ас­там жерді алып жатқанына көз жеткіздік. Есте жоқ ескі заман­дағы шағын қалашықтың осынша аумақты алып жатқанына, ғимараттардың санына, өзгеше сәулетіне қарап, бұл жерде ірі саяси-әкімшілік, экономикалық, өндірістік, діни және қолөнер орталығы болған деген болжам жасап отырмын. Бұл аумақта сол кезеңнің астанасы орналасуы да ғажап емес», дейді археолог.

Өкінішке қарай құпия-сы­ры әлі толық ашылмаған ес­керт­­кішке облыс тарапынан еш­қандай көңіл бөлінбей отыр. Археолог ұсынған жобалар да назардан тыс қалған. Ал осы ескерткішті бірнеше жылдан бері ерінбей-жа­лықпай, өз күшімен, ын­та-жігерімен зерттеп жүр­ген ке­рекулік археологтің ен­дігі ойы, жоба-жоспары мынадай: «Бұл жер­дегі қоныстарды, қорымдарды басқа қорғандарды зерттегендей жай ғана зерттеуге, бірден қазба жұмыстарын бастап кетуге болмайды. Үлкен жұмысты ежелгі қаланың орны табылған Жетіжар қонысынан бастау керек. Ең әуелі осы қо­ныстағы жоғарыда айтып өтк­ен жеке дара тұрған ғимаратты зерттеуден бастағанымыз жөн. Мұны тез арада музейлендіру қажет. Бұл ғимарат қазақстандық археологияның брендіне айналуы мүмкін. Мұндай өзгеше ес­керткіш елімізде жоқ. Зерттеуді бас­тамас бұрын осы нысанның үстіне ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне енген Түркияның Чатал-Хююк және Сербияның Лепенск-Вир ескерткіштері се­кілді үлкен шатыр орнатылса, игі  істердің бірі болар еді. Сол кезде қазба жұ­­­­мыстарын кез келген уақытта алаңсыз жүргізе беруге болады. Ескерткіш те бұзылмайды. Ту­ристерге де көрсетуге болады. Қа­зір қалған нысандарға тиісудің қа­жеті жоқ. Құр қазғаннан еш­теңе өнбейді. Бұзып аламыз. Ең үлкен міндет – ескерткішті сақ­тау. Ес­керткішті сақтай алсақ қа­­на ежел­гі өркениетті күллі әлем­ге паш ете аламыз», деген ар­­хеолог зерттеу жұмыстарын шетел­дік әріптестерімен бірлесе жал­ғастыра беретінін, дегенмен об­лыс басшылығы тарапынан қол­дау күтетінін де жасырмады.

 

Шығыс Қазақстан облысы