«Қазмедиа» орталығында өткен кеңеске онлайн байланыс арқылы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан алқалы топ қосылды. Отырыстың кіріспесі ретінде көпшіліктің назарына арнайы дайылдалған бейнематериал ұсынылды. Жиынды белгілі журналист, Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп жүргізіп отырды.
Алдымен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева сөз алды:
– Осы күні қоғамды да, адамды да ақпарат құралдарынсыз елестету мүмкін емес. Ал енді БАҚ-тың мемлекеттік жүйедегі рөлі туралы айтып тауысу – бір іс-шараның шеңберіндегі шаруа емес. Оны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Сондықтан да біздің бүгінгі дөңгелек үстеліміздің басты мақсаты – осы саладағы барлық мәселені талқыға салып, мүмкіндігінше ең өзекті сұрақтарға шешім табу. Сөз жоқ, министр ретінде мен үшін өздеріңіз сияқты ақпарат пен идеология саласының майталман мамандарының ой-пікірі өте маңызды, – деді министр.
А.Балаева Мемлекет басшысының «Елдегі әлеуметтік-саяси өзгерістер жағдайында журналистік қауымдастықтың рөлі айтарлықтай артады, журналистердің жауапты азаматтық ұстанымы, олардың кәсібилігі, шыншылдығы – табысты жұмыстың кепілі» деп бір жыл бұрын айтқан сөзін еске салып, бүгінде бұл сөздің салмағы одан сайын артқанын атап өтті.
– Бүкіл әлемді дүрліктірген коронавирус індеті елімізге таралып, төтенше жағдай жарияланған кезде біздің журналистеріміз де дәрігерлер, полицейлер және әскерилермен қатар өз азаматтық позицияларынан айнымай, қауіптің алғы шебінде жүрді, халықты шынайы ақпаратпен қамтамасыз етіп отырды. Журналистерге қосымша санитарлық қауіпсіздік шаралары жасалмаса да, тілшілер қауымы мен қаншама техникалық қызметкер өз кәсібіне адал еңбек етті. Сол үшін де сіздерге, бүкіл ақпарат саласында қызмет ететін қауымға шынайы алғысымды білдіремін. Министрлік өз тарапынан елміздің бұқаралық ақпарат құралдарының пандемия кезіндегі экономикалық қиындықтарын еңсеруге қолдау көрсету бағытындағы бірқатар шараларды әзірледі. Үкімет тарапынан жасалатын бұл қолдау аясында, салық және міндетті аударымдарға байланысты уақытша жеңілдіктер қарастырылып отыр, – деді ол.
Сондай-ақ коммерциялық теле-радиоарналардың аналогтық және эфирлік хабар тарату қызметтері үшін ақы төлеуі бойынша қолдау ұсынылмақ. Бұл шара телерадио компаниялардың қарыздарын жауып, коммерциялық телеарналардың хабар таратуын сақтауға және елдің, әсіресе шекара маңындағы өңірлерде ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұдан кейін ведомство басшысы министрліктің таяу болашақтағы жоспарларымен таныстырды. Оның айтуынша, саладағы барлық бастама 2020-2022 жылдарға арналған «Ақпарат саласын дамытудың ұлттық жоспары» деп аталатын үлкен бір құжатқа біріктірілген және Үкімет бекіткен. Соған сәйкес отандық ақпарат кеңістігін дамытудың үш негізгі бағыты анықталған.
Біріншісі – бұл бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Ол үшін мемлекеттік қолдаудың бірқатар тәсілдері қайта қаралады. Бұл, ең алдымен өңірлердегі мемлекеттік ақпараттық тапсырысты жетілдіруге қатысты болып отыр. Бұған қоса талдамалық және мультимедиялық контенттің үлесін арттыру арқылы мемлекеттік тапсырыстың тиімділігін жетілдіруді қолға алынбақ. Өз кезегінде бұл қадам отандық БАҚ сапасын арттыру бойынша тағы да бірқатар шараларға түрткі болғалы тұр.
Екіншісі – адами капиталды дамыту. Бұл – кадрларды даярлау жүйесіне қатысты мәселе. Министр мұның мақсатын кадр сапасына баға беру емес, жаңа да жасампаз жол іздеп, деңгейін көтеру екенін атап өтті.
– Дәл қазіргі кезде бізде экономика, медицина, қаржы жүйесі және тағы да басқа күрделі тақырыптарды алып жүретін білікті журналистер жоқ. Редакциялар мұндай міндетті жалпы тәжірибесі бар мамандарға жүктеуге мәжбүр. Нәтижесінде, сапасыз контент, қате ақпарат тарап жатады. Сондықтан да бұл мәселелерді шешуде Ұлттық жоспар аясында құрылатын мультимедиялық білім беру тұғырнамасы үлкен рөл атқарады. Оның ішінде жас мамандарға арналған гранттық бағдарламаларды ерекше айтқым келеді. Оны әзірлеуге және іске асыруға журналистика және білім беру саласындағы жетекші сарапшылар тартылады, – деді Аида Балаева.
Үшіншісі – ақпарат саласындағы заңнама мен құқықтық мәселелер. Осы бағытта шетелдік телеарналар провайдерлері мен продакшн-компаниялардың қызметін жүзеге асырудың құқықтық мәртебесі мен тәртібін айқындау; отандық БАҚ-та жарнама үшін тауарлар мен қызметтердің тізбесін кеңейту жөніндегі заңнамалық шаралар; телерадио хабарларын тарату саласында конкурстар өткізу рәсімдерін жетілдіру; журналистерді аккредитациялау рәсімін қайта қарау жөніндегі шаралар іске асырылады. Сондай-ақ бірқатар ескірген заңнамалық актілер мен ережелерді қайта қарап, өзгерістер енгізуге болады.
Бұдан кейін келелі жиынға қатысып отырған қауымға сөз беріліп, пікірлері тыңдалды. Бұл қатарда Парламент Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай, белгілі жазушылар Дулат Исабеков пен Төлен Әбдік өз ойларын ортаға салды. Дулат Исабеков әр салаға жеке маманданған журналистер қажет екенін айтты.
– Бізде журналист көп, бірақ әр салаға байланысты журналистерді даярлай алмай келе жатырмыз. Бізде бір журналист шаруа қожалығы туралы бір хабар берсе, ертесіне сол журналист
театрдан жаңалық айтып тұрады. Мысалы, Ресей телеарналарында спорттың әр түріне маманданған журналистері бар. Баскетболдан репортаж жасаған журналист ертесіне теннисті жүргізбейді. Ал біздің журналистер – әмбебап. Осының жігін ажырату керек, – деді ол.
Ал Төлен Әбдік журналистикаға еркіндік қажет екенін айтса, Парламент Сенатының депутаты Дана Нұржігіт ағартушылық бағыттағы телебағдарламаларды білім беру жүйесіне енгізу керек деген ой білдірді. Бұдан басқа да бірқатар тұшымды пікірлер ортаға салынды.
Отырысты қорытындылған А.Балаева айтылған ақыл-кеңестер, парасатты пікірлер мен тәжірибелік мазмұны зор ұсыныстар ортақ мақсат үшін аса маңызды екенін айтып, осындай форматтағы кездесуді тұрақты өткізіп отыруды ұсынды.